| 12.09.2025 |
|
ҚР ОСК делегациясы Норвегиядағы
парламент сайлауын байқауға қатысты
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Н.Әбдіров бастаған делегация Норвегияның Жергілікті өзін-өзі басқару және өңірлік даму министрлігінің шақыруымен Норвегия Корольдігінде өткен парламент сайлауын халықаралық байқауға қатысты.
Парламенттік (Стортинг) сайлау қарсаңында ОСК Төрағасы «Норвегиядағы сайлау және жаңа сайлау заңнамасы» тақырыбындағы семинарға қатысты.
Семинарда Норвегияның жаңа сайлау заңнамасы, сайлау және жасанды интеллект, Сайлау жөніндегі директораттың рөлі мен маңызы, елдің 2025 жылғы саяси ландшафттары, сайлауалды науқанды қаржыландыру, т.б. өзекті тақырыптар бойынша баяндамалар тыңдалып, пікір алмасу өтті. Аталған шараға Жергілікті өзін-өзі басқару және өңірлік даму министрлігінің, Сайлау жөніндегі директорат, Қоғамдық зерттеулер институтының сарапшылары мен ғылыми қызметкерлері қатысты.
Семинардан кейін ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров пен Норвегия Сайлау директоратының сайлау жөніндегі басшысы Бенедикте Бьёрнландтың екіжақты кездесуі өтті. Кездесуде Директорат басшысы Норвегиядағы сайлау жүйесінің ерекшеліктері, әкімшілік-ұйымдастырушылық және әдістемелік жұмыстар туралы ақпаратпен бөлісті.
Нұрлан Әбдіровтың Жергілікті өзін-өзі басқару және өңірлік даму министрлігі Жергілікті өзін-өзі басқару департаментінің Бас директоры Кэтрин Сэтремен екіжақты кездесуінде сайлауды ұйымдастырудың тәжірибелік мәселелері, орталық және жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы, сондай-ақ олардың сайлау процесін ұйымдастырудағы қызметін үйлестіру туралы ақпарат берілді.
Сайлау күні (2025 жылғы 8 қыркүйек) делегация халықаралық байқау аясында сайлау учаскелерін аралап, электоралды науқанның барысымен танысты.
Сонымен бірге, дауыстарды санау орталығында бюллетендерді сканерлеу жұмыстарын байқау жүргізілді. Бұдан бөлек, делегация Осло қаласында сайлау учаскелеріндегі дауыс берудің аяқталуын ұйымдастыру және бюллетендерді алғашқы санау рәсімдерін байқауға қатысты.
Сапар аясында делегация сайлау науқанына орай арнайы ұйымдастырылған брифингке қатысты. Брифинг барысында Норвегияның Жергілікті өзін-өзі басқару және өңірлік даму министрлігінің өкілдері сайлау барысы туралы нақты ақпаратты ұсынды.
Осы күні ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров пен Норвегияның Ұлттық сайлау комитетінің Төрағасы Орнольф Рёнебектің екіжақты кездесуі өтті. Тараптар өзара іс-қимыл перспективасын талқылады және екі елдің электоралдық ынтымақтастығының маңызына тоқталды. Электоралдық саладағы серіктестіктің Қазақстан мен Норвегия арасындағы қалыптасқан достық қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқаратыны атап өтілді.
Кездесулер барысында норвегиялық әріптестер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті міндеттер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі тезистерімен танысып, Парламентті реформалау жөніндегі бастама және негізгі шешімдерді жалпыұлттық референдумдар арқылы қабылдау тәжірибесі туралы ақпарат берілді. Кездесу қорытындысында қазақстандық делегация норвегиялық әріптестеріне ҚР ОСК әзірлеген ғылыми басылымды, оның ішінде ағылшын тіліндегі «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына – 30 жыл. Қазақстан Республикасының сайлау жүйесінің трансформациясы» атты монографияны табыстады. Сондай-ақ, кездесулерге Қазақстан Республикасының Норвегия Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Әділ Тұрсынов қатысты.
Сапар аясында делегация мүшелері сайлау науқанына арналған арнайы ұйымдастырылған брифингте сөз сөйледі. Норвегияның Жергілікті өзін-өзі басқару және өңірлік даму министрлігінің өкілдері дауыс беру барысы жөнінде толық ақпарат ұсынды.
Анықтама ретінде
Норвегияның бір палаталы Парламенті - Стортинг 19 көпмандатты округ бойынша сайланатын 169 депутаттан тұрады. Сонымен бірге, ұзақ жылдар бойы сайлауды пропорционалды жүйе бойынша өткізу тәжірибесі (партиялық тізім бойынша) қолданылып келеді.
Норвегияда сайлау қыркүйек айының дүйсенбі күндерінің бірінде тағайындалады. Сайлаушыларға ыңғайлы болу үшін муниципалитеттер жексенбі күні де сайлау учаскелерін аша алады.
Сайлау жаңартылған сайлау заңнамасы шеңберінде өтті.
Қоғамның, сондай-ақ, сайлау органдарының да пікірі бойынша, сайлаудың басты ерекшелігі қағаз бюллетеньдерді басым түрде қолдану болып табылады. Олардың ойынша, қағаз бюллетеньдер мен жеке дауыс беру -әділ сайлаудың кепілі.
18 жасқа толған немесе сайлау жылы ішінде 18 жасқа толатын барлық азаматтардың дауыс беруге құқығы бар.
Елде көпкүндік дауыс беруге жол беріледі. Алдын-ала дауыс беру 11 тамыздан 5 қыркүйекке дейін жалғасты. Сонымен қатар, негізгі науқанға қатыса алмайтын Норвегия азаматтары үшін 1 шілдеден бастап алдын-ала дауыс беру қолжетімді болды. Мұндай мүмкіндікті дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың шамамен 65%-ы пайдаланды.
Шетелде тұратын норвегиялық азаматтар дипломатиялық өкілдіктерде немесе пошта арқылы дауыс берді.
Сайлаушылардың жалпы саны 4 миллион адамнан асады. Жалпы алғанда, сайлаушылар сайлауға жоғары қатысу белсенділігін көрсетті (78%).
Сайлау әкімшілерін алаңдататын негізгі мәселелердің бірі – электоралдық кезеңде дезинформация мен дипфэйктердің таралуы. Олардың таралуына қарсы іс-қимылды үйлестіру мақсатында министрлікаралық жұмыс тобы жұмыс жасайды.
Сайлау науқанын шетелдік қаржыландыруға тыйым салынады, дегенмен саяси партиялардың сайлау қорларын қаржыландыруға қандай да бір жоғарғы шектер белгіленбеген.
Дауыс беру учаскелерінің басым көпшілігі білім беру ұйымдарында орналасқан. БАҚ өкілдері сайлау учаскелерінде тек жоғары тұрған сайлау комиссиясымен келісім бойынша және учаскелік сайлау комиссиясының рұқсатымен ғана қатыса алады.
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы










