| 09.03.2015 |
|
2015 жылғы 9 наурызда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Уәлихан Әбішұлы Қайсаровтың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы болды.
Өткен емтиханның нәтижелері бойынша лингвистикалық комиссия ашық дауыс беру арқылы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Уәлихан Әбішұлы Қайсаровтың мемлекеттік тілді еркін меңгермегені туралы бірауыздан шешім қабылдады.
Комиссия Төрағасы М. Жолдасбеков комиссияның шешімін былай деп атап көрсетті: «Бірінші жазбаша тапсырмада кандидатқа берілген уақыт жетпей, оған қосымша жарты сағат уақыт берілді, осының өзі оған «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы: тарихы мен бүгіні» атты таңдап алған тақырыпты орындауға көмектеспеді. Үміткер тақырыпты дұрыс түсінбеді және тиісінше оны аша алмады. Сонымен қатар ол 23 қате жіберді, оның ішінде 5 орфографиялық, 11 пунктуациялық және 7 стилистикалық.
Екінші тапсырмада, І. Есенберлиннің прозасынан үзінді оқығаннан кейін, кандидат мәтіннің мазмұны бойынша кейбір сұрақтарға жауап бере алмады, сондай-ақ оқу барысында қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын бұзды.
Үшінші тапсырма бойынша кандидат «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деген тақырыпқа 15 минуттық сөз сөйлеуге тиіс еді. Аталған тақырыпты кандидат аша алмады, ол сөзінің сөздік қорының аздығын, сондай-ақ қазақ тіліндегі сөйлем құрылысына қатысты кейбір ережелерді білмейтінін көрсетті. Нәтижесінде лингвистикалық комиссия аталған кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгермегені туралы бірауыздан шешім қабылдады».
Отырысқа Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүлеймен қатысты.
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
баспасөз қызметі
тел. 75-28-43, 75-28-44
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы
