| 14.11.2026 |
|
ҚР ОСК МҮШЕЛЕРІ ӨҢІРЛЕРДЕГІ САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРІН
ТЕКСЕРУДІ ЖАЛҒАСТЫРУДА
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшелері мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізуге өңірлердің дайындығын, сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын және комиссия мүшелерінің кәсіби даярлық деңгейін тексеруді жалғастыруда.
12-13 қараша күндері ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров Шығыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болды.
Сапар барысында ол Ортсайлауком мүшесі Михаил Бортникпен бірге мемлекеттік органдардың басшыларымен кеңес өткізді. Жиында өңірдің сайлауға дайындығы, сайлау бюллетеньдерін учаскелерге жеткізу, қоғамдық тәртіпті сақтау және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. ОСК басшысы жауапты мемлекеттік органдарға өңірдің, әсіресе таулы аймақтардағы климат ерекшеліктерін ескеруді тапсырды. Жауын-шашын болған жағдайда арнайы техникалар жолдарды тазарту және аудандардан хаттамалардың түпнұсқаларын облыс орталығына жедел жеткізуге дайын болуы тиіс. Сонымен қатар Нұрлан Әбдіров мүгедектігі бар адамдар үшін барлық қажетті жағдайларды жасау мақсатында сайлау учаскелерін мониторингтеу жөніндегі жұмыс тобының қызметін жандандыру қажеттігіне назар аударды.
«29 қарашада Қазақстанда мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Бүгінде елімізде әртүрлі деңгейдегі 228 мәслихат жұмыс істейді. Мәслихаттардағы 3 447 депутаттық мандат үшін 9 мыңнан астам кандидат бақ сынауда. Шығыс Қазақстан облысына сапар аясында, басқа өңірлердегідей, біз округтік сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинарларын ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударып отырмыз.Оқытудың сапасын бақылау мақсатында екі кезеңде тестілеу өткізіледі. Біріншісі - семинар басталғанға дейін, аумақтық сайлау комиссияларының жергілікті жерлерде оқытуды қаншалықты сапалы ұйымдастырғанын анықтау үшін жүргізіледі. Екіншісі - семинар аяқталғаннан кейін біздің оқытудың нәтижелілігін бағалауға мүмкіндік береді. Алайда жұмыс мұнымен аяқталмайды. Аумақтық сайлау комиссияларына сайлауға дейін сайлау комиссиялары мүшелерін оқытуды жалғастыруды тапсырдым. Бұл сайлау науқанының заңнама талаптарына қатаң сәйкестікте, жариялылық пен ашықтық қағидаттарын сақтай отырып өтуі үшін маңызды», - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясы гибридті форматта ұйымдастырған оқыту семинарына Шығыс Қазақстан облысының 200-ден астам округтік және аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері қатысты. Семинар барысында қатысушылар сайлау алдындағы үгіт- жұмыстарын жүргізу және байқау тәртібін, сайлау заңнамасының құқықтық негіздерін, сондай-ақ заң талаптарын бұзғаны үшін көзделген жауапкершілік мәселелерін талқылады. Практикалық бөлімде кейстерді талдау, округтік сайлау комиссияларының қорытынды хаттамаларын толтыру және алған білімдерін бекітуге бағытталған командалық жұмыстар жүргізілді.
Нұрлан Әбдіров №4 облыстық округтік сайлау комиссиясына, сондай-ақ Өскемен қаласындағы №№32, 50 және №51 сайлау учаскелеріне барды. ОСК Төрағасы олардың жұмысын ұйымдастыру барысымен және материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты.
Жұмыс сапары аясында ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасына азаматтардың электоралдық мәдениетін арттыруды насихаттауға бағытталған фотокөрмелер, сәндік-қолданбалы өнер туындылары, «Сайлау балалар көзімен» тақырыбындағы балалар суреттерінің көрмесі және сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқу құралдары таныстырылды. Сондай-ақ аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Ерлан Құдайбергенов авторы болып табылатын«Шығыс Сайлау» қосымшасы мен виртуалды элементтерімен «Сайлау учаскесін жабдықтау» VR-ойыны көрсетілді.
Шығыс Қазақстан облысында 14 аумақтық, 176 округтік және 534 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Комиссия мүшелерінің жалпы саны - 3 790 адам. Ал өңірдегі сайлаушылар саны 484 мыңнан асады.
ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндіктің Павлодар облысына жұмыс сапары аясында округтік және учаскелік сайлау комиссияларының 340 мүшесіне арналған оқыту семинары өтті.Семинарда кандидаттар мен саяси партиялар үшін тең жағдайларды қамтамасыз ету, байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің құқықтарын іске асыру, сайлау алдындағы үгіт- жұмыстарын жүргізу қағидалары, сондай-ақ өтініштерді уақытылы әрі объективті қарау мәселелеріне баса назар аударылды. Практикалық сабақтар барысында қатысушылар ситуациялық тапсырмаларды орындап, нақты кейстерді талдады және түрлі жағдайларда сайлау комиссияларының әрекет ету алгоритмдерін пысықтады.
Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Ләззат Сүйіндік мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау процесінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі оқу-әдістемелік орталық ретінде айқындалған №16 сайлау учаскесінде болды. Басқа сайлау учаскелеріндегі секілді бұл учаскеде де көтергіш құрылғы, қызметкерлерді шақыру түймесі, тұтқалар орнатылып, есік ойықтары кеңейтілген және дауыс берудің құпиялылығын қамтамасыз ететін арнайы кабиналар жабдықталған. Сайлау күні инватакси қызметінің жұмысы да қарастырылған.Сапар қорытындысы бойынша сайлау учаскелерінің дауыс беруге дайындығын қосымша бағалау мақсатында мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс топтарының отырыстарын өткізу ұсынылды.
Абай облысына инспекциялық сапары барысында ОСК мүшесі Азамат Айманакумов №№5 және 3 округтік сайлау комиссияларының, сондай-ақ Семей қаласындағы №№25, 64 және 58 учаскелік сайлау комиссияларының жұмысымен танысты. Сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау және туындаған мәселелерді жедел шешу мақсатында өңірде ақпарат алудың қосымша мүмкіндіктері мен цифрлық сервистер қарастырылған.Атап айтқанда, облыста 13 call-орталық жұмыс істейді. Ал дауыс беру күні 161 сайлау учаскесінде онлайн-сервистер іске қосылады. Оның ішінде 156 учаскеде сайлаушылар туралы мәліметтерді тексеру, ал тағы 5 учаскеде азаматтарды тіркеу мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.Орталық сайлау комиссиясы ұйымдастырған оқыту семинарына өңірдегі округтік сайлау комиссияларының 80-ге жуық мүшесі қатысты.
Ақмола облысына жұмыс сапары аясында ОСК мүшесі Әсел Жанәбілова сайлау заңнамасының сақталуына, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, инженерлік инфрақұрылымның үздіксіз жұмысына, сайлаушылар тізімдерін өзектендіруге, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың дауыс беруіне қажетті жағдайлар жасауға ерекше назар аударды. Сапар аясында ол №№1, 3 және 11 округтік сайлау комиссияларының, сондай-ақ Қосшы қаласындағы бірқатар учаскелік сайлау комиссияларының қызметімен танысты.
Павлодар облысында сайлауды ұйымдастыру мен өткізуді 708 сайлау комиссиясы қамтамасыз етеді. Олардың құрамында 4 306 комиссия мүшесі бар. Сайлаушылар саны - 503 мыңнан астам.
Қарағанды облысында сайлауды ұйымдастыруға және өткізуге жалпы саны 5 357 мүшеден тұратын 839 сайлау комиссиясы тартылған. Сайлаушылар тізіміне 757 мыңнан астам азамат енгізілген.
Абай облысында 632 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Олардың құрамында 4 036 мүше бар. Өңірдегі сайлаушылар саны 400 мыңнан асады.
Ақмола облысында құрамында 5 737 мүшесі бар 1 023 сайлау комиссиясы жұмыс істейді. Тіркелген сайлаушылар саны 521 мыңнан асады.
Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің еліміздің барлық өңірлеріндегі сайлау учаскелеріне жұмыс сапарлары сайлау инфрақұрылымының жай-күйін жан-жақты бағалауға, қосымша назар аударуды қажет ететін мәселелерді анықтауға және сайлау науқанының барлық кезеңінде тартылған қызметтердің үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды әзірлеуге мүмкіндік береді.
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы






















