| 22.02.2026 |
|
Қоғамдық пікірге сауал салу жүргізу туралы
2026 жылғы 22 ақпандағы жағдай бойынша ОРК-на 7 (жеті) заңды тұлғалардан тиісті құжаттардың көшірмелері қоса беріліп, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу туралы хабарламалар келіп түсті, атап айтқанда:
1. «Демократия институты» ғылыми-зерттеу ассоциациясы» Қоғамдық бірлестігі - сауал салу әдісі: «face to face» сұхбаты;
2. «Қоғамдық пікір» зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі - сауал салу әдісі: телефон арқылы сауал салу;
3. «DATAmetrics» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі - сауал салу әдісі: CAPI технологиясын қолдана отырып, «face to face» жеке сұхбат әдісімен;
4. «AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты» жеке меншік мекемесі - сауал салу әдісі: сайлау учаскелерінен шығу кезінде «face to face» сұхбаты, телефон арқылы сауал салу, интернет арқылы сауал салу және exit-poll жүргізу арқылы жаппай сауал салу әдістері қолданылатын болады;
5. «Еуразиялық интеграция институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі - сауал салу әдісі: референдумда дауыс беру күні сайлау учаскелерінің шыға берісте қоғамдық пікір сауалнамасы (exit poll), сондай-ақ социологиялық зерттеулердің басқа түрлері де қолданылады (фокус-топтық пікірталас, сараптамалық сауалнама, «бетпе-бет» арқылы жаппай сауалнама);
6. «Қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы - сауал салу әдісі: телефон арқылы сауал салуды жүргізу арқылы халыққа жаппай сауал салуды жүргізу;
7. «Институт комплексных социальных исследований – Астана» ОФ ИКСИ «СОЦИС-А» жеке қоры - сауал салу әдісі: 1) Дауыс беру үй-жайлары мен учаскелерінен тыс жерлерде «жеке сауал салу жүргізу» және «үздіксіз ағын» әдістері арқылы тұрғындар арасында сауал салу жүргізу (exit-poll); 2) Қоғамдық қалауларды өлшеу бойынша бетпе-бет сұхбат «face-to face», әлеуметтік желілер мен тарату тетіктерін пайдалану арқылы қашықтықтан сауал салу жүргізу әдістері арқылы халыққа сауал салу жүргізу.
«Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 7-1-бабының талаптарына сәйкес республикалық референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген нормаларға сәйкес оған дайындық пен өткізу кезеңінде жүргізілуге тиіс.
Осылайша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағына сәйкес сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салуды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы.
Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада сауал салуды жүргізуге қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар туралы, қоғамдық пікірге сауал салу жүргізілетін өңірлер туралы, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер көрсетіледі.
Референдумға байланысты қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар сауал жүргiзген заңды тұлғаны, сауал жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауал жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрақтың нақты тұжырымын, сауал салынғандардың саны мен сауал салу нәтижелерінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.
Қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелерiн, референдумға байланысты өзге де зерттеулер нәтижелерiнiң болжамдарын дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде және дауыс берiлетiн күні бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда жариялауға жол берілмейдi.
Референдумға байланысты қоғамдық пiкiрге сауал салуды жүргiзу шарттарын бұзу тұлғаны әкімшілік жауаптылыққа тартуға негіз болып табылады (ӘҚБтК-нің 120-бабы).








