| 19.11.2026 |
|
НҰРЛАН ӘБДІРОВ: БІЗДІҢ МІНДЕТІМІЗ - АЗАМАТТАРДЫҢ ЕРКІН ЕРІК
БІЛДІРУІНЕ ҚАЖЕТТІ БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙДЫ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ
2026 жылғы 18 қарашада Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров инспекциялық сапар аясында Қызылорда облысында болды. Ол ОСК Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманмен бірге өңірдің кезектен тыс мәслихат депутаттарының сайлауына дайындығымен танысты.
Сайлауды ұйымдастыру мен өткізудің негізгі мәселелері жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары басшыларының, облыстық және қалалық аумақтық сайлау комиссиялары өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте талқыланды. Кеңес барысында сайлау науқанының негізгі кезеңдерін заңнама талаптарына сәйкес өткізу, сайлаушылар тізімдерін өзектендіру, сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру, азаматтардың сайлау құқықтарын жүзеге асыруы үшін қажетті жағдайлар жасау, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен сайлау комиссиялары арасындағы өзара іс-қимылды күшейту мәселелері қаралды.
Нұрлан Әбдіров сайлау процесінің заңдылығын, ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етудің, барлық саяси партиялар мен кандидаттар үшін тең жағдай жасаудың, сондай-ақ комиссиялар қызметінде заңнама нормаларын біркелкі қолданудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар сайлау учаскелерін қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету, электр энергиясы мен интернет байланысының үздіксіз жұмыс істеуі, ғиамараттарда қолайлы температуралық режимді сақтау, сондай-ақ мүгедектігі бар азаматтар үшін кедергісіз орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Аумақтық сайлау комиссиялары мен тиісті мемлекеттік органдарға дауыс беру кезінде мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасалуына қатысты сайлау учаскелеріне қосымша мониторинг жүргізуді тапсырамын. Сондай-ақ сайлаушыларға сайлау учаскесінің нөмірі мен мекенжайы көрсетілген дербес шақыру қағаздарын уақытылы табыстаудың маңыздылығына назар аударғым келеді. Мұндай шақыру қағаздарын пошта жәшіктеріне, тұрғын үйлердің кіреберістеріне немесе есіктердің жақтауларына қалдыруға жол берілмейді. Дербес деректердің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында шақыру қағаздары сайлаушылардың өз қолына табысталуы тиіс. Бұл - аса маңызды мәселе. Біз барлығымыз сайлаушылар үшін жұмыс істейміз. Ал қазіргі басты міндетіміз - азаматтардың еркін ерік білдіруі үшін барлық қажетті жағдайды қамтамасыз ету», - деп тапсырды Нұрлан Әбдіров.
Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің еліміздің өңірлеріне инспекциялық сапарларының маңызды бағыттарының бірі - сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығын тексеру және одан әрі жетілдіру. Қызылорда қаласында да басқа өңірлердегідей округтік сайлау комиссиялары мүшелеріне арналған оқыту семинары ұйымдастырылып, олардың сайлау заңнамасы бойынша білім деңгейін бағалауға бағытталған тестілеу өткізілді. Семинар жұмысына сайлау комиссияларының 100-ге жуық мүшесі қатысты. Дәрістер мен практикалық сабақтарда нақты жағдайларды талдауға баса назар аударылды. Атап айтқанда, сайлау рәсімдерін ұйымдастыру, комиссия мүшелерінің өкілеттіктері мен жауапкершілігі, заңнама нормаларын қолдану, сондай-ақ дауыс беру күні туындауы мүмкін түрлі жағдайларда шешім қабылдау мәселелері қарастырылды.
Айта кетейік, өңірде сайлау комиссиялары мүшелерінің білім деңгейін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта облыс орталығы мен аудандарда көшпелі оқыту семинарлары ұйымдастырылып, олардың аясында комиссия мүшелерінің теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде бекітуге бағытталған практикалық тапсырмалар орындалады.
Сапар барысында Нұрлан Әбдіров облыстық және қалалық аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары және мүшелерімен де жұмыс кездесуін өткізді. Кездесуде ағымдағы сайлау науқанының ерекшеліктері, комиссиялардың дауыс беру күніне дайындық деңгейі, сайлау заңнамасын қолдану тәжірибесі, сондай-ақ сайлау процесінің заңдылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
ОСК Төрағасы бірқатар сайлау учаскесін аралап, олардың алдағы дауыс беруге дайындығымен танысты. Сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайлардың жай-күйін, комиссия мүшелерінің жұмыс жағдайларын, қажетті құрал-жабдықтардың болуын және ақпараттық материалдардың орналастырылуын зерделеді.
Нұрлан Әбдіровке өңірде сайлаушыларды ақпараттандыру және олардың сайлау құқықтарын жүзеге асыруына жәрдемдесу мақсатында цифрлық сервистердің қолданылуы туралы баяндалды. Атап айтқанда, өңірде азаматтарға өздерінің сайлау учаскесін анықтауға мүмкіндік беретін «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» электрондық платформасы іске қосылған. Бүгінгі таңда облыстың 70 мыңнан астам тұрғыны аталған сервисті пайдаланған. Бұл қызметті «Смарт Қызылорда» мобильді қосымшасы және Telegram-бот арқылы да алуға болады.
Айта кетейік, Қызылорда облысында алдағы мәслихат депутаттарын сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге 9 аумақтық, 136 округтік және 386 учаскелік сайлау комиссиясы тартылған. Олардың құрамында барлығы 3 453 комиссия мүшесі жұмыс істейді.
Сайлаушылар тізіміне 501 мыңнан астам азамат енгізілген.
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы
















