| 04.08.2026 |
|
НҰРЛАН ӘБДІРОВ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА САЙЛАУ
УЧАСКЕЛЕРІН ТЕКСЕРДІ
Бүгін Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға дайындық жұмыстарының шеңберінде Қарағанды облысына инспекциялық сапар жасады.
Қазіргі таңда аймақта 4 331 учаскелік сайлау комиссиясының мүшесін біріктіретін 639 сайлау сайлау учаскесі жұмыс жасайды. Тіркелген сайлаушылар саны 760 мыңға жуық.
Өңірге сапары барысында ОСК Төрағасы Теміртау қаласындағы «Qarmet» АҚ өндірістік объектілері базасында құрылған №641 және №642 сайлау учаскелерінде болды. Өндірісте мұндай сайлау учаскелерінің құрылуы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес мүмкін болып отыр.
«Азаматтардың сайлауға қатысуы - олардың ең маңызды конституциялық құқықтарының бірі. Осыған байланысты мемлекет бұл құқықтың кедергісіз әрі толық жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін жүйелі түрде қажетті шаралар қабылдап келеді. Сайлау туралы Конституциялық заңға енгізілген жаңашылдықтарға сәйкес, биыл үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындарында сайлау учаскелерін құру мүмкіндігі заңнамалық тұрғыдан бекітілді. Осы сайлау науқанында біз алғаш рет осындай сайлау учаскелерін ашып отырмыз. Бұл арқылы сайлаушылар үшін сайлаудың қолжетімділігін кеңейтіп, олардың сайлау құқығын жүзеге асыруға арналған конституциялық құқығын қамтамасыз етеміз. Бүгін біз Qarmet кәсіпорнының қаңылтыр ілемдеу цехына арнайы келіп, жаңа сайлау учаскелерін құруға қатысты ұйымдастыру мәселелерінің қалай шешіліп жатқанын, сондай-ақ дауыс беру уақытында үздіксіз өндірісте болатын зауыт жұмысшыларының өздерінің сайлау құқығын жүзеге асырып, осы жерде, жұмыс орнында дауыс бере алатынын көзбен көріп, нақтылауға келдік», - деді Нұрлан Әбдіров.
Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының кәсіпорын қызметкерлерімен және басшылығымен сұхбаттасуы барысында Қарағанды облысында осындай 4 жаңа сайлау учаскесі құрылғаны атап өтілді. Олардың үшеуі Теміртау және Балқаш қалаларындағы Qarmet АҚ-ның үздіксіз жұмыс істейтін өндірістік алаңдарында орналасқан. Тағы бір сайлау учаскесі облыстың Нұра ауданындағы вахталық кентте құрылды.
«Біз бұл цехта үздіксіз өндіріс жағдайында еңбек етеміз. Сондықтан сайлауға қатысу мәселесі көбіне ауысым кестесіне байланысты болады. Кәсіпорын аумағында осындай сайлау учаскелерінің ашылуы бізге, яғни металлургтерге өндіріс процесін тоқтатпай, артық қиындықсыз дауыс беруге мүмкіндік береді. Барша қазақстандықтарды 23 тамыз күні сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасауға шақырамын!», - деді «Qarmet» АҚ өндірістік ауысым шебері Медет Қайыркенов.
Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы облыс орталығында мүгедектігі бар адамдар үшін сайлау процесінің қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі оқу-модульдік орталық ретінде айқындалған №16 сайлау учаскесінде болды. Аталған учаскеде сайлаушылардың барлық санатының өз бетінше дауыс беруіне қолайлы заманауи жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, көтергіш құрылғы, қызметкерді шақыру түймесі, тұтқалар, кеңейтілген есік ойықтары, жасырын дауыс беруге арналған арнайы кабиналар және басқа да қажетті жабдықтар қарастырылған. Сондай-ақ дауыс беру күні инватакси қызметі жұмыс істейді. Айта кетейік, облыста мүгедектігі бар 6 245 сайлаушы тіркелген.
«Біз үшін тең мүмкіндіктер жасаудың маңызы зор. Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық барысында мүгедектігі бар азаматтар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылып жатқанын көріп отырмыз. Көру қабілеті бұзылған және зағип сайлаушылар үшін Брайль қарпімен дайындалған трафареттер қарастырылған, бюллетень мәтінін аудиоформатта тыңдау мүмкіндігі бар, сондай-ақ арнайы ақпараттық бұрыштар ұйымдастырылуда. Арба пайдаланатын, тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар үшін де қажетті жағдайлар жасалған. Мұндай тәсіл сайлау құқықтарының теңдігі қағидатын айқын көрсетеді және ол барынша кеңінен қолданылуы тиіс», - деді «Qamqor plus» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нияз Сундиталиев.
Өз кезегінде Орталық сайлау комиссиясының төрағасы оқу-модульдік орталықты аралау барысында барлық сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы бұрыштардың жабдықталуының ерекше маңызын атап өтті. Мұндай бұрыштар компьютермен, бюллетень мәтінін аудиоформатта тыңдауға арналған құлаққаппен, сондай-ақ Брайль қарпімен әзірленген сайлау бюллетеніне арналған трафаретпен жабдықталуы тиіс. Ақпараттық плакаттар арба пайдаланатын азаматтарға қолжетімді деңгейде орналастырылуы қажет. Сонымен қатар барлық сайлау учаскелерінде арба пайдаланушыларға бейімделген жасырын дауыс беруге арналған кабиналар жабдықталуы тиіс.
Сонымен қатар ОСК Төрағасы Теміртау қаласындағы №294 және №295, сондай-ақ Қарағанды қаласындағы №106 және №107 сайлау учаскелерінде болып, сайлау учаскелерінің дайындығы, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің жұмысын ұйымдастыру және сайлаушылармен өзара іс-қимыл мәселелері қаралды.
Осы күні Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды өткізуге өңірдің дайындығы мәселелері жөнінде кеңес өтті. Аймақ басшылығының, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік органдары басшыларының қатысуында сайлаушылар тізімдерін өзектендіру, сайлау учаскелерін материалдық-техникалық жарақтандыру, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сайлау науқаны кезеңінде заңдылықтың сақталуы, сондай-ақ сайлауды дайындау және өткізу барысында мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы мәселелері талқыланды.
Іссапар аясында ОСК Төрағасы Қарағанды облысының аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларымен жұмыс кеңесін өткізді. Кездесу барысында қазіргі сайлау науқанының ерекшеліктері, сайлау заңнамасы нормаларын бірізділікпен қолдану, дауыс беру күні сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру, сондай-ақ сайлау процесінің ашықтығын, жариялылығын және заңдылығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Орталық сайлау комиссиясы өңірлердегі сайлау комиссиялары мүшелерін жүйелі түрде оқытуға ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты инспекциялық сапарлардың негізгі мақсаттарының бірі - ОСК мүшелері мен оның аппараты қызметкерлерінің қатысуымен жергілікті жерлерде, оның ішінде каскадтық әдіспен оқыту семинарларын ұйымдастыру. Бүгін Қарағанды облысында осындай семинар өткізіліп, Теміртау қаласының сайлау комиссиялары мүшелеріне кіріс және қорытынды тестілеу жүргізілді. Оқытудың практикалық бөлігінде кейстік жағдайлар талданып, дауыс беру күні сайлау комиссиялары мүшелерінің іс-қимыл алгоритмдері тәжірибеге бағдарланған оқыту әдістері арқылы пысықталды.
Сапар қорытындысы бойынша Нұрлан Әбдіровке өңірде халықты сайлау науқанының барысы туралы кеңінен ақпараттандыру жұмыстарының ұйымдастырылуы жөнінде мәлімет берілді. Бұл мақсатта ресми интернет-ресурстар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер пайдаланылып, сайлаушыларға арналған арнайы онлайн-сервистер іске қосылады. Азаматтарға жедел кеңес беру үшін 14 call-орталық ашылған. Сонымен қатар сайлауды өткізу мәселелері бойынша қажетті ақпаратты тәулік бойы ұсынатын бірыңғай 109 қызметі үздіксіз жұмыс істейді.
Орталық сайлау комиссиясы мүшелерінің өңірлерге инспекциялық сапарлары 2026 жылғы 17 тамызға дейін жалғасып, еліміздің барлық өңірін қамтиды.
Сапарлар барысында аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларына практикалық әрі әдістемелік көмек көрсетіледі, сайлау заңнамасының нормаларын бірізді қолдану қамтамасыз етіледі, электоралдық оқытуды ұйымдастыруға мониторинг жүргізіледі, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды өткізуге сайлау комиссияларының дайындығы тексеріледі.
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы



















