| 17.03.2022 |
|
Ортсайлауком Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің шығып қалған депутатының орнына сайлауды 2022 жылғы 28 сәуірге тағайындады
2022 жылғы 17 наурызда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Леонид Прокопенко қатысты.
Отырыста келесі мәселелер қаралды:
1. «Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің шығып қалған депутатының орнына сайлауды тағайындау туралы»;
2. «Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің шығып қалған депутатының орнына сайлау құжаттарының нысандарын бекіту туралы»;
3. «2022 жылғы 28 сәуірге тағайындалған сайлауда Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың шығыстар мөлшерін белгілеу туралы».
Нұрлан Әбдіров отырысты аша отырып, 2022 жылғы 12 наурызда Ортсайлауком Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Владимир Имтахунович Тохтасуновтың өкілеттігін тоқтатуға әкеп соғатын негіздің пайда болуы туралы қаулы қабылдағанын атап өтті. Депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыныс Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілді. Парламент Мәжілісінің 2022 жылғы 14 наурыздағы қаулысымен Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлаған депутат В.И. Тохтасуновтың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылды.
Сондай-ақ, ол «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 89-бабына сәйкес Парламент Мәжілісінің депутаттарын шығып қалғандардың орнына сайлауды тағайындау үшін депутаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату, депутаттан айыру не оның қайтыс болуы негіз болып табылатынын атап өтті.
Көрсетілген жағдайларда шығып қалғандардың орнына депутаттар сайлауын Орталық сайлау комиссиясы депутат өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған кезден бастап үш айдан кешіктірмей тағайындайды.
Жоғарыда баяндалғанның негізінде Ортсайлаукомның шешімімен шығып қалғанның орнына Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутатын сайлау 2022 жылғы 28 сәуірге тағайындалды.
Күн тәртібінің бірінші және екінші мәселелері бойынша Ортсайлауком төрағасының орынбасары Константин Петров баяндама жасады.
Ол Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жыл бойы тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алатынын атап өтті. Жасы жиырма беске толған адам Мәжіліс депутаты бола алады. Тиісті шектеулер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген.
Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау Республика Президенті шақыратын Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында өткізіледі. Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына аумағында сессия өткізілетін аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелері қатысады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі дауыс берілетін күнге дейін он күннен кешіктірмей Орталық сайлау комиссиясын дауыс беру өткізілетін орын туралы хабардар етеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өткізілетін үй-жайда сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған пунктті ұйымдастырады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжіліс депутаттарын сайлау жөніндегі сессиясының өткізілуін куәландыратын құжат аумақтық сайлау комиссиясына ұсынылатын сессияның хаттамасы болып табылады.
Сессия тиісті аумақтық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беру нәтижелерін жария еткеннен кейін жабылады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутатының сайлауындағы дауыстарды санау нәтижелері дауыс беруге арналған пунктте өткізілетін тиісті аумақтық сайлау комиссиясының отырысында белгіленеді.
Аумақтық сайлау комиссиясы дауыс беру нәтижелері бойынша Мәжіліс депутаттарының сайлауы жөніндегі дауыстарды санау хаттамасын жасайды, ол Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында жария етіледі және сайлау күнінен бастап екі күннен аспайтын мерзімде Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі.
Отырыста Ортсайлауком «Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің шығып қалған депутатының орнына сайлауды тағайындау туралы» қаулы қабылдады.
Осы қаулымен 2022 жылғы 28 сәуірге белгіленген шығып қалғанның орнына Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутатының сайлауын дайындау және өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспары бекітілді.
Күнтізбелік жоспарға сәйкес сайлау науқанының келесі кезеңдері анықталды:
Кандидатты ұсыну – 29 наурыздан бастап 7 сәуір, сағат 18.00-ге дейін (сайлауға бір ай қалғанда басталып, жиырма күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады).
Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ұсынуды Ассамблея Кеңесі жүргізеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің шешімі көпшілік дауыспен қабылданады және хаттамадан үзінді көшірмемен ресімделеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің шешімі азаматтың сайлауға түсуге келісімі туралы өтінішімен бірге Ортсайлаукомға жіберіледі.
Тіркеу - ағымдағы жылғы 8 сәуірден бастап 12 сәуір, сағат 18.00-ге дейін (Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттарды тіркеу сайлауға жиырма күн қалғанда басталып, оған он бес күн қалғанда жергілікті уақытпен сағат он сегізде аяқталады).
