| 27.11.2026 |
|
ОСК ОТЫРЫСЫНДА ӨҢІРЛЕРДІҢ МӘСЛИХАТТАР ДЕПУТАТТАРЫН САЙЛАУҒА
ДАЙЫНДЫҒЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Астана қаласында 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасының мәслихаттар депутаттарын сайлау науқаны аясында Орталық сайлау комиссиясының үшінші отырысы өтті. Отырысқа саяси партиялардың, ішкі істер министрлігінің, жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің, Мемлекеттік кірістер комитетінің, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сонымен қатар онлайн форматта аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, астана, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың округтік сайлау комиссияларының басшылары, облыс әкімі аппараттарының басшылары қатысты. Отырыс дәстүрлі түрде Орталық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурсы мен YouTube-арнасында сурдоаудармамен тікелей эфирде көрсетілді.
Күн тәртібіне сәйкес 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарының сайлауын өткізуге дайындық мәселесі қаралды.
Отырысты ашқан Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров еліміздегі сайлау науқаны бекітілген Күнтізбелік жоспарға сәйкес уақытылы әрі жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Бұл сайлау науқаны барысында Орталық сайлау комиссиясының отырыстарында және комиссия мүшелерінің еліміздің барлық өңірлеріне жасаған инспекциялық сапарлары кезінде негізгі ұйымдастырушылық мәселелердің барлығы қаралып, тиісті тапсырмалар берілді. Сондай-ақ сайлау комиссиялары мүшелерінің дайындық деңгейімен танысып, оқыту семинарлары ұйымдастырылды. Қазір біз сайлау науқанының қорытынды кезеңіне келдік. Ендігі басты міндет - дауыс беру күнін ұйымдасқан түрде өткізіп, азаматтардың сайлау құқықтарының толық іске асырылуын қамтамасыз ету. Еліміз бойынша сайлаушылар тізіміне енгізілген сайлаушылардың жалпы саны - 12 679 459 адам. Дауыс беру күніне сайлау учаскелерінің дайындығын қамтамасыз ету барысында олардың материалдық-техникалық жабдықталуын, мүгедектігі бар азаматтар үшін қолайлы жағдай жасалуын, сайлау бюллетеньдерін жеткізу, сондай-ақ дауыс беруді ұйымдастыруға қатысты басқа да маңызды мәселелерді ескеру өте маңызды», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Күн тәртібіндегі мәселені талқылау барысында жиырма аумақтық сайлау комиссиясы төрағаларының баяндамалары тыңдалды. Олар сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығы туралы есеп берді. Әр өңір бойынша сайлау комиссияларының, кандидаттар мен сайлаушылардың саны, сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы, сайлау бюллетеньдерін әзірлеу және есептен шығару куәліктерін беру жөніндегі тиісті статистикалық мәліметтер ұсынылды. Сондай-ақ дауыс беру күні азаматтарды тексеру және тіркеуге арналған онлайн-сервистердің жұмысына ерекше назар аударылды.
Сайлау процесіне қатысушыларды оқыту жұмыстарының нәтижелері туралы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов баяндады. Оның айтуынша, еліміз бойынша 5 743 оқыту іс-шарасы өткізіліп, 101 896 адам қамтылды. Сайлау комиссияларының мүшелеріне әдістемелік қолдау көрсету мақсатында науқанның басында Орталық сайлау комиссиясы оқу-әдістемелік кешен мен округтік сайлау комиссияларына арналған нұсқаулық әзірлеп, өңірлерге жолдады.
«Сайлау науқанына жұмылдырылған сайлау комиссияларының 86 мыңнан астам мүшесі толық көлемде оқытудан өтті. Олар үшін каскадтық оқыту әдісін қолдана отырып, 3 814 семинар ұйымдастырылды. Бұл ретте округтік сайлау комиссиялары мүшелерін даярлауға басымдық берілді. Білім деңгейін тексеру мақсатында сайлау комиссияларының барлық мүшесі кезең-кезеңімен қашықтан тестілеуден өтіп, тиісті сертификаттар алды. Бұдан бөлек өңірлерде саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен сайлау процесінің басқа да қатысушыларына қажетті ақпараттық-түсіндіру және оқыту жұмыстары жүргізілді. Оның аясында 2 мыңға жуық іс-шара өткізіліп, 15 887 адам қатысты», - деп хабарлады Шавхат Өтемісов.
ОСК мүшесі Азамат Айманакумовтың ақпараты бойынша 29 қараша күні еліміз бойынша 10 338 сайлау учаскесі ашылады. Оның ішінде 101 сайлау учаскесінде дауыс беру таңғы сағат 6:00-ге белгіленсе, қалған барлық учаскеде дауыс беру сағат 7:00-де басталады.
ОСК отырысы барысында азаматтарды ақпараттандыру бағытында атқарылған жұмыстар да баяндалды. Атап айтқанда, республикалық, өңірлік деңгейде телеарналар мен радиоарналарда қазақ және орыс тілдерінде бейне және аудиороликтердің көрсетілімі мен эфирге берілуі қамтамасыз етілді. Ал есту қабілеті төмен азаматтар үшін сурдоаударма қарастырылған.
Азаматтарға қолайлы болуы үшін GOV.KZ платформасында өз сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайын білуге мүмкіндік беретін үш онлайн-алаң жұмыс істейді. Сондай-ақ азаматтарға сайлауға шақыру жөнінде SMS-хабарламалар, eGov Mobile қосымшасы мен екінші деңгейлі танымал банктердің мобильді қосымшалары арқылы сайлау учаскесін іздеу сервисіне сілтемесі бар PUSH-хабарламалар жолданды. Бұдан бөлек, азаматтар өздерін қызықтырған сұрақтарға Орталық сайлау комиссиясының сайтында жұмыс істейтін «Sailau AI» жасанды интеллект көмекшісі арқылы да жауап ала алады.
«Науқан бойы комиссияларымыздың жұмысы әрбір сайлаушының алдағы сайлау туралы қажетті ақпаратты уақытылы алуына бағытталды. Цифрлық жұмыс әдістері кеңінен қолданылды. Сонымен бірге, азаматтармен тікелей қарым-қатынас жасау әрдайым маңызды. Сондықтан сайлау учаскелерінің комиссия мүшелері қалыптасқан тәжірибеге сәйкес, сайлаушыларға жеке шақыру қағаздарын табыстай отырып, үй-үйді аралау жұмыстарын жүргізді. Біздің міндетіміз - азаматтарды кеңінен ақпараттандырумен ғана шектелмей, әрбір сайлаушының қажетті мәліметтерді еш кедергісіз алуына және 29 қараша күні өзінің конституциялық құқығын жүзеге асыруына жағдай жасау», - деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман.
Орталық сайлау комиссиясының отырысында дауыс беру күні мен оның қарсаңындағы күні сақталуы тиіс негізгі ережелер мен шектеулер туралы да сөз қозғалды. Атап айтқанда, дауыс беру күні және оның қарсаңындағы тыныштық күні сайлау алдындағы үгіт жүргізуге тыйым салынатыны атап өтілді. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда қоғамдық пікірге сауал салу нәтижелері, сайлау қорытындылары туралы болжамдарды, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді жариялауға, кандидаттарды немесе саяси партияларды қолдап дауыс беруге шақыруға жол берілмейтіні ескертілді.
«Маңызды мәселелердің бірі - байқаушылардың қызметі. Бүгінде 258 қоғамдық бірлестік пен коммерциялық емес ұйым аккредиттеуден өткен. Оның ішінде 13 ұйым Орталық сайлау комиссиясында, 245 ұйым аумақтық сайлау комиссияларында аккредиттелген. Байқаушыларға дауыс беру процесін кедергісіз байқау мүмкіндігі қамтамасыз етілуі тиіс. Сайлау учаскесінің ғимаратында болатын барлық тұлға сайлау комиссиясы белгілеген ережелерді қатаң сақтауға міндетті», - деп еске салды Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік.
Отырысты қорытындылаған Нұрлан Әбдіров сайлау күніне дайындық жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталғанын атап өтті. Сонымен қатар ол аумақтық сайлау комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдарға дауыс беру күніне дейін қалған уақытта жоспарланған іс-шараларды толық аяқтауды тапсырды.
«Сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын, учаскелерде кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстарын толық аяқтауды, сондай-ақ қолайсыз ауа райы жағдайларына дайын болуды тапсырамын. Әсіресе шалғай елді мекендерде жергілікті атқарушы органдардың, төтенше жағдайлар қызметтерінің, жол және коммуналдық қызметтердің өзара іс-қимылын алдын ала үйлестіру қажет. Комиссияның барлық мүшесі заңнама нормаларын мүлтіксіз сақтауға міндетті. Бұл - сайлау процесінің барлық кезеңіндегі басты талап әрі ортақ жауапкершілігіміз. Біздің барлық жұмысымыз «Заң мен Тәртіп» конституциялық қағидатына негізделуі тиіс», - деп түйіндеді Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы.
ОСК отырысының қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшелері дәстүрлі баспасөз брифингі барысында журналистердің сұрақтарына жауап берді.
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы











