| 18.03.2011 |
|
2011 жылғы 18 наурызда Орталық сайлау комиссиясының отырысында Астана қаласы аумақтық сайлау комиссиясының Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі жұмысы қаралды.
Ортсайлаукомның кеңейтілген мәжілісіне сондай-ақ Астана қаласы аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері, Сарыарқа, Есіл және Алматы аудандық сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшылары, Астана қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары, Сарыарқа, Есіл және Алматы аудандары әкімдері аппараттарының басшылары, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің, Астана қаласының ішкі істер департаменті мен әділет департаментінің өкілдері қатысты.
Отырысқа ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Миссиясының байқаушылары, ТМД Миссиясының байқаушылары, «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның» және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Орталық сайлау комиссиясы Астана қалалық сайлау комиссиясы төрағасының, қалалық әкімдіктің жауапты қызметкерлерінің, мүдделі ұйымдары мен мекемелерінің 2011 жылғы 3 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі ақпаратын тыңдады.
Сұрақты дайындау, материалдарды зерделеу және талдау барысында Орталық сайлау комиссиясы қалалық сайлау комиссиясы мен қалалық атқарушы органдар сайлауды «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң талаптарына және Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы» 2011 жылғы 4 қаңтардағы Жарлығына сәйкес әзірлеу және өткізу бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізгенін анықтады.
Астана қаласында 2011 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 697257 адам тұрады, олардың 339985-і – сайлаушылар, бұл халықтың жалпы санының 48,8% құрайды.
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын Астана қаласы бойынша ұйымдастыру мен өткізуді қалалық, «Сарыарқа», «Есіл» және «Алматы» аудандарының сайлау комиссиялары мен 218 учаскелік сайлау комиссиялары іске асырады. Қазақстан Республикасының шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан 35 сайлау учаскесі ұйымдастырылған.
Сайлау комиссияларының құрамында сегіз саяси партияның: ҚКП - 13, ЖСДП - 10, «Әділет» партиясының - 15, «Ауыл» ҚСДП - 181, ҚКХП - 179, «Руханият» партиясының - 182, Қазақстан патриоттар партиясының - 182, «Нұр Отан» ХДП - 183 және басқа да қоғамдық бірлестіктердің өкілдері бар.
Президенттің сайлауды тағайындау туралы Жарлығы шыққан соң сайлаушылар тізімін толықтыру бойынша жұмыс айтарлықтай белсендірілді. Қаланың халық есебіне жауапты ұйымдары мен мекемелерінің жұмысы қажетті деңгейде үйлестірілді.
Орталық сайлау комиссиясы Астана қаласының сайлау комиссиялары, атқарушы органдары алдағы электоралдық науқанды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және ақпараттық қамтамасыз ету бойынша айтарлықтай жұмыс жүргізгенін атап өтті.
Сонымен бірге, Орталық сайлау комиссиясының пікірінше, сайлау комиссияларының жергілікті атқарушы және өкілді органдарымен өзара іс-әрекеттестігінде кейбір кемшіліктер де бар.
Оның сыртында, учаскелік сайлау комиссияларын оқыту бойынша белсенді жұмысты жалғастыру, және оның аясында сайлау рәсімдерінің, бірінші кезекте дауыс беру күні мен дауыстарды санау кезіндегі сайлау рәсімдерінің, заңдылығы мен айқындығына баса назар аудару қажеттілігі бар.
Сайлау туралы заңнаманы орындау және Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу және өткізу барысында бірыңғай құқық қолдануды қамтамасыз ету мақсатында Орталық сайлау комиссиясы келесі шараларды іске асыруды ұсынды:
• Астана қаласы әкімдігі, аудан әкімдіктері мен Астана қаласының мәслихаты сайлау учаскелерінің шекараларын уақытылы нақтылау және барлық деңгейдегі сайлау комиссияларында қалыптасқан бос орындарды толықтыру жөніндегі шаралар қабылдасын.
• Қала әкімдігі, Астана қаласы аудандарының әкімдіктері электоратаралық кезеңде сайлаушылар тізімдерін жасау, түзету жөніндегі жұмыспен жүйелі шұғылдансын, Сайлау туралы Конституциялық заңның 24-бабына сәйкес Ортсайлаукомға қала бойынша сайлаушылар саны туралы нақты және түзетілген деректерді тапсыруды қамтамасыз етсін.
• Астана қаласы мен оның аудандарының әкімдіктері ұсынымдарды зерделесін және Президенттікке кандидаттардың үгіттік баспа материалдарын орналастыру үшін орындар санын арттыру, олардың адамдар көп болатын жерлерде орнатылуы жөнінде нақты шаралар қолдансын, сондай-ақ кандидаттардың үгіттік ақпараттық материалдарын орналастыруға тең құқықтарын қамтамасыз етсін.
• Қалалық, аудандық сайлау комиссиялары сайлау учаскелерінің Сайлау туралы Конституциялық заң талаптарына сай дайындалуын қамтамасыз етсін, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін және басқа да сайлау процесіне қатысушыларды Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелері бойынша одан әрі оқытуды жалғастырсын. Оқуды ұйымдастыруда учаскелік сайлау комиссияларының назары, ең алдымен, сайлау күні және дауыстарды санау рәсімдерінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге аударылсын.
• Қалалық сайлау комиссиясы учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен аптасына кемінде екі рет Сайлау туралы Конституциялық заң ережелерін, жаднамалар мен Ортсайлауком дайындаған басқа әдістемелік құралдарды зерделеуді, сондай-ақ бейнематериалдарды көруді ұйымдастырсын. Ортсайлаукомға отырыстардың бекітілген кестелерін тапсырып, апта сайын орындалуын хабарлауды қамтамасыз етсін.
• Қалалық, аудандық сайлау комиссиялары учаскелік сайлау комиссияларының сайлаушылар тізімдерімен жұмысын, оның ішінде азаматтарды оларға енгізу немесе олардан шығару, тізімдердегі жаңсақтықтарды жою жөніндегі жұмысын бақылауды жүзеге асырсын; дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін беру мен есебін жүргізуге қатаң бақылауды қамтамасыз етсін.
• Қалалық, аудандық, учаскелік сайлау комиссиялары халықаралық және жергілікті байқаушыларға өз қызметін Сайлау туралы Конституциялық заңға сәйкес жүзеге асыруға жан-жақты жәрдем көрсетсін.
• Қалалық, Есіл аудандық сайлау комиссиялары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының шетелдердегі өкілдіктері жанынан құрылған сайлау учаскелерін материалдық-техникалық, құжаттамалық қамтамасыз ету жөнінде жеткілікті шаралар қабылдасын; бюллетеньдерді, нұсқаулық және әдістемелік материалдарды дер кезінде жеткізуді қамтамасыз етсін, сайлау комиссияларының мүшелерін оқытуды ұйымдастырсын.
• Қалалық, Есіл аудандық сайлау комиссиялары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының шетелдердегі өкілдіктері жанынан құрылған сайлау учаскелері бойынша дауыс беру нәтижелері туралы алдын ала және қорытынды деректерді дер кезінде беру жөніндегі мәселені пысықтасын.
• Астана қаласының прокуратурасы сайлау алдындағы үгіт жүргізу кезінде, дауыс беру күні, дауыстарды санау барысында Сайлау туралы Конституциялық заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жөнінде одан әрі шаралар қабылдасын.
• Астана қаласының ішкі істер департаменті Сайлау туралы Конституциялық заңның ішкi iстер органдарының қызметкерлерi дауыс беруге арналған үй-жайда сайлау комиссиясы төрағасының шақыруынсыз бола алмайтыны туралы ережесін сақтай отырып, дауыс беруге арналған үй-жайларда тәртіпті қамтамасыз етсін.
Талқылау барысында Ортсайлауком басшысы қалалық сайлау комиссиясы көп адамдарды қамти отырып, үлкен жұмыс атқарғанын, және бұл бұрын анықталған бірқатар кемшіліктерді жедел түрде жоюға мүмкіндік бергенін баса айтты.
Сондай-ақ, Қ.Тұрғанқұлов 2009 жылы сайлау туралы заңның 20-бабы 11-тармағына сайлау комиссиясы мүшелеріне еңбекақы төлеу тәртібіне қатысты өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Бұл нормамен сайлау комиссиялары мүшелерінің үстеме жұмысына, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысына ақы төлеу белгіленген. Сондықтан басым көпшілігі бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері (мұғалімдер, медицина қызметкерлері және т.б.) болып табылатын учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің қауырт жұмысының ақысы тиісінше өтелетін болады.
Бұдан басқа, Орталық сайлау комиссиясының отырысында тағы 229 халықаралық байқаушыны аккредиттеу туралы және шығып қалғанның орнына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен белгіленген тәртіпте жаңа мүше сайланғанға дейін, Арман Қуанғалиұлы Жиенғалиевты Батыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының мүшесі етіп тағайындау туралы қаулылар қабылданды.
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
баспасөз орталығы
тел. 75-21-32, 75-28-43, 75-28-44
Ағымдағы сайлау науқаны туралы ақпарат
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау 2026 жыл
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы