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидатты тіркеуді Орталық сайлау комиссиясы мына құжаттар болған жағдайда жүргізеді: кандидаттарды ұсыну туралы Ассамблея Кеңесінің хаттамасынан үзінді; азаматтың депутаттыққа кандидат болып дауысқа түсуге келісімі туралы өтініші; Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған әрбір адам туралы өмірбаяндық деректер; Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидаттың тапсырғаны туралы Мемлекеттік кіріс органының анықтамасы және осы кандидатты депутаттыққа ұсыну туралы оның жұбайы (зайыбы) активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларды табыс етеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Кеңесі ұсынған кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) декларациялаған активтері мен міндеттемелері туралы мәліметтердің анықтығын Мемлекеттік кіріс органдары кандидат тіркелген күннен бастап үш күн ішінде тексереді.
Сайлау алдындағы үгіт – 12 сәуір сағат 18.00-ден 27 сәуір, сағат 00.00-ге дейін (кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен басталады және сайлау болатын күннің алдындағы күнгі жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады).
Тыныштық күні – ү.ж. 27 сәуір.
Дауыс беру күні – ү.ж. 28 сәуір.
Парламент Мәжілісі депутатын сайлау қорытындыларын Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы сайлау өткізілген күннен бастап жеті күн мерзімнен кешіктірмей - ағымдағы жылғы 4 мамырдан кешіктірмей белгілейді және сайлау қорытындылары туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабар жариялайды.
Екінші мәселе бойынша Константин Петров Ортсайлауком өз өкілеттіктері шеңберінде Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау бойынша дауыс беруге арналған бюллетеньнің нысаны мен мәтінін белгілейтінін, сондай-ақ оларды дайындауды қамтамасыз ететінін атап өтті.
Осыған байланысты, отырыста «Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің шығып қалған депутатының орнына сайлау құжаттарының нысандарын бекіту туралы» қаулы қабылданды.
Қаулы арқылы шығып қалғанның орнына Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісінің депутатын сайлау жөніндегі сайлау құжаттарының 9 нысаны бекітілді.
Отырыстың үшінші мәселесі бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина баяндама жасады. Ол сайлау заңнамасына сәйкес мемлекет кандидаттарға өз бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығу үшін қаражаттың тең бөлінуіне кепілдік беретінін айтты. Кандидаттарға бұқаралық ақпарат құралдарына шығу үшін қаражат бөлу тәртібі мен көлемін Орталық сайлау комиссиясы айқындайды.
Ортсайлаукомның 2018 жылғы 25 тамыздағы №12/202 «Бұқаралық ақпарат құралдарында сөз сөйлеу үшін кандидаттарға қаражат бөлу қағидалары мен көлемін бекіту туралы» қаулысына сәйкес БАҚ-та өз бағдарламаларымен сөз сөйлеу үшін үміткерге қаражат бөлу көзделген: теледидарда - 15 минут; радиода - 10 минут; мерзімді баспасөз басылымдарында немесе желілік басылымдарда жариялау үшін екі мақала 0,1 баспа парағынан артық емес.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес кандидаттардың сайлау алдындағы жария іс-шараларды өткізуге; үгіт материалдарын шығаруға арналған шығыстары; көлік шығыстары да республикалық бюджет қаражатынан Орталық сайлау комиссиясы белгілейтін мөлшерде жабылады.
Жоғарыда баяндалғанға байланысты Ортсайлауком «2022 жылғы 28 сәуірге тағайындалған сайлауда Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттардың шығыстар мөлшерін белгілеу туралы» қаулы қабылдады.
Қаулыда кандидаттың: теледидар мен радио бойынша бағдарламалармен сөз сөйлеуіне, сондай-ақ мерзімді баспа басылымдарында 2 мақала жариялауға - 590 000 теңге сомасында; сайлау алдындағы жария іс - шараларды өткізуге және үгіт материалдарын шығаруға - 130 000 теңге сомасында; көлік шығыстарына-150 000 теңге сомасында шығыстар мөлшері белгіленген.
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
Баспасөз қызметі
тел.: 75-23-69
v.zheksembekova@election.gov.kz
a.berdibekov@election.gov.kz
https://twitter.com/nurlan_abdirov?s=11
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы




