| 11.08.2026 |
|
ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНДА
МҮГЕДЕКТІГІ БАР АДАМДАРДЫҢ САЙЛАУ ҚҰҚЫҚТАРЫН
ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Бүгін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының жанындағы Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысында сайлау құқықтарын толыққанды жүзеге асыруға жағдай жасауға қатысты практикалық мәселелер талқыланды. Атап айтқанда, сайлау алдындағы ақпаратты алудан бастап тікелей дауыс беруге дейінгі барлық кезеңдер қарастырылды.
Жұмыс тобының отырысына 100-ден аса адам - Жұмыс тобының мүшелері, Орталық және аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктерінің, саяси партиялардың, ТМД және ЕҚЫҰ ДИАҚБ Сайлауды байқау жөніндегі миссияларының өкілдері қатысты.
Сондай-ақ, іс-шараға Брайль қарпімен жасалған сапалы әрі қолдануға ыңғайлы трафаретті әзірлеуге елеулі үлес қосқан сарапшылар да қатысты: Жұмыс тобының мүшесі, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы халықтың әлеуметтік жағынан осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан, Назарбаев Университетінің ассистивті технологиялар және ақпараттың қолжетімділігі жөніндегі сарапшы-менеджері, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі Үйлестіру кеңесінің мүшесі, ЕҚЫҰ ДИАҚБ жанындағы мүгедектігі бар адамдардың саяси қатысуы жөніндегі консультативтік кеңестің мүшесі Зият Абилкаимов және Астана қаласының зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапханасының брайлист маманы Назигүл Қасымбекова қатысты.
Отырыста Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға учаскелік сайлау комиссияларының дайындық деңгейіне жүргізілген мониторинг нәтижелері таныстырылды. Аталған тексеру жұмыстарын Жұмыс тобының мүшелері аумақтық сайлау комиссияларымен және қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп жүргізді.
Мониторингтің негізгі параметрлері ретінде сайлау учаскелерінің және сайлау туралы ақпараттың қолжетімділігі, азаматтардың өздігінен жүріп-тұруы мен дауыс беруіне қажетті жағдайлардың жасалуы, сондай-ақ арнайы құралдар мен технологиялармен қамтамасыз етілуі белгіленді.
«Мониторинг барысында пандустардың, тұтқалардың, көмек шақыру түймелерінің, арнайы автотұрақ орындарының, қолжетімді навигацияның, тактильді және рельефті бағыттаушы көрсеткіштердің, сондай-ақ кресло-арба пайдаланатын сайлаушыларға арналған кең кабиналардың болуына ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, мүгедектігі бар азаматтарға арналған арнайы ақпараттық бұрыштар мен ассистивті құралдардың, оның ішінде қолжетімді форматтағы материалдардың, Брайль қарпімен жазылған трафареттердің, аудиоматериалдардың, құлаққаптардың, ұлғайтқыштардың және көзі көрмейтін әрі нашар көретін сайлаушыларға арналған бағдарламалық шешімдердің болуы жеке бағаланды. Мұндай кешенді тәсіл сайлау учаскесінің физикалық қолжетімділігін ғана емес, ақпаратты өз бетінше алу және дауыс беруге дербес қатысу мүмкіндігін де бағалауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті «Үміт» саңырау мүгедектерді қолдау орталығы» қоғамдық қорының өкілі Жаныл Шалабаева.
Барлық өңірлердегі тексерілген әрбір сайлау учаскесі бойынша анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсынымдар әзірленді. Жергілікті атқарушы органдар қажетті жұмыстарды дауыс беру күніне дейін орындауға дайын екендерін растады.
«Qamqor plus» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нияз Сүндиталиев бұл жұмыста мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық ұйымдары өкілдерінің тікелей қатысуы маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Бүгінде мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруге өз бетінше қатысуы үшін, оның ішінде интерактивті құралдарды пайдалана отырып, қажетті жағдайлар жасалуда. Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сайлау учаскелерінің дайындық деңгейіне жүргізілетін мониторингке белсенді қатысуда. Бұл жерде сөз көмек көрсету туралы емес, басқа азаматтармен тең дәрежеде өздерінің сайлау құқықтары мен мүмкіндіктерін іске асыруын қамтамасыз ету туралы екендігі маңызды», - деп атап өтті Нияз Сүндиталиев.
Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар сайлаушыларға сүйемелдеу шаралары қарастырылған. Оның ішінде ымдау тілінің мамандарын тарту, «Инватакси» қызметінің жұмысын ұйымдастыру және арнайы дайындықтан өткен волонтердің көмегін көрсету көзделген.
Мониторинг мұнымен аяқталмайды. Астана қаласында, облыстарда және республикалық маңызы бар қалаларда жұмыс топтары аумақтық сайлау комиссияларымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, ахуалды одан әрі бақылауды және анықталған кемшіліктердің жойылу барысын қадағалауды жалғастырады.
Кездесу барысында қатысушылар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің inva.gov.kz сайтындағы Интерактивті қолжетімділік картасының мүмкіндіктерін де талқылады. Онда сайлау учаскелері және олардың мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімділік жағдайлары туралы ақпарат орналастырылған. Карта арқылы азаматтар тіркелген мекенжайы бойынша сайлау учаскесінің қолжетімділігін алдын ала анықтап, онда қарастырылған жағдайлармен танысып, дауыс беруді жоспарлай алады.
Картаның жұмысы мен оны пайдалану тәртібі туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай таныстырды.ОСК мүшесі Ләззат Сүйіндік дауыс беруге арналған бюллетеньге Брайль қарпімен жасалған трафаретті әзірлеу барысы туралы айтып берді.
Трафарет үлгілері тираждау алдында ассистивті технологиялар және Брайль қарпі саласындағы мамандардың қатысуымен бірнеше кезеңнен тұратын сараптамадан өтті. Сараптама барысында трафареттің бюллетень мазмұнына сәйкестігі, рельефті-нүктелі белгілердің орналасуы және оны іс жүзінде пайдаланудың қолайлылығы бағаланды. Барлық ескертулер мен ұсыныстар макетті жетілдіру барысында ескерілді.
Бюллетень мазмұнымен өз бетінше танысудың қосымша мүмкіндігі ретінде мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы бұрыштарда компьютерлер арқылы қолжетімді аудионұсқасы ұсынылады.
Отырыстың қорытынды бөлімінде Жамбыл және Павлодар облыстарының өкілдері мүгедектігі бар азаматтардың қолжетімді дауыс беруіне бағытталған жаңа тәсілдерді енгізу тәжірибесімен бөлісті. Оқу-жаттығу сайлау учаскелерінде сынақтан өткізілген шешімдердің аумақтық сайлау комиссияларының жұмысына біртіндеп енгізіліп жатқаны атап өтілді. Бұл тек сайлау учаскелерін заманауи ассистивті технологиялармен жабдықтауды ғана емес, сонымен қатар комиссия мүшелерін арнайы бейнекурс пен практикалық оқытуды пайдалана отырып даярлауды да қамтиды.
Жиынға қатысушылар сайлау ортасының қолжетімділігін одан әрі дамыту жөніндегі келесі қадамдарды талқылап, сайлау комиссияларының, мемлекеттік органдардың, мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері мен саяси партиялардың өзара іс-қимылын жетілдіру бойынша ұсыныстар алмасты.
ОСК-да мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыруы үшін тең мүмкіндіктер жасау басты басымдықтардың бірі болып қала беретіні және бұл мәселе тұрақты бақылауда екені атап өтілді.
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы







