| 16.11.2026 |
|
ОСК ТӨРАҒАСЫ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРІНІҢ
МӘСЛИХАТ САЙЛАУЫНА ДАЙЫНДЫҒЫН ТЕКСЕРДІ
2026 жылғы 14-15 қарашада ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров инспекциялық сапар аясында Алматы қаласындағы сайлау учаскелерінің 2026 жылғы 29 қарашаға тағайындалған мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық барысымен танысты. Ол ОСК мүшесі Әсел Жанәбіловамен бірге округтік және учаскелік сайлау комиссияларын аралап, мемлекеттік орган өкілдерімен және сайлау комиссияларының мүшелерімен, сондай-ақ оқыту семинарының қатысушыларымен кездесті.
Қала басшылығының, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ аумақтық сайлау комиссиясы өкілдерінің қатысуымен өткен кеңес барысында мегаполистің алдағы дауыс беруге дайындығына қатысты мәселелер қаралды. Атап айтқанда, сайлаушылар тізімдерін өзектендіру, сайлау учаскелерін материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтау, сайлау заңнамасының талаптарын сақтау және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Нұрлан Әбдіров сайлау процесінің заңдылығын, ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларының үйлесімді жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар электр энергиясы мен интернет желілерінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, сайлаудың күз мезгілінде өтетінін ескере отырып, учаскелердің ғимараттары мен аумақтарында қолайлы температуралық режимді сақтауға және жарықтандыруды қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды.
«Ағымдағы жылдың 29 қарашасына тағайындалған мәслихат депутаттарының сайлауы - жергілікті өкілді органдарды одан әрі күшейту жолындағы маңызды кезең. Осыған байланысты қазіргі уақытта сайлауға қатысатын барлық саяси партиялар мен өзін-өзі ұсынған кандидаттар үшін тең жағдай жасау айрықша маңызға ие. Тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ аумақтық және округтік сайлау комиссияларының мүшелері бұл мәселеге ерекше назар аударуы тиіс. Бұдан бөлек, сайлауға дейінгі қалған уақытта барлық электоралдық рәсімдердің сайлау заңнамасына сәйкес өтуін қамтамасыз ету мақсатында сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту жұмыстарын жалғастыру қажет», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Инспекциялық сапар барысында ОСК Төрағасы Түрксіб ауданындағы №20, Наурызбай ауданындағы № 10 округтік сайлау комиссияларында болды. Сонымен қатар ол №449 және №690 учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен танысты. Комиссиялардың дауыс беру күніне дайындығы, олардың мүшелерінің жұмыс жағдайлары, үй-жайлардың қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі, дауыс беру кабиналарының, сайлау жәшіктері мен ақпараттық стендтердің болуы зерделенді. Сондай-ақ сайлау учаскелерінің мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Атат өтетін болсақ, Алматы қаласында азаматтардың тіркелген жері бойынша құрылған 597 сайлау учаскесінің барлығы ғимараттардың бірінші қабаттарында орналасқан. Олар қажетті пандустармен, тактильді көрсеткіштермен және кресло-арбаны пайдаланатын сайлаушыларға бейімделген арнайы дауыс беру кабиналарымен жабдықталған. Бұдан бөлек, учаскелерде мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы ақпараттық бұрыштар қарастырылған. Дауыс беру күні 170 инватакси көлігі мен 40 сурдоаудармашыны жұмылдыру жоспарланып отыр.
Сапар аясында Нұрлан Әбдіров Алматы қаласының аумақтық және округтік сайлау комиссияларының өкілдерімен де жұмыс кездесуін өткізді.
Кездесу барысында ағымдағы сайлау науқанының ерекшеліктері, сайлау заңнамасы нормаларын бірізді қолдану, дауыс беру күні туындауы мүмкін түрлі жағдайларға комиссия мүшелерінің дайындығы, сондай-ақ сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
ОСК сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинарын ұйымдастырды. Оған қатысқан 160-тан астам адам ағымдағы сайлау науқанының ерекшеліктері мен маңызды тұстары бойынша теориялық білімдерін толықтырып, практикалық сабақтар барысында оларды іске асыру тетіктерін пысықтады.
Айта кетейік, Алматы қаласындағы сайлау комиссиялары мүшелерінің біліктілігін арттыру жұмыстары каскадтық оқыту әдісі бойынша да жалғасуда. 28 қарашаға дейін 4 831 тыңдаушыны қамтитын 2 856 оқыту іс-шарасын өткізу жоспарланған.
Қалада ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Сайлау учаскелері туралы мәлімет алу және сайлаушылар тізіміне енгізілгенін тексеру үшін бірыңғай 109 колл орталығы, арнайы интернет-сервис, Telegram-бот және сайлау округтерінің интерактивті картасы жұмыс істейді. Сонымен қатар азаматтарды ақпараттандыру жұмыстары бұқаралық ақпарат құралдары мен сыртқы ақпараттық конструкциялар арқылы да жүзеге асырылуда.
Алматы қаласы мәслихаты депутаттарының алдағы сайлауын өткізуге барлығы 700 сайлау комиссиясы жұмылдырылған. Оның ішінде 9 аумақтық, 21 округтік және 670 учаскелік сайлау комиссиясы бар. Сайлау комиссиялары мүшелерінің жалпы саны - 4 826 адам. Алматы қаласы бойынша сайлаушылар тізіміне 1 миллион 355 мыңнан астам азамат енгізілген.
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы



















