| 21.11.2026 |
|
МӘСЛИХАТТАР ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ САЙЛАУЫ: ОРТСАЙЛАУКОМ
МҮШЕЛЕРІ ЕЛІМІЗДІҢ БАРЛЫҚ ӨҢІРЛЕРІНДЕГІ УЧАСКЕЛЕРДІ
ТЕКСЕРУДЕ
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, мәслихаттар депутаттарының сайлауын ұйымдастыру барысымен танысты.
Ол ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманмен бірге Түркістан қаласы мен Отырар ауданындағы бірқатар аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына барды.Сапар барысында сайлау учаскелерінің техникалық жарақтандырылуы мен дайындығына, сондай-ақ комиссия мүшелерінің кәсіби даярлығына ерекше назар аударылды.
Инспекциялық сапар аясында сайлау науқанын өткізудің негізгі мәселелері талқыланған кеңес өтті. Жиында жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының өкілдері атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.Сайлау учаскелерінің дауыс бер күніне дайындығы барысын зерделеуде мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыруына қажетті жағдайлар жасау мәселесі басты назарда болды.Облыста мүгедектігі бар 15 104 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде: 3 491 адам мүгедектер арбасымен қозғалады, 7 750 азаматтың көру қабілеті бұзылса, 3 863 азаматтың есту қабілеті бұзылған.Олардың дауыс беруге қатысуын қамтамасыз ету мақсатында 65 инватакси, 105 әлеуметтік такси қызметі қарастырылған. Сонымен қатар 209 сурдоаудармашы және І топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған 770 жеке көмекшінің көмек көрсету қызметі ұйымдастырылған.
Сайлаушыларды ақпараттандыру заманауи форматта ұйымдастырылған. Сайлау учаскелерінің шекаралары, партиялық тізімдер мен кандидаттар туралы барлық ақпарат ресми интернет-ресурстарда орналастырылған. Тұрғындар облыс әкімдігінің сайтындағы «Өз сайлау учаскеңізді табыңыз» арнайы сервисі арқылы өз сайлау учаскесін жедел түрде біле алады.Дауыс беру күні 557 сайлау учаскесінде азаматтарды онлайн тексеру және тіркеу сервистері қолжетімді болады.
Кеңесті қорытындылай келе, Нұрлан Әбдіров сайлау науқанын өткізудегі басты қағидаттар заңдылық пен ашықтық, сондай-ақ әрбір азаматтың өз сайлау құқығын жүзеге асыруы үшін қолайлы жағдай жасау екенін атап өтті.
«Биыл сайлау комиссиялары екі электоралдық науқанды сәтті өткізді. Қазіргі уақытта үшінші науқан - барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлау науқаны өтуде. Оның жоғары деңгейде ұйымдастырылуы сайлау комиссияларының әрбір мүшесі және тиісті мемлекеттік органдардың кәсібилігі мен атқаратын жұмысына тікелей байланысты. Осыған орай, сайлауға дейінгі қалған уақытты тиімді пайдаланып, сайлау комиссияларының барлық мүшелерін оқытып, сайлауды тиімді ұйымдастыруды қамтамасыз етуге шақырамын», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
ОСК мүшелерінің өңірлерге жасалатын барлық жұмыс сапарларының міндетті бөлігі - аудандық, қалалық аумақтық және округтік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинарларын өткізу.Түркістан облысында өткен осындай семинарға 120-ға жуық адам қатысты. Оқыту барысында сайлау науқанын қаржыландыру тетіктері, учаскелік сайлау комиссиялары жұмысының практикалық тәжірибесі мен олардың қызметіндегі өзекті мәселелер, сайлау науқаны кезеңіндегі комиссиялардың негізгі міндеттері, сондай-ақ дауыс беру күні туындауы мүмкін конфликт кезіндегі комиссия мүшелерінің іс-қимыл алгоритмдері қарастырылды.
Семинарға қатысушылар нақты практикалық кейстерді талқылап, тәжірибе алмасты және интерактивті ойындар арқылы практикалық дағдыларын бекітті.Айта кетейік, өңірде жыл басынан бері каскадтық әдіс пен геймификация қағидаттарын қолдану арқылы 581 оқыту семинары өткізілді. Оның ішінде мәслихат депутаттарын сайлауға дайындық аясында аудандық, қалалық аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған 307 оқыту семинары ұйымдастырылды. Оқу бағдарламасы ахуалдық модельдеуді, түрлі жағдайлар туындаған кездегі іс-қимыл алгоритмдерін, сондай-ақ қатаң түрде заңнама шеңберінде жедел шешім қабылдау тетіктерін қамтыды.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында 1 млн 210 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Өңірде 952 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлау процесін ұйымдастыруға құрамында 7 976 мүшесі бар 1 282 комиссия жұмылдырылған.
Апта бойы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері Қазақстанның түрлі өңірлерінде инспекциялық жұмыстарын жалғастырды. Атап айтқанда, ОСК хатшысы Шавхат Өтемісов Алматы облысында сайлау комиссияларының барлық деңгейін қамтитын үздіксіз оқытудың каскадтық әдісін іске асыру барысын талдады. Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырған практикумға 120 округтік сайлау комиссиясының төрағасы қатысты. Дәстүр бойынша бағдарлама алдымен тестілеуден басталды. Оның нәтижелері қатысушылардың дайындық деңгейін анықтауға және алдағы жұмыстың бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. ОСК семинарында сайлау заңнамасын тәжірибе жүзінде қолдануға негізгі басымдық берілді. Атап айтқанда, іс-қимыл алгоритмдері пысықталып, қорытынды хаттамаларды рәсімдеу тәртібі, мүгедектігі бар азаматтарға жағдай жасау, дауыс беру күні байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің құқықтарын сақтау мәселелері қарастырылды. Өз кезегінде семинар соңында өткізілген қорытынды тестілеу оқу материалдарынмеңгеру және алынған білімді бекіту деңгейін бағалауға мүмкіндік берді.
Батыс Қазақстан облысында Шавхат Өтемісов сайлаушылармен сапалы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына тоқталды. Ол әрбір сайлаушы дауыс беру күні, уақыты және өз сайлау учаскесінің орналасқан жері туралы нақты ақпаратты уақытылы алуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ азаматтарға кеңес беретін байланыс орталықтарының тұрақты жұмыс істеу қажеттігін атап көрсетті. Бұл қажетті ақпараттың қолжетімділігін арттырып, азаматтардың конституциялық сайлау құқығын кедергісіз жүзеге асыруына ықпал етеді.
Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Михаил Бортник Мамлют ауданындағы және Петропавл қаласындағы бірқатар округтік және учаскелік сайлау комиссияларына барды. Ол комиссия мүшелерімен ағымдағы ұйымдастыру мәселелерін талқылады. Кездесу барысында сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жабдықталуы, мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімділігі және сайлау бюллетеньдерін уақытылы жеткізу тәртібі туралы ақпараттар ұсынылды.Сонымен қатар ол Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырған округтік және учаскелік сайлау комиссияларына арналған оқыту семинарына қатысты.
Жетісу облысының мемлекеттік органдары басшыларымен өткен кеңесте ОСК мүшесі Азамат Айманакумов өңірді сайлауға дайындау бойынша негізгі міндеттерді атап өтті. Жиында жергілікті мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларының өзара іс-қимылы сайлау процесін тиісінше ұйымдастырудың қажетті шарты екендігі қарастырылды. Негізгі міндеттер қатарында сайлау учаскелерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтар үшін дауыс берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету және туындаған мәселелерді уақытылы шешу мәселелері бар.
Ұлытау облысында Азамат Айманакумов Жезқазған қаласындағы округтік және учаскелік сайлау комиссияларының дайындығын тексерді. Сапар барысында мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне жасалған жағдайларға ерекше назар аударылды. Дауыс беру күні инватакси қызметінің жұмысы ұйымдастырылады.Сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау және туындаған мәселелерді жедел қарау мақсатында өңірде бес байланыс орталығы мен бірыңғай Senim 109 үйлестіру орталығы жұмыс істейді.Дауыс беру күні 63 онлайн-сервис іске қосылады. Оның ішінде 57 сайлау учаскесінде сайлаушылар туралы мәліметтерді тексеру, ал 6 учаскеде азаматтарды сайлау учаскесінің мекенжайы бойынша уақытша тіркеу сервистері қолжетімді болады.Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі екі өңірде де округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинарларына қатысты.
Айта кететін болсақ, Алматы облысында сайлауды дайындау және өткізу жұмыстарына құрамында 5 287 мүшесі бар 899 сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Өңірдегі сайлаушылар саны 1 млн 56 мыңнан асады.
Батыс Қазақстан облысында 4 079 мүшесі бар 673 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Өңірдегі сайлаушылар тізіміне 451 мыңнан астам азамат енгізілген.
Солтүстік Қазақстан облысында сайлауды өткізуге 4 061 адам жұмыс істейтін 731 сайлау комиссиясы тартылған. Өңірде 364 мыңнан астам сайлаушы тіркелген.
Жетісу облысында құрамында 3 719 мүшесі бар 625 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Сайлаушылар саны 442 мыңнан асады.
Ұлытау облысында сайлау процесін ұйымдастыруды құрамында 1 203 мүшесі бар 203 сайлау комиссиясы жүзеге асырады. Сайлаушылар тізіміне 137 мыңнан астам азамат енгізілген.
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы























