| 22.10.2025 |
|
ҚР ОСК жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын
қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті
2025 жылғы 22 қазанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.
Жұмыс тобының отырысына ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар офисінің басшысы, Елші Алексей Рогов, «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңес төрайымы Ләззат Қалтаева, сондай-ақ жұмыс тобының мүшелері - өңірлердегі мүгедектігі бар адамдар қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері қатысты. Жұмыс тобының отырысы гибридті – онлайн және оффлайн форматта өтті.
Отырысты ашқан Нұрлан Әбдіров инклюзивтілік пен тең құқықтарды қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
«Бірлескен нәтижелі әріптестіктің арқасында біз шынымен қолжетімді және инклюзивті сайлау жүйесін қалыптастыру жолында жүйелі түрде ілгерілеп келеміз», - деп атап өтті ОСК Төрағасы.
Сондай-ақ, ол түрлі деңгейдегі сайлауларда мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруі үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып жатқандығына тоқталды: көру қабілеті нашар сайлаушыларға арналған трафареттер әзірленіп, арбамен жүретін адамдарға бейімделген кабиналар орнатылған, сайлау рәсімдерін түсіндіретін аудиоматериалдар дайындалған және инватакси қызметі көрсетіледі.
Жұмыс тобының отырысында күн тәртібіндегі 2 мәселе қаралды.
Күн тәртібінің маңызды тармақтарының бірі Орталық сайлау комиссиясы мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қосымша ретінде Жол картасына қол қою болды. Аталған құжат ведомствоаралық өзара іс-қимылды жүйелі түрде дамытуға және мүгедектігі бар азаматтардың сайлауға тең қатысуына жағдай жасауға бағытталған.
Нұрлан Әбдіровтің айтуынша, құжатты әзірлеу барысында Жұмыс тобының мүшелерінен және аумақтық сайлау комиссияларынан келіп түскен 200-ден астам ұсыныс пен пікірлер ескерілді.
«Бес жылға арналып әзірленген Жол картасы сайлау процесінің қолжетімділігі мен жаңа технологияларды енгізу саласында нақты бағыттарды айқындайды. Оның іске асырылуы тұрақты инклюзивті тәжірибелерге көшуге мүмкіндік береді», - деді ОСК Төрағасы.
Жаңашылдықтардың бірі - сайлау учаскелерінің қолжетімділігіне қатысты inva.gov.kz порталын кезең-кезеңімен цифрландыру.
Өз кезегінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Қазақстан Республикасында
2025–2030 жылдарға арналған инклюзивтік саясат тұжырымдамасы қабылданды (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы
30 желтоқсандағы №1143 қаулысымен).
Тұжырымдама аясында мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар бекітілді. Мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында сайлау учаскелерінде және дауыс беру пункттерінде қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралар жоспарланған», - деді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе - сайлау ұйымдастырушылары үшін мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтары мен қажеттіліктеріне арналған бейнекурсты талқылауға бағытталды.
Бейнекурс Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі мен «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі тарапынан бірлескен түрде әзірленді. Ол сайлау учаскелерін жабдықтау, мүгедектігі бар сайлаушылармен қарым-қатынас жасау кезінде әдеп нормаларын сақтау, сондай-ақ дауыс беру орындарын жабдықтауға қойылатын қолданыстағы нормативтік талаптар мен стандарттар жөніндегі қажетті білімдерді меңгеру тұрғысынан сайлау ұйымдастырушыларының даярлық деңгейін арттыру мақсатында дайындалған.
Бейнекурс ҚР Орталық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурсында - www.election.gov.kz орналастырылған және қызығушылық танытқан барлық адамға қолжетімді. Бұл курстан өту және нәтижесі бойынша тестілеуге қатысып, сертификат алу барлық сайлау комиссияларының мүшелері үшін міндетті болып табылады.
Өз сөзінде Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисінің басшысы, Елші Алексей Рогов былай деп атап өтті: «Офис мандатына сәйкес біз инклюзивті сайлау құқықтарына арналған оқу курсын ұсынамыз. Бұл курс Қазақстандағы 10 мыңнан астам сайлау комиссиясына барлық азаматтардың сайлау процесіне тең және кемсітусіз қатысуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Курс комиссиялардың кәсібилігін арттырады және қоғамның сайлауға деген сенімін нығайтады».
«Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ләззат Қалтаева бейнекурс сайлау комиссиялары қызметкерлеріне арналған тәжірибелік көмекші екендігіне тоқталды. Онда мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ететін халықаралық және ұлттық заңнамалық нормалар, қолжетімділік пен тең мүмкіндік мәселелері қарастырылған.
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы






