Фотогалерея


ҚР сайлау жүйесі


Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі


Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы мемлекеттік билікті ұйымдастырудың негізгі қағидаты ретінде ерікті сайлауды, ал егемендікке ие әрі мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі - халық екенін анықтады. Қазақстан Республикасы - президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет.

Демократиялық сайлау – бұл бәсекелі, мерзімді және өкілдік сайлау, оның процесінде кең еркіндікке ие азаматтар билік құрылымдарына өздерінің өкілдерін балама негізде сайлайды. Бәсекелі сайлау сайлауға түрлі партиялардың және кандидаттардың қатысуына кепілдік береді. Олардың барлығы сөз, жиналыс, қозғалыс бостандығын, олардың саяси көзқарастарының естілуі үшін және олар сайлаушыларға балама кандидаттарды ұсына алуы үшін қажеттінің барлығын пайдалана алады. Қазақстан Республикасының заңнамасы сайлаудың мерзімділігін, билік органдарында елдің әр түрлі әлеуметтік топтарының өкілдігін қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабы Қазақстан Республикасының он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына кепілдік береді. Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқы жоқ.

Қазақстан беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі бола отырып, өзі қабылдаған ерікті және бәсекелі сайлау өткізу жөніндегі барлық міндеттемелерді ұстанады. Мемлекет Басшысын сайлау және Қазақстан Республикасының Парламентін, сондай-ақ жергілікті өкілді органдарды құру біздің елімізде ұлттық заңнамаға және Жалпыға бірдей адам құқығы декларациясына (1948 ж.), Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге (1966 ж.), Еуропалық адам құқығы мен негізгі бостандықты қорғау туралы конвенциясына (№1 Хаттама, 1952 ж.), ЕҚЫҰ-ның Копенгаген кеңесінің құжатына (1990 ж.) енгізілген демократиялық сайлаудың жалпыға танымал принциптеріне сәйкес ашықтық және жариялық жағдайларында өтеді.

Сайлау және сайлану құқығы 1995 жылғы қыркүйекте қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда реттелген.

Конституцияның және аталған заңның ережелеріне сәйкес Президентті, Парламент Мәжілісі мен жергілікті өкілді органдар депутаттарын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жергілікті органдарының мүшелерін сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жағдайында өткiзiледi.

Қазақстан Республикасының Президенті бес жыл мерзімге сайланады.
           Республика Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген әрі Қазақстанда соңғы он бес жыл тұратын Республика азаматы сайлана алады.

Қазақстан Республикасының Парламенті елдің жоғары өкілетті органы болып табылады және тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады. Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады.

Сенатты 49 депутат құрайды. Қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын Мемлекет Басшысы тағайындайды. Сенаттың тағы 34 депутаты, әр облыстан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан екі адамнан сайланады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Сенат депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жолымен жүзеге асырылады. Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс стажы бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады.

Мәжіліс жүз жеті депутаттан тұрады, олардың тоқсан сегізі Парламент Мәжілісі депутаттарын партиялық тізімдер бойынша тепе-теңдік сайлау жүйесі бойынша сайланады, тоғыз депутатты Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Жасы жиырма беске толған адам Мәжіліс депутаты бола алады. Саяси партиялар Парламенттің төменгі палатасының құрамын сайлаудың тепе-тең жүйесі арқылы (партиялық тізім бойынша) құрады.