| 06.04.2022 |
|
2022 жылғы 4-5 сәуірде Ортсайлауком Төрағасы Нұрлан Әбдіров жұмыс сапарымен Қостанай облысына болды
Ортсайлауком Төрағасы Нұрлан Әбдіров кезекті жұмыс сапарымен Қостанай облысында болды.
Ү.ж. 4 сәуірде Нұрлан Әбдіров Қостанай ауданы Садчиков ауылдық округінің 2021 жылғы 25 шілдеде сайланған әкімімен және осы ауылдың тұрғындарымен кездесті.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары осы елді мекенде өткен сайлау туралы өз ойларымен бөлісті. Яғни, тікелей сайлау институтын енгізу ауыл әкімінің халық алдындағы есептілігін күшейтуге, ауылдың проблемалық мәселелерін шешуді жеделдете түсуге ықпал етіп отыр деген пікір білдірді.
Сондай-ақ, ауыл тұрғындары ауыл әкімдеріне қатысты шектеулерді алып тастау жөнінде өз ұсыныстарын алға тартты. Олар өз қызметтерін атқарып отырған әкімдер жұмыстарын тиімді атқара алатын болса, өз сайлаушылары арасында лайықты беделге және құрметке ие болса, оларға болашақта да сайлануға мүмкіндік беру керек деп санайтындарын айтты.
Сондай-ақ, облыс әкімдерін сайлау жүйесін енгізу мәселесі бойынша да пікір алмасты. Ауыл тұрғындарының пікірінше, бұл кезең-кезеңмен жүргізілуі тиіс, себебі барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау жүйесін енгізу үшін қоғамға әлі де уақыт пен электораттық тәжірибе қажет.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары әкімдерді сайлау кезінде дебат өткізу жөніндегі өз ой-пікірлерін ортаға салды. Қостанайлықтар дебат өткізу сайлау процесінің ашықтығы мен бәсекелестігін қамтамасыз ететінін, сондай-ақ электоратқа кандидаттарды тереңірек тани түсуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен, олар «жақсы спикер» әрдайым «жақсы әкім» бола бермейді деген ойларын білдірді. Сондықтан, кандидаттардың дебат кезіндегі белсенділігі әрине маңызды, алайда, осымен бірге олардың жұмыс тәжірибесі де, кәсіби дағдылары мен білімі де маңызды рөл атқармақ.
Қостанай облыстық филармониясында Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының саяси партиялар, ҮЕҰ, БАҚ өкілдерімен, мәслихат депутаттарымен, қоғамдық пікір жетекшілерімен, блогерлермен, облыстағы сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесуі өтті. Іс-шараға 393 адам қатысты.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында айтылған сайлау процесін жаңғырту жөніндегі бастамалар қызу талқыланды.
Ортсайлауком басшысы диалог форматында кездесуге қатысушыларды сайлау жүйесіндегі алдағы уақытта қолға алынғалы отырған реформалар туралы таныстырды.
«Ақ Жол» ҚДП өкілі, облыстық мәслихаттың депутаты Дастан Жұмабаев сайлаушылардың дауыс беру рәсімдерінің барынша ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету мақсатында дауыс беруге арналған үй-жайларда бейнебақылау құралдарын пайдалану және сайлау заңнамасына тиісті түзетулер енгізу жөнінде ұсыныс жасады.
Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) атынан сайланған экс-мәжілісмен Валерий Вишниченко Мемлекет басшысының ҚХА квотасын Сенатқа ауыстыруға қатысты бастамасын белсенді түрде қолдайтынын білдірді. Сонымен қатар, осы квота бойынша сайланатын депутаттар үшін үш жылдық ротация механизмін енгізуді ұсынды, бұл Сенатта түрлі этностардың атынан өкілдік етуге мүмкіндік беретін болады.
Қазақстан Халық партиясы филиалының төрағасы Андрей Коваль саяси партиялардың өкілдерін сайлау органдары тарапынан электоратты оқыту бойынша өзекті мәселелерді көтерді.
Саясаткер әйелдер клубының жетекшісі Римма Бектұрғанова Мәжілістің партиялық тізімінде әйелдер, жастар және мүгедек адамдар үшін кемінде 30% квота қарастыруды көздейтін сайлау туралы заңнамаға енгізіліп отырған түзетулер қазіргі уақыт талабына сай деп айтып өтті. Сонымен қатар, әйелдерді нақты түрде сайланбалы лауазымдарға, сондай-ақ әртүрлі деңгейдегі әкімдер лауазымдарына барынша ілгерілету қажет екенін атап өтті.
Денсаулық сақтау ардагері Купей Мальчубаева өкілді билік органдарына сайлау кезінде өзін-өзі ұсыну институтының енгізіліп отырғанын қолдайтынын білдірді және бұл еліміздің саяси дамуына үлкен үлес қоса алатын қоғамның белсенді өкілдерін қолдауға мүмкіндік береді деп, өз ойын айтты.
Бұдан басқа, мазмұнды әрі тартымды талқылау болып, ұлттық бақылаушылардың қызметін құқықтық тұрғыдан реттеу, сайлау комиссияларын қалыптастыру және олардың жұмыстары туралы, жастардың сайлау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту, сондай-ақ электрондық дауыс беруді қолдану перспективаларының мәселелері қаралды.
Нұрлан Әбдіровтің облыстағы сапарының бағдарламасының келесі маңызды бір бөлігі өңірдегі жас сайлаушылармен кездесуі болды.
Кездесуде ағымдағы және перспективалы трендтер, әсіресе қазақстандық жастардың қоғамның одан әрі саяси трансформациясындағы рөлі мен орны туралы мәселелер талқыланды. Жастар үшін қолайлы жағдай жасау, ең әуелі Президенттік жастар кадр резервіне қатысу мүмкіндігі туралы айтылды.
Көптеген жоғары оқу орындары мен колледждердің, жастардың ҮЕҰ өкілдері жас азаматтардың электораттық белсенділігін арттыруға қатысты өз ойларын алға тартты.
Дауыс берудің электрондық технологияларын енгізу мәселесі әрдайым жастар аудиториясында қызығушылық тудырары сөзсіз. Осы тұрғыда, белсенді жастардың бірі Наурызбек Бірмағамбетов электрондық дауыс беруді ең әуелі пилоттық режимде бірнеше сайлау учаскелерінде енгізіп көру керек деген ұсыныс білдірді. Сондай-ақ, сайлаушыларға дауыс беру кезінде дәстүрлі және электрондық тәсілдерді таңдап алуға мүмкіндік беру қажеттілігі де аталды.
Аудитория ОСК басшысының осы мәселені жан-жақты және объективті зерттеу үшін, ең алдымен, кең қоғамдық талқылау қажет деген пікірімен келісіп, қолдады.
Сондай-ақ, жастармен кездесу барысында сайлау процесінің кейбір мәселелері бойынша онлайн-сауалнама жүргізілді, бұл осындай кездесулердің ерекше бір бөлігіне айналып отыр. Сауалнама нәтижелері келесіні көрсетті: респонденттердің 40%-ы компьютерлерді, смартфондарды, планшеттерді пайдалана отырып, қашықтықтан электрондық дауыс беруді енгізуді қолдайды; 33,3%-ы аралас (стационарлық, қашықтықтан) электрондық дауыс беруді қолдап отыр; респонденттердің 52,5%-ы Президенттікке кандидат мемлекеттік тілді білуі тиіс және лингвистикалық емтихан міндетті деп санайды; респонденттердің 67,8%-ы соттылығы бар азаматты Президент, депутат, әкім сияқты сайланбалы лауазымдарға ұсынуға жол беруге болмайды деп жауап берді. Сондай-ақ, респонденттердің 50%-ы партиялық тізім бойынша сайланған депутат сол сайланған партиясынан басқа партияға ауысып кетуіне болмайды деп жауап берді.
Ортсайлауком Төрағасының Қостанай облысының жұртшылығымен кездесулері басқа өңірлердегі сияқты әлеуметтік желілерде де трансляция режимінде көрсетілді.
Атап өту қажет, бұл Нұрлан Әбдіровтің өңірлерге жасап отырған оныншы сапары. Бұған дейін осындай кездесулер Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстарында, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласында өткен болатын. Келесі іс-сапары ағымдағы жылдың 7-8 сәуіріне Батыс Қазақстан облысына жоспарланған.
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
Баспасөз қызметі
тел.: 75-23-69
v.zheksembekova@election.gov.kz
a.berdibekov@election.gov.kz
https://twitter.com/nurlan_abdirov?s=11
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы








