22.09.2022 |
![]() |
2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді
2022 жылғы 22 қыркүйекте Нұрлан Әбдіровтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, оған саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, Бас прокуратураның, ақпарат және қоғамдық даму және ішкі істер министрліктерінің өкілдері, бейнеконференцбайланыс режимінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.
Отырысты ашқан Ортсайлауком Төрағасы Н.Әбдіров Қазақстан Республикасы Президентін сайлау ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси оқиға болып табылатынын атап өтті. «Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын тағайындаумен сайлау циклі басталады, ол саяси жүйені жаңғыртуға негізделген және маусым референдумында азаматтардың көпшілігі қолдаған конституциялық реформаның логикасына толық сәйкес келеді»,- деді Нұрлан Әбдіров.
Отырыста үш мәселелер қаралды:
1. Сайлаудың күнтізбелік жоспарын Ортсайлауком төрағасының орынбасары Константин Петров ұсынды.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 51-1-бабының 1-тармағына сәйкес Президенттің кезектен тыс сайлауы Республика Президентінің шешімімен тағайындалады және тағайындалған күнінен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 66-1-бабы науқанның жекелеген кезеңдерінің ұзақтығын айқындау үшін негіз болып табылады.
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының іс-шараларын өткізу мерзімін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.
2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың
күнтізбелік жоспары қолданыстағы сайлау туралы заңнамаға сәйкес әзірленді.
Мәселен, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттарды ұсыну а.ж. 23 қыркүйекте басталып, 11 қазан сағат 18.00-де аяқталады.
Президенттікке кандидаттарды ұсыну құқығы республикалық қоғамдық бірлестіктерге тиесілі. Ұсыну туралы шешім республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.
Конституция және «ҚР сайлау туралы» КЗ сәйкес кандидаттарға қойылатын талаптар:
- тумысынан Республика азаматы болуға тиіс;
- ҚР аумағында соңғы он бес жыл бойы тұруға тиіс;
- жоғары білім;
- қырық жасқа толған;
- белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс;
- мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуға тиіс;
- мемлекеттік тілді еркін меңгеруi тиіс.
Президенттікке кандидаттарды қолдау үшін облыстар, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кем дегенде 2/3 атынан теңдей өкілдік ететін сайлаушылар санының кем дегенде 1% қолын жинау қажет. Ағымдағы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы сайлаушыларының тізіліміне дауыс беру құқығы бар 11 827 277 азаматты енгізді. Осылайша, әр кандидатты қолдау үшін сайлаушылардың 118 273 сенімді қолы жиналуы керек.
Сайлау алдындағы үгіт тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін басталып, 2022 жылғы 19 қарашада сағат 00-00-ге дейін жалғасады.
Дауыс беру 2022 жылғы 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша 07-00-ден 20-00-ге дейін өтеді. Әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша дауыстарды санау нәтижелері аумақтық комиссиялардың отырыстарында белгіленеді және ОСК-ға екі күндік мерзімде (а.ж. 22 қарашасынан кешіктірмей) жеткізіледі.
Сайлау қорытындыларын белгілеуге және жариялауға, сайланған Президентті тіркеу Орталық сайлау комиссиясы сайлаудан кейін 10 күннен аспайтын мерзімде көзделген.
Дауыс беру күнін қоса алғанда, жарлық жарияланған күннен бастап 60 күннің ішінде: ұсыну кезеңі 19 күнге созылады; қолдардың сәйкестігін анықтау, беру, жинау және тексеру - 29 күн; сайлау алдындағы үгіт - 28 Күн; 19 қараша - тыныштық күні; 20 қараша - дауыс беру күні; қорытындыларды белгілеу және сайланған Президентті тіркеу – 7 күннен аспайды; бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау қорытындылары туралы хабарды сайлау өткізілген күннен бастап 10 күннен кешіктірмей, яғни 30 қарашадан кешіктірмей жариялау.
Қ.Петровтың сөзінің қорытындысы бойынша «2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекіту туралы» ҚР ОСК қаулысы қабылданды.
2. ҚР ОСК Хатшысы Мұхтар Ерман шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар байқаушыларының, шетелдік БАҚ өкілдерінің қызметін ұйымдастыру туралы баяндама жасады.
Мұхтар Ерман өз сөзінде Қазақстан Республикасы көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі ретінде халықаралық байқау институтын ашу жөніндегі өзінің халықаралық міндеттемелерін үнемі орындап жатқанын атап өтті.
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушылары Орталық сайлау комиссиясымен Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша аккредиттеледі.
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың аккредиттелген байқаушыларына олардың сайлау науқанын өткізу кезеңіндегі қызметі үшін негіз болып табылатын, ОСК белгілеген үлгідегі аккредиттеу куәлігі беріледі. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ҚР СІМ берген аккредиттеу туралы куәлік болған кезде сайлауды байқауды жүзеге асыра алады.
Байқаушылар Қазақстан Республикасының заңнамасын немесе халықаралық құқықтың жалпыжұрт таныған нормаларын бұзған жағдайда, тиісті сайлау комиссиясы орталық сайлау комиссиясына шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның байқаушысын аккредиттеуді кері қайтарып алу туралы ұсыныс енгізуге құқылы.
Орталық сайлау комиссиясы шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның байқаушысын аккредиттеуді тиісті шет мемлекеттің, халықаралық ұйымның өтініші негізінде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша кері қайтарып алуы мүмкін.
Аккредиттеуді өткізу дауыс беру күніне бес күн қалғанда, яғни 2022 жылғы 14 қарашада елорда уақыты бойынша 18.00-де аяқталады.
М.Ерманның сөз сөйлеуінің қорытындысы бойынша ҚР ОСК «Шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар байқаушыларының, шетелдік БАҚ өкілдерінің қызметін ұйымдастыру туралы» қаулысы қабылданды.
3. Отырыстың үшінші сұрағы бойынша ҚР ОСК мүшесі Сабила Мұстафина сөз сөйледі.
Ол Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына дайындық кезеңінде сайлау комиссияларының мүшелері мен сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқыту шеңберінде ҚР ОСК бірқатар онлайн және оффлайн іс-шаралар, оның ішінде Ортсайлауком интернет-сайтының платформасында іске асырылатын қашықтықтан оқыту және тестілеу өткізілетінін хабарлады. Электораттық оқытуды жүргізу кезінде төмен тұрған сайлау органдарының жоғары тұрған сайлау органдарының оқытуды жүргізуін көздейтін каскадты әдіс қолданылатын болады.
Орталық сайлау комиссиясының базасында президенттікке кандидаттардың сайлау алдындағы науқанының ұйымдастыру-рәсімдік мәселелері бойынша сайлау алдындағы штабтар мен сенім білдірген адамдар үшін оқыту семинар-кеңестері өткізілетін болады.
Сайлау процесіне қатысушыларды электораттық оқыту алаңдарының бірі мемлекеттік басқару Академиясы жанындағы электораттық оқыту орталығы болды.
Осылайша, электораттық оқыту орталығында келесі семинарлар жоспарланған:
- бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері (қыркүйек);
- саяси партиялардың өкілдері (қыркүйек);
- аймақтық колл-орталықтардың қызметкерлері (қазан);
- электоралды заңгерлер (қазан);
- жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері (қараша);
- құқық қорғау және сот органдарының қызметкерлері (қараша).
АҚДМ бірлесіп оффлайн және онлайн форматтарда:
- бұқаралық ақпарат құралдарының;
- үкіметтік емес ұйымдардың;
- дауыс беру күні сайлауды байқауға қатысуға ниеттенген қоғамдық бірлестіктердің республикалық және өңірлік өкілдеріне арналған оқыту семинарлары жоспарлануда.
Аталған сайлау науқанында каскадты оқытуды жүзеге асырудың алгоритмі келесі жоспарды қамтиды:
ағымдағы жылғы 1 қарашаға дейін - аумақтық сайлау комиссияларының құрамдарын оқытуды аяқтау;
ағымдағы жылдың 18 қарашасына дейін - учаскелік сайлау комиссияларының барлық мүшелерін оқыту.
Учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту әдістемесі практикаға бағдарланған сипатта болады, өткен сайлау науқандарында орын алған күрделі жағдайларды талдай отырып кейстер пайдаланылатын болады.
Ортсайлаукомның интернет-ресурсында учаскелік және аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері үшін, халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушылары, БАҚ өкілдері, кандидаттар, сенім білдірілген адамдар, мүгедектігі бар адамдар үшін әдістемелік құралдар жарық көретін болады.
Сайлаушылармен ақпараттық, түсіндіру және жұмылдыру сипатындағы жұмыс үшін роликтер, сондай-ақ дауыс беру күні сайлауды ұйымдастырушылардың жұмысы туралы оқу фильмін дайындау жоспарлануда.
С. Мұстафинаның сөзінің қорытындысы бойынша «2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауына дайындық кезеңінде сайлау комиссияларының мүшелері мен сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру туралы» ҚР ОСК қаулысы қабылданды.
Отырыс барысында ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқанын қатаң түрде заңнамаға сай өткізуді қамтамасыз ететінін және салауатты әрі адал бәсекелестік үшін барлық жағдай жасайтынын атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өтті, онда ҚР ОСК мүшелері БАҚ сұрақтарына жауап берді.
___________________