| 10.08.2026 |
|
ОСК ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ МҰХТАР ЕРМАН ЖАМБЫЛ
ОБЛЫСЫНДАҒЫ САЙЛАУ УЧАСКЕЛЕРІНІҢ НАУҚАНҒА
ДАЙЫНДЫҒЫМЕН ТАНЫСТЫ
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман Жамбыл облысына инспекциялық сапары барысында өңірдегі сайлауға дайындық барысымен танысып, аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының жұмысын пысықтады.
Сапар барысында сайлау учаскелерінің қызметін ұйымдастыру, комиссия мүшелерін оқыту, учаскелердің материалдық-техникалық жарақтандырылуы, жаңадан құрылған сайлау учаскелерінің жұмысы, цифрлық технологияларды пайдалану және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Инспекциялық сапар №58 сайлау учаскесінің жұмысымен танысудан басталды. Онда сайлаушылар үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз ету, сайлау рәсімдерін қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес өткізу және комиссия мүшелерінің өз міндеттерін сапалы орындауға дайындығы туралы ақпарат ұсынылды.
Мұхтар Ерман өңір басшылығымен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевпен кездесуде сайлау комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылына, сайлау учаскелерінің үздіксіз жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге, сондай-ақ сайлау процесін ұйымдастыру кезінде заңнама талаптарының мүлтіксіз сақталуына ерекше назар аударылды.
Сайлауды ұйымдастыруға жауапты барлық тараптардың үйлесімді жұмысы сайлау процесінің сапалы әрі тиімді өтуінің маңызды шарты екені атап өтілді.
ОСК Төрағасының орынбасарының өңірге сапары аясында Құрылтай депутаттарын сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері бойынша құқық қорғау, жергілікті атқарушы және басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен кеңес өтті.
Өңірде сайлау науқанына дайындық сайлау заңнамасының талаптары мен күнтізбелік жоспарға сәйкес жүргізілуде. Сайлауды өткізуге қажетті барлық сайлау инфрақұрылымы дайын.
Алдағы сайлауды өткізуге 532 сайлау комиссиясы жұмылдырылады, олардың құрамында 3 702 комиссия мүшесі жұмыс істейді. Оның ішінде комиссия мүшелерінің 92,4%-ы сайлау жүйесінде жұмыс тәжірибесі бар.
Кеңесте сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары туралы да талқыланды. Бұл жұмыстар бекітілген күнтізбелік жоспарларға сәйкес жүзеге асырылуда. Өңірдегі сайлау учаскелерінің шекаралары, комиссиялардың орналасқан жерлері, үгіт жүргізу орындары және саяси партиялардың сайлаушылармен кездесулерінің кестесі туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, сайлау комиссиялары мен жергілікті атқарушы органдардың ресми интернет-ресурстарында жарияланды. 7 тамыздан бастап азаматтарға өздері туралы деректермен танысуға және өз сайлау учаскесін анықтауға мүмкіндік берілді. Сонымен қатар сайлаушыларға есептен шығару куәліктерін беру жұмыстары басталды.
Сайлау күні сайлау учаскелерінде «Электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн-сервистер іске қосылады. Тіркеуді тексеру сервисі 328 сайлау учаскесінде, ал уақытша тіркеу сервисі 15 сайлау учаскесінде қолжетімді болады. Барлық сайлау учаскелері белгіленген талаптарға сәйкес жабдықталуы тиіс. Атап айтқанда, мүгедектігі бар азаматтардың сайлау учаскелеріне және дауыс беру кабиналарына кедергісіз кіруі мен дауыс беруі үшін қажетті жағдайлар жасалуы, сондай-ақ Брайль қаріпті трафареттерді пайдалану мүмкіндігі қамтамасыз етілуі қажет.
Кеңес барысында сайлауды байқау институтының қызметі де назардан тыс қалмады. Өңірде сайлауды байқау жөніндегі 5 өңірлік қоғамдық бірлестік аккредиттелгені атап өтілді. Сондай-ақ облыста халықаралық ұйымдардың ұзақ мерзімді байқаушылары да жұмыс жүргізуде. Айта кетейік, ЕҚЫҰ ДИАҚБ Байқаушылар миссиясы мемлекеттік органдармен өткізілген кеңеске, сондай-ақ сайлау комиссияларының мүшелеріне арналған оқыту семинарына қатысты.
Мұхтар Ерман сайлау процесінің барлық кезеңдерінде заңдылықты, ашықтықты және ұйымдастырушылық тәртіпті қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Мұндай инспекциялық сапарлардың маңызды бағыттарының бірі - сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту және олардың практикалық даярлығын жетілдіру. Осы мақсатта ОСК Төрағасының орынбасары Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің ғимаратында орналасқан IT алаңына барып, онда алаңның сайлау комиссияларының мүшелерін оқыту процесіне арналған мүмкіндіктері таныстырылды.
Оқыту семинары барысында сайлау комиссиялары мүшелерінің практикалық даярлығын арттыру, сайлау рәсімдерін заңнама талаптарына сәйкес өткізу, сайлау құжаттарымен жұмыс істеу және күтпеген жағдайларға ден қою мәселелері қамтылды.
«Сайлау комиссиялары мүшелерінің кәсіби даярлығы - сайлауды сапалы ұйымдастырудың маңызды құрамдас бөлігі. Учаскелік сайлау комиссиялары деңгейінде жүргізіліп жатқан оқыту жұмыстары комиссия мүшелерінің жауапкершілігін арттырып қана қоймай, сайлаушылардың конституциялық құқықтарын іске асыруы үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деп атап өтті Мұхтар Ерман.
Жұмыс сапары барысында ОСК Төрағасының орынбасары жаңадан құрылған №525 сайлау учаскесінің жұмысымен де танысты. Мұнда мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруы үшін арнайы модульдік сайлау учаскесі ұйымдастырылған. Мұхтар Ерман кездесу қатысушылары алдында сөз сөйлеп, сондай-ақ мүгедектігі бар сайлаушыларға арналған шешімдердің таныстырылымы барысында өзекті мәселелер бойынша түсіндірмелер берді.
Атап айтқанда, сайлау учаскесі мүгедектігі бар азаматтардың сайлау процесіне өз бетінше әрі барынша қолайлы жағдайда қатысуына мүмкіндік беретін заманауи шешімдермен жабдықталған. Сондай-ақ мұнда қозғалысты анықтайтын арнайы датчиктер орнатылған. Олар ақпараттық аудиороликтерді автоматты түрде іске қосады. Бұл әсіресе көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін сайлау учаскесінің қызметі, дауыс беру тәртібі және қажетті іс-әрекеттер туралы ақпаратты өздеріне ыңғайлы аудиоформатта алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар сурдоаударма қызметіне тікелей қосылу мүмкіндігі қарастырылған. Яғни есту қабілеті бұзылған азаматтар қажет болған жағдайда сурдоаудармашымен қашықтан байланысып, сайлау процесіне қатысты ақпарат пен түсіндірмелерді ымдау тілі арқылы ала алады.
Инспекциялық сапар қорытындысы бойынша ОСК Төрағасының орынбасары сайлау комиссияларының кәсіби даярлығын одан әрі арттыру, сайлау учаскелерінің дайындығын қамтамасыз ету және мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларының өзара іс-қимылын күшейту қажеттігін атап өтті. Ол сайлауды ұйымдастырудың барлық кезеңдеріндегі негізгі басымдықтардың бірі заңнама талаптарын сақтау, сайлаушылардың құқықтарын және сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету екенін атап көрсетті.
ОСК Төрағасының орынбасары Орталық сайлау комиссиясы тарапынан сайлау комиссияларының қызметін жетілдіруге, олардың кәсіби даярлық деңгейін арттыруға және сайлау процесін ұйымдастырудың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстардың одан әрі жалғасатынын атап өтті.
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы


