02.02.2023 |
![]() |
Саяси партияларды олардың филиалдарын тіркеуге және
халықаралық байқаушыларды аккредиттеуге байланысты
сайлауға жіберу туралы
2023 жылғы 2 ақпанда «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы» және «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестіктерін олардың филиалдарының тіркелуіне байланысты Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлауға жіберу, сондай-ақ алдағы сайлауда халықаралық байқаушыларды аккредиттеу мәселелері жөнінде Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті.
Отырысқа облыстардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары (бейнеконференция режимінде), саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ отырысқа Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметтерін ұйымдастыру департаментінің директоры Алан Тіленчиев қатысты.
Отырыстың трансляциясы сурдоаудармамен қамтамасыз етіліп, интернет-ресурс пен Youtube арқылы өтті.
Отырысты аша отырып, ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров қатысушыларды жыл сайын ақпанның бірінші бейсенбісінде атап өтілетін Дүниежүзілік сайлау күнімен құттықтады.
Нұрлан Әбдіров бұл күні 2005 жылы бірқатар елдердің мемлекет басшылары сайлау бойынша көптеген маңызды халықаралық келісімдерге қол қойғанын атап өтті. Дүниежүзілік сайлау күнін құрудың мақсаты азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау процестерін жетілдіру болып табылады.
«2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысуға «Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы», «Respublica» партиясы» қоғамдық бірлестіктерін жіберудің кейбір мәселелері туралы» бірінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавқат Өтемісов баяндама жасады.
Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы 2023 жылғы 21 және 27 қаңтардағы қаулыларымен 15 өңірден мәслихаттар депутаттарын сайлауға жіберілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта партияның бірқатар басқа облыстарда (Абай облысы, Ақмола облысы, Жетісу облысы, Солтүстік Қазақстан облысы, Ұлытау облысы) бойынша филиалдары құрылды.
«Respublica» партиясы 2023 жылғы 21 және 27 қаңтардағы қаулыларымен 19 өңірден мәслихаттар депутаттарын сайлауға жіберілді. Қазіргі уақытта партия филиалы Атырау облысында құрылды.
Осылайша, бұрын қабылданған қаулыларды ескере отырып, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы мен «Respublica» партиясы республиканың барлық өңірлерінде партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәслихаттар депутаттарын сайлауға қатысуға жіберілді.
«2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына шет мемлекеттің және халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы» отырыстың күн тәртібінің екінші мәселесіне көше отырып, Нұрлан Әбдіров а.ж 20 қаңтарда сайлау науқаны шеңберіндегі бірінші отырыста Орталық сайлау комиссиясы сайлауды халықаралық байқау институтын ашқанын атап өтті. Бүгінгі таңда бір шет мемлекеттен және екі халықаралық ұйымнан аккредиттеуге ұсыныстар түсті.
Екінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман баяндама жасады.
Ол Сыртқы істер министрлігі сайлауды байқауға қатысу үшін халықаралық және парламентаралық ұйымдарға, сондай-ақ Қазақстандағы дипломатиялық корпусқа шақырулар жібергенін хабарлады.
Сонымен бірге Орталық сайлау комиссиясы 34 шет мемлекеттің орталық сайлау органдарының атына шақырулар жіберді.
Бүгінгі күні Орталық сайлау комиссиясына аккредиттеуге бір шет мемлекеттен және екі халықаралық ұйымнан 25 байқаушы, оның ішінде Палестинадан 1 байқаушы, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясынан 11 байқаушы және ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі Миссиясынан 13 байқаушы ұсынылды.
Отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшелері «2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында шет мемлекеттің және халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы» қаулы қабылдады.
Сондай-ақ Мұхтар Ерман аккредиттеуге ұсыныстардың келіп түсуіне қарай байқаушылар жөніндегі деректер жаңартылып отыратынын атап өтті.
Отырыстан кейін бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін брифинг өткізілді, онда Ортсайлауком мүшелері журналистердің барлық сұрақтарына жауап берді.