| 25.06.2007 |
|
2007 жылғы 25 маусымда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы болды
2007 жылғы 25 маусымда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы болды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 4 маусымдағы Жарлығымен Маңғыстау облысының құрамында әкімшілік-аумақтық бірлік - Мұнайлы ауданының құрылуына байланысты Орталық сайлау комиссиясы Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық маслихатының депутаттарын сайлауды өз қаулысымен 2007 жылғы 18 тамызға тағайындады.
Мемлекет Басшысының Жарлығы 2007 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетінін ескере отырып, Орталық сайлау комиссиясының қаулысы сонымен бір уақытта - 2007 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі, ал Мұнайлы аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну ағымдағы жылғы 2 шілдеден басталады. Сайланатын Мұнайлы аудандық мәслихаты депутаттарының саны 13 адамды құрайды.
Ортсайлаукомның отырысында сондай-ақ партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау науқандарын ұйымдастыруға қатысты бірқатар маңызды қаулылар қабылданды.
Атап айтқанда, Орталық сайлау комиссиясының қаулыларымен Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау құжаттарының нысандары, сайлаушылар тізімінің нысаны белгіленді, партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар, мәслихаттар депутаттығына кандидаттар туралы мәліметтердің, сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайда орналастырылатын ақпараттық плакатты қамтитын, стандартты жиынтығы бекітілді, есептен шығару куәліктерін дайындау мен беру процесін егжей-тегжейлі реттейтін, сондай-ақ есептен шығару куәліктерін беруді жүзеге асыратын сайлау комиссияларының жауапкершілігін арттыруға, тиімді бақылау мен есептілікті қамтамасыз етуге бағытталған Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін дайындау мен беру тәртібі туралы нұсқаулық бекітілді.
Ортсайлауком Төрағасы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңға енгізілген өзгерістерге сай басқа сайлау округінде немесе бір елді мекен шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысуды қалайтын сайлаушыларға есептен шығару куәлігі берілмейтінін атап көрсетті.
Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына сайлау бюллетеньдерін дайындау туралы қаулымен Ортсайлауком сайлау бюллетеньдерінің қорғалу дәрежесін белгіледі.
Бұл ретте Ортсайлауком Төрағасы алдағы сайлауда сайлаушылардың барлығы үш түрлі бюллетень алатынын атап өтті. Олардың біреуі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау кезінде саяси партияға дауыс беруге арналған. Екінші бюллетень -оның көмегімен облыстық мәслихат депутаттығына кандидатқа дауыс беруге болатын бюллетень, ал үшінші бюлллетень аудандық немесе қалалық мәслихат депутаттығына кандидатқа дауыс беруге арналған. Астана мен Алматы қалаларының тұрғындары екі сайлау бюллетенінен алады. Өйткені бұл қалаларда аудандық мәслихаттар жоқ, бұл жерлерде сайлаушылардың саяси партияға дауыс беруі, сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттарын сайлауы қажет болады.
Сондай-ақ өз отырысында Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауды халықаралық байқаушылар институтын ашқанын мәлімдеді. Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша 2007 жылғы 12 тамызға дейін жүргізетін болады.
Орталық сайлау комиссиясы қабылдаған тағы да бір маңызды құжат партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлау кезінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау алдындағы үгітті жүзеге асыру және ақпараттық қамтамасыз ету ережесі болып табылады.
Бұл Ереже бұқаралық ақпарат құралдарының бүкіл сайлау науқаны кезеңіндегі қызметін реттейді. Онда саяси партиялар мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың сайлау алдындағы үгіт кезеңіне ерекше көңіл бөлінген.
Ортсайлауком төрағасы «Қазақсан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның талаптарына сәйкес эфирден және баспасөзден орын беру төлемiнiң мөлшерi, шарттары мен тәртiбi туралы мәлiметтердi тиiстi телерадиохабарларын тарату ұйымы, мерзiмдiк баспа басылымының редакциясы сайлаудың тағайындалғаны туралы шешім ресми жарияланғаннан кейiнгі оныншы күннен кешiктiрмей (яғни 2007 жылғы 2 шілдеден кешіктірмей) хабарлауға және жариялауға, сондай-ақ республикалық бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары - мәслихаттар депутаттарын сайлау жөніндегі тиісті аумақтық және округтік сайлау комиссияларына ұсынуға тиіс.
Осы мәліметтерді жарияламаған не ұсынбаған БАҚ партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттардың үгіт материалдарын тарата алмайды.
Алдағы сайлауда «Сайлау» ААЖ-н пайдалануға қатысты айтар болсақ, Ортсайлауком оның қолданылуын бір жарым мыңнан астам сайлау учаскесіне арттыруды жоспарлап отыр, бұл – 2005 жылға қарағанда, 5 % -ке артық көрсеткіш. Бұл ретте «Сайлау» жүйесімен жабдықталған учаскелердің сайлаушыларына, бұрынғыдай, электрондық немесе дәстүрлі қағаз сайлау бюллетенімен дауыс беру тәсілін таңдау құқығы берілетін болады.
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
баспасөз орталығы
тел. 75-21-32, 75-28-43, 75-28-44
Ағымдағы сайлау науқаны туралы ақпарат
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау 2026 жыл
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы
