| 16.11.2011 |
|
2011 жылғы 16 қарашада, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттары өкілеттігінің парламентарийлердің өздерінің бастамашылығымен мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты, Мемлекет басшысы өзінің Жарлығымен партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2012 жылғы 15 қаңтарға, және Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын 2012 жылғы 16 қаңтарға тағайындады.
Сайлау туралы заңның 87-бабы 5-тармағына сәйкес, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар ұсыну 2011 жылғы 16 қарашадан басталды.
Сайлау туралы заңға сәйкес, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы белгіленген тәртіппен тіркелген саяси партияларға тиесілі. Қазақстанның Коммунистік партиясы бұл процеске қатыса алмайды, өйткені сот шешімі бойынша оның қызметі уақытша тоқтатылған. Бұл ретте, сайлау комиссияларының Қазақстанның Коммунистік партиясының ұсынымы бойынша сайланған мүшелері өздерінің жұмысын жалғастыратын болады.
Мәжілісі депутаты болып сайлану үшін азамат Конституцияның 51-бабы 4-тармағымен белгіленген талаптарды қанағаттандыруы, сондай-ақ Конституцияның 33-бабы 2 және 3-тармақтарына сәйкес белсенді сайлау құқығына ие болуы тиіс.
Осылайша, жасы 25 толған және Қазақстан Республикасы азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Мәжіліс депутаты бола алады. Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлау және сайлану құқығы жоқ.
Бiртұтас жалпыұлттық сайлау округiнiң аумағы бойынша Мәжіліс депутаттығына сайлау үшін адамдарды партиялық тiзiмге енгізу саяси партияның жоғары органы мүшелерінің жалпы санының көпшілік дауысымен жүргізіледі. Саяси партиялардың партиялық тізімдерге осы саяси партияның мүшелері болып табылмайтын адамдарды кіргізуге құқығы жоқ.
Саяси партияның жоғары органының шешімі азаматтың партиялық тізімге енгізуге келісімі туралы өтінішімен бірге Орталық сайлау комиссиясына жіберіледі.
Саяси партиялар партиялық тізімдерді мемлекеттік тілдің әліпбиі ретімен жасайды. Партиялық тізімді саяси партияның өкілі саяси партияның жоғары органының партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірмемен бірге бір мезгілде Орталық сайлау комиссиясына ұсынады.
Сондай-ақ, 16 қарашада Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы мәслихаттарының кезекті сайлауын 2012 жылғы 15 қаңтарға тағайындау және тиісті Күнтізбелік жоспарды бекіту туралы қаулы қабылдады.
Ортсайлаукомның басшысы отырыстан соң болған брифингте атап өткендей: «Мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауын партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауымен қатар өткізу туралы шешім қабылдай келе, біз заңның сайлауды тағайындау мен өткізуге қатысты нормаларын, сондай-ақ бұл сайлаулар Президент сайлауы мен Парламент Сенаты депутаттарының сайлауымен бір мерзімде өткізіле алмайтыны туралы талаптарын толық сақтап отырмыз».
Ортсайлауком қабылдаған Күнтізбелік жоспарға сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау учаскелерінің шекаралары туралы, сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларының құрамы туралы ақпарат 23 қарашадан кешіктірілмей, ал мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша сайлау округтерінің тізімі, олардың шекаралары мен орналасқан жері, сондай-ақ аумақтық және мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша округтік сайлау комиссияларының құрамы – 26 қарашадан кешіктірілмей жариялануы тиіс.
Сайлау науқанының негізгі кезеңдері келесі мерзімдерде өтетін болады:
• Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауында кандидаттарды ұсыну 16 қарашадан бастап 2011 жылғы 5 желтоқсанға дейін жүреді, ал партиялық тізімдерді тіркеу 16 қарашадан бастап 15 желтоқсанға дейін жүргізіледі.
• Мәслихаттар депутаттарының кезекті сайлауында кандидаттар ұсыну 2011 жылғы 16 қараша мен 14 желтоқсан арасындағы кезеңде өтеді. Бұл ретте мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ұсынуды белгіленген тәртіппен тіркелген республикалық және жергілікті қоғамдық бірлестіктер, сондай-ақ олардың құрылымдық бөлімшелері және өзін-өзі ұсыну жолымен - азаматтар жүзеге асырады.
• Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау рәсімдерінің мерзімі партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауы үшін анықталған мерзімдермен сәйкес келмейді. Заң бұған жол береді. Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидаттар ұсыну 16 желтоқсанда басталады.
Қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясы барлық қажет кадрлық және материалдық ресурстарға ие және сайлауды тиісті ұйымдастырушылық деңгейде өткізуге, азаматтардың және барлық сайлау процесіне қатысушылардың өздерінің конституциялық құқығын ерікті әрі тиімді іске асыруын қамтамасыз етуге дайын.
Жуық арада Үкімет сайлау науқанының қаржылық мәселелерін шешетін болады.
Сайлау науқандарын әзірлеу мен өткізуге қажетті сайлау құжаттарының үлгілерін де Ортсайлауком 16 қарашада бекітті.
Барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары толығымен жасақталған және жұмысқа қабілетті. Жыл бойы тағы 42 учаскелік сайлау комиссиясы құрылып, олардың құрамы сайланған.
Жақында Сыртқы істер министрлігіне халықаралық байқаушылар институтын ашу туралы хат жолданатын болады. Сайлау заңнамасына сәйкес, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынымы бойынша 2012 жылғы 10 қаңтарға дейін жүргізеді.
Брифинг соңында, болуы мүмкін сұрақтардың алдын ала отырып, Қ.Тұрғанқұлов «Сайлау» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің бұл сайлауда пайдаланылмайтынын айтты, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін жақын арада Орталық сайлау комиссиясының тұрақты жұмыс істейтін баспасөз орталығының ашылатыны туралы хабардар етті.
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
баспасөз орталығы
тел. 75-21-32, 75-28-43, 75-28-44
Ағымдағы сайлау науқаны туралы ақпарат
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау 2026 жыл
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы
