| 06.01.2012 |
|
2012 жылғы 6 қаңтарда Орталық сайлау комиссиясы бұрын тіркелген партиялық тізімдерден олардың декларацияда көрсеткен мәліметтері мен салық органдары деректерінің арасында алшақтық анықталған 18 Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидатты шығарып тастау туралы шешім қабылдады.
Сайлау туралы заңның 89-бабы 2-ші тармағына сәйкес, Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) тіркелгенге дейін тұрғылықты жері бойынша салық органдарына табысы мен мүлкі туралы декларация тапсыруға міндетті.
Оларда көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын салық қызметi органдары партиялық тізім тіркелген күннен бастап он бес күн ішінде тексереді.
Бұл ретте табыс пен мүлік туралы мәліметтердің дұрыс еместігі анықталған жағдайда, Орталық сайлау комиссиясы сайлау туралы заңның 89-шы бабы 6-шы тармағының 5-тармақшасына сәйкес партиялық тізімге енгізілген және осы құқық бұзушылыққа жол берген адамды партиялық тізімнен шығару туралы шешім қабылдайды.
Заң кандидаттың және оның зайыбының (жұбайының) декларацияланбаған қаржы қаражатының сомасына немесе декларацияланбаған жылжитын және жылжымайтын мүлікке қатысты қандай да болмасын сандық өлшемдерді белгілемейді.
ОСК декларацияда көрсетілген мәліметтерде салық органдарының деректерінен айырмашылықтың болуы, не болмауы фактін негізге алады.
«Салықтар және өзге де бюджетке міндетті төлемдер туралы» Кодекске сәйкес, салық қызметі органдарының салық төлеушілер туралы алған мәліметтері салықтық құпия болып табылатындықтан, біз нақтылы тұлға қандай қаражат сомасын немесе қандай мүлкін декларацияламағанын айтуға құқылы емеспіз. Десек те, сөз миллиондаған теңгемен немесе ондаған мың АҚШ долларымен есептелетін қомақты қаржы қаражаты туралы болып отырғанын айта аламын. Сондай-ақ, декларацияда жылжымайтын мүлік объектілерін, пәтерлерді, жер учаскелерін, автокөліктер мен коммерциялық серіктестіктердегі, қоғамдар мен кәсіпорындардағы үлестерін көрсетпеу фактілері бар», - деп атап өтті ҚР ОСК отырысынан кейін болған брифингте Қуандық Тұрғанқұлов.
6 қаңтар күні Ортсайлауком Жаңаөзен қаласында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауын өткізбеу және Жаңаөзен қалалық мәслихаты депутаттары мен Жаңаөзен қаласында құрылған округтер бойынша сайланатын Маңғыстау облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауын төтенше жағдай тоқтатылғаннан кейін өткізу туралы тағы бір маңызды шешім қабылдады.
«Бұрын біз Жаңаөзен қаласында сайлаудың 15 қаңтарда өтетінін айтқанбыз, өйткені Президенттің Жарлығымен төтенше жағдай 2012 жылғы 5 қаңтарға дейін енгізілген болатын. Бұл бізге сайлауды белгіленген мерзімде ұйымдастырып, өткізуге мүмкіндік беретін. Ал саяси партиялар мен кандидаттар негізгі сайлауалды үгіт шараларын 5-13 қаңтар аралығында өткізу мүмкіндігін алатын еді.
Алайда, төтенше жағдайдың мерзімі ұзартылды. Осыған орай біз Конституциялық Кеңеске төтенше жағдай кезінде сайлау заңнамасын қолданудың ерекшеліктері бойынша түсініктеме беру жөнінде хат жолдадық.
Конституциялық Кеңес берген түсініктемелердің негізінде Ортсайлауком Жаңаөзен қаласында Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын өткізбеу және бұл әкімшілік-аумақтық бірлікте мәслихаттар депутаттарының сайлауын басқа уақытқа ауыстыру туралы шешім қабылдады»,- деп түсіндіріп өтті Ортсайлауком Басшысы.
Ортсайлауком өз отырысында облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары берген 2011 жылғы 30 желтоқсандағы жағдай бойынша сайлаушылар туралы мәліметтер негізінде, сайлаушылардың жалпы санының 1 проценті резервімен дайындалуы және сайлау учаскелеріне жеткізілуі тиіс қосымша бюллетеньдер санын белгіледі: Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы бойынша олар - 24358 дананы, ал Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау бойынша – 48716 дананы құрайды.
Оның сыртында, ҚР ОСК Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы жөніндегі сайлау бюллетенінің мәтінін бекітті. Бұл бюллетеньдер орталықтандырылған түрде 394 данада (1 проценттік резервті қоса) дайындалатын болады.
6 қаңтарда Ортсайлауком 4 халықаралық ұйым мен 13 шет мемлекеттен тағы 369 байқаушыны аккредиттеді.
Сонымен, қазіргі сәтте Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша 695 халықаралық байқаушы аккредиттелген.
Олардың 292-і – ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Қазақстан Республикасындағы кезектен тыс парламенттік сайлауды байқау жөніндегі байқаушылар Миссиясының құрамына, 257-і – ТМД-дан байқаушылар Миссиясының құрамына, 11-і – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының байқаушылар Миссиясының құрамына кіреді, 9-ы Түркі тілдес мемлекеттер ынтымақтастығы Кеңесінен, 4-і – Ислам Ынтымақтастығы Ұйымынан, 10-ы – Түркі тілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясынан өкілдік етеді, тағы 112-і – 29 шет мемлекеттен келген байқаушылар.
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқауыларын аккредиттеу 2012 жылғы 9 қаңтарға дейін жүреді.
2011 жылғы 16 қараша мен 2012 жылғы 6 желтоқсан аралығындағы кезеңде Орталық сайлау комиссиясына 99 өтініш келіп түсті. Олардың 73-і - сайлау науқанының әртүрлі мәселелеріне, тағы 26-ы - сайлау комиссияларының, сайлау үдерісіне қатысушылардың және бұқаралық ақпарат құралдарының қызметіне қатысты.
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
баспасөз орталығы
тел. 75-21-32, 75-28-43, 75-28-44
Ағымдағы сайлау науқаны туралы ақпарат
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау 2026 жыл
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы
