| 01.08.2014 |
|
2014 жылғы 1 тамызда «2014 жылғы 1 қазанға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы жарияланды.
Сол күні Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының баспасөз конференциясы өтті, оның шеңберінде Ортсайлауком Төрағасы мен мүшелері алдағы сайлау науқанын өткізуге дайындық барысы туралы айтып берді.
Қ. Тұрғанқұлов өз сөзінде 2008 жылғы 4 қазанда сайланған сенаторлар өкілеттігінің конституциялық мерзімі ағымдағы жылғы 9 желтоқсанда аяқталатынын атап өтті. Осылайша, 1 қазанда республиканың 16 өңірінде еліміздің жоғарғы заң шығарушы органының жоғарғы палатасына бір депутаттан сайлауымыз керек.
Сенат депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асады.
Жанама сайлау құқығы - Парламент Сенаты депутаттарының сайлауында дауыс беруге тек таңдаушылар – мәслихаттар депутаттары ғана қатысады дегенді білдіреді.
Осылайша, өз кезегінде азаматтар тікелей сайлауда сайлаған мәслихаттар депутаттары сенаторларды сайлайды, ал олар легитимді түрде Парламентте өңір жұртшылығының мүдделерін білдіреді.
Ортсайлауком басшысы атап өткендей, Парламент палаталарының бірін қалыптастырудың осындай үлгісі әлемдік тәжірибеде өте жиі кездеседі.
Мысалы, біздің еліміздегі сияқты екіпалаталы парламенті бар 77 мемлекеттің 21-інде жоғарғы палаталар жалпыға бірдей сайлау арқылы құралады, 18 елде - тағайындау арқылы, 12 елде – жанама сайлау арқылы, 26 елде жоғарыда көрсетілген үш нысанды үйлестіру және оларды түрлі ұштастыру жолымен құралады.
Қазақстандық Парламенттің жоғарғы палатасы депутаттарының өкілеттік мерзімі алты жылды құрайды. Әр үш жыл сайын Сенат депутаттарының жартысы қайта сайланады.
Кандидаттарды ұсыну мәслихаттар сессияларында, сондай-ақ өзін-өзі ұсыну тәртібімен жүзеге асырылады. Сондай-ақ саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өздерінің мәслихаттардағы өкілдері арқылы өз кандидаттарын ұсына алу мүмкіндігі бар.
Конституцияға және заңнамаға сәйкес жасы 30-ға толған, жоғары білімі бар және жұмыс стажы бес жылдан кем емес, сондай-ақ еліміздің аумағында соңғы он жыл бойы және бойы өзі дауысқа түсетін өңір аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұратын Қазақстан азаматы Парламент Сенатының депутаты бола алады.
Парламент Сенатының депутаттығына кандидат ретінде тіркелу үшін үміткер өңірдегі барлық мәслихаттар депутаттарының кемінде он пайызының қолдауына ие болуы тиіс. Бұл қолдау мәслихаттар депутаттарының тиісті қолдар санын жинау арқылы куәландырылады.
Сенат депутаттығына кандидат тіркеуге дейін және оның Конституция мен Сайлау туралы заңда қойылған талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін, сондай-ақ оны қолдап жиналған қолдар тексерілгеннен кейін сайлау жарнасын енгізеді. Биылғы жылы бұл жарна 299 мың 490 теңгені құрайды.
Сонымен қатар, кандидат және оның зайыбы (жұбайы) тіркеуге дейін тұрғылықты жері бойынша салық органдарына табысы мен мүлкі туралы декларация тапсыруға міндетті.
Сайлау заңнамасына сәйкес Сенат депутаттарының сайлауы балама негізде өтеді. Яғни, дауыс беруге арналған бюллетеньдерге екі кандидаттан кем енгізілмеуі қажет.
«2014 жылғы 1 қазанға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын тағайындау туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Жарлығының ережелерін іске асыру мақсатында Орталық сайлау комиссиясы осы сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекітті.
Аталған жоспарға сәйкес кандидаттарды ұсыну ағымдағы жылғы 31 тамызға дейін жүреді. Кандидаттарды тіркеу 2014 жылғы 11 қыркүйекке дейін, ал сайлау алдындағы үгіт 12 қыркүйекте басталып, 29 қыркүйек күнгі 24.00 сағатқа дейін жүргізіледі.
Дауыс беруді, дауыстарды санауды және нәтижелерін жариялауды облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары бір күн ішінде – 1 қазанда жүргізеді.
Сайлаудың соңғы қорытындыларын Ортсайлауком 2014 жылғы 7 қазаннан кешіктірмей анықтауы қажет.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауын өткізуге 2014 жылы республикалық бюджеттен барлығы 136 миллион теңге бөлінетін болады.
Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттың әрқайсысына сайлау алдындағы үгітті жүргізуге, сондай-ақ көліктік шығындарға республикалық бюджеттен қаражат бөлінеді.
Сонымен қатар, кандидаттардың әрқайсысы жалпы қаражат мөлшері 13 млн 976 мың 200 теңгеден аспайтын сайлау қорын құра алады.
Сыртқы істер министрлігі Ортсайлаукоммен бірлесіп халықаралық байқау институтын ашады.
Сайлау заңнамасына сәйкес Ортсайлауком Парламент Сенаты депутаттарының сайлауын ұйымдастыруға және өткізуге жалпы басшылық етеді. Сайлауды өткізуді облыстық, Астана және Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиялары тікелей қамтамасыз етеді. Сондықтан ұйымдастырушылық, ақпараттық және үгіттік жұмыс өңірлерде жүргізілетін болады.
Кандидаттарға сайлау алдындағы үгітті жүргізуге республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты сайлау комиссиялары кандидаттардың үгіттік материалдарын тек жергілікті өңірлік масс-медиада жариялауын қаржыландыруға жұмсайтын болады.
Баспасөз-конференциясы барысында Ортсайлауком басшысы қазіргі уақытта Ортсайлауком мен жұмылдырылған сайлау органдары қажетті ұйымдастырушылық, техникалық және қаржылық ресурстармен қамтамасыз етілді деп атап өтті.
Азаматтарды неғұрлым толық ақпараттандыру мақсатында Ортсайлаукомның тапсырысы бойынша алдағы сайлауға арналған ақпараттық бейне- және дыбысроликтер әзірленді, олар негізгі республикалық және өңірлік теледидар мен радиоарналарының хабар тарату кестесінде 1 тамыздан бастап орналастырылады.
Сонымен қатар барлық облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында ақпараттық билбордтар орналастырылады.
Сондай-ақ Қ.Тұрғанқұлов сайлауды әзірлеу мен өткізу кезеңінде тұрақты жұмыс жасайтын Ортсайлауком баспасөз-орталығының ашылғаны туралы хабардар етті.
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
баспасөз қызметі
тел. 75-28-43, 75-28-44
Ағымдағы сайлау науқаны туралы ақпарат
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау 2026 жыл
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы
