| 11.04.2022 |
|
2022 жылғы 11 сәуір күні 2022 жылғы 28 сәуірге тағайындалған, Мәжілістің шығып қалған депутатының орнына Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын депутатты сайлау жөніндегі Ортсайлаукомның отырысы өтті
2022 жылғы 11 сәуірде Нұрлан Әбдіровтың төрағалығымен Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, келесі мәселелер қаралды:
1. 2022 жылғы 28 сәуірге тағайындалған, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің шығып қалған депутатының орнына сайлауға Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттарды тіркеу туралы;
2. 2022 жылғы 28 сәуірге тағайындалған, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің шығып қалған депутатының орнына Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын депутатты сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған сайлау бюллетені туралы.
Отырысқа Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко және бейнеконференция байланысы режимінде аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Бақыт Бектемісова қатысты.
Отырыстың бірінші мәселесі бойынша ОСК Төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады.
Өз баяндамасында ол «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 87-бабының 4-тармағына сәйкес кандидаттарды ұсынуды Ассамблея Кеңесі 2022 жылғы 29 наурыз бен 7 сәуір аралығында жүргізгенін атап өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің шешімімен Парламент Мәжілісінің депутаттығына 2 кандидат ұсынылды:
1) Кузиев Закиржан Пирмухамедович – 1969 жылы туған, ұйғыр, «Универсал» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы, Алматы қаласында тұрады;
2) Тварионас Виталий Ионо – 1964 жылы туған, ұлты литвалық, «Викинг» «Мемлекеттік емес күзет құрылымы» ЖШС заңгері, Қарағанды қаласында тұрады.
2022 жылғы 6 сәуірде Орталық сайлау комиссиясына мынадай құжаттар ұсынылды:
- екі кандидатты ұсыну туралы Ассамблея Кеңесінің 2022 жылғы 5 сәуірдегі хаттамасынан үзінді көшірме;
- азаматтардың депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсуге келісімі туралы өтініштері;
- Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған адамдардың өмірбаяндық деректері;
- 2022 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша кандидаттар мен олардың жұбайлары (зайыптары) активтері мен міндеттемелері туралы декларациялар тапсырғаны туралы мемлекеттік кірістер органының анықтамалары.
Ортсайлауком уәкілетті органдарға ҚХА Кеңесі ұсынған кандидаттардың Конституцияның және Сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін тексеру туралы сұрау салулар жіберді.
Конституцияның 51-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады. Жасы жиырма беске толған адам Мәжіліс депутаты бола алады.
Сондай-ақ азаматтың Конституцияның 33-бабының 2 және 3-тармақтарына және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес белсенді сайлау құқығы болуға тиіс:
Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға құқығы жоқ.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына мыналар кандидат бола алмайды:
1) заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам;
2) сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауда кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам.
Ішкі істер министрлігі, Бас Прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті ұсынған мәліметтер негізінде ОСК хаттамасында ҚХА Кеңесі ұсынған кандидаттар оларға Конституциямен және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен қойылатын талаптарға сәйкес келетіні белгіленген.
Осыған байланысты Ортсайлауком мүшелері «2022 жылғы 28 сәуірге тағайындалған, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің шығып қалған депутатының орнына сайлауға Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттарды тіркеу туралы» қаулы қабылдады.
Қаулыға сәйкес Кузиев Закиржан Пирмухамедович пен Тварионас Виталий Ионо шығып қалғанның орнына Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кандидаттар ретінде тіркелді. Тіркелген кандидаттар сайлау бюллетеніне енгізіледі.
Отырыстың екінші мәселесі бойынша Ортсайлауком хатшысы Мұхтар Ерман сөз сөйледі.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 12-бабының 6) тармақшасына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы өз өкілеттіктеріне сәйкес Парламент сайлауы бойынша дауыс беруге арналған бюллетеньдердің нысанын, оларды дайындау тәртібін, сондай-ақ қорғалу дәрежесін белгілейді. Сайлау бюллетенінің қорғалу дәрежесі әрбір сайлау науқаны үшін белгіленеді.
Сайлау бюллетеніне мемлекеттік тілдің әліпбилік ретімен тегі, аты, әкесінің аты көрсетілген барлық тіркелген кандидаттар және «бәріне қарсымын» жолы енгізіледі. Сайлау бюллетеньдері мемлекеттік тілде және орыс тілінде басылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінің нысаны Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 23 тамыздағы №11/192 қаулысымен бекітілген.
Сайлау туралы Конституциялық заңның 37-бабына сәйкес сайлау бюллетеньдері сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызы резервімен дайындалады. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутатын сайлау жөніндегі сайлаушылар тізіміне Ассамблеяның 527 мүшесі кіреді.
Сайлау туралы Конституциялық заңның нормаларын негізге ала отырып, «2022 жылғы 28 сәуірге тағайындалған, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің шығып қалған депутатының орнына Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын депутатты сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған сайлау бюллетені туралы» қаулы қабылданды.
Ортсайлауком дауыс беруге арналған сайлау бюллетенінің мәтінін бекітуге және оның қорғалу дәрежесін белгілеуге қаулы етті.
Қаулыға сәйкес, дайындалуға жататын сайлау бюллетеньдерінің саны, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелерінің жалпы санының бір пайызын құрайтын резервті қоса алғанда, 532 бірлікті құрап отыр.
Орталық сайлау комиссиясының аппараты сайлау бюллетеньдерін Нұр-Сұлтан қаласының сайлау комиссиясына 2022 жылғы 26 сәуірден кешіктірмей жеткізуді қамтамасыз етеді.
ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко ОСК мүшелерін Мемлекет Басшысының Өкімімен ағымдағы жылғы 28 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының отызыншы сессиясы тағайындалғаны туралы хабардар етті, онда шығып қалғанның орнына Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутатын сайлау өтеді.
Нұр-сұлтан қаласының АСК төрайымы Бақыт Бектемісова елорданың сайлау комиссиясы алдағы сайлауға дайындық және оны өткізу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдап жатқанын баяндады.
Отырыс соңында Ортсайлауком Төрағасы Нұрлан Әбдіров шығып қалғанның орнына Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутатын сайлау барысы қатаң түрде сайлау заңнамасына сай және барлық сайлау рәсімдері сақтала отырып өтуі тиіс екенін атап өтті.
Атап өту қажет, үміткерлерді тіркеу 12 сәуір күні сағат 18.00-де аяқталады. Кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен бастап үгіт кезеңі басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күні – 27 сәуірде жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
Баспасөз қызметі
тел.: 75-23-69
v.zheksembekova@election.gov.kz
a.berdibekov@election.gov.kz
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы







