| 01.07.2026 |
|
Орталық сайлау комиссиясында Құрылтай депутаттарының
сайлауына дайындық аясындағы алғашқы отырыс өтті
2026 жылғы 1 шілдеде осы жылдың 23 тамызына тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарының сайлауы науқаны шеңберінде Орталық сайлау комиссиясының бірінші отырысы өтті.
Отырыс Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымның жаңа моделіне көшуді бекіткен жаңа Конституциясы күшіне енген күні болып өтті. Негізгі заңға сәйкес заң шығару билігін жүзеге асыратын еліміздің жоғары өкілді органы бір палаталы Құрылтай болып айқындалды.
Бейнеконференцбайланыс режимінде отырыс жұмысына елорда, облыстар және республикалық маңызы бар қалалардың аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары мен мүшелері, сондай-ақ өңірлер әкімдері аппараттарының басшылары қатысты.
Отырыс жұмысына шақырылғандар қатарында саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының, сыртқы істер, әділет, ішкі істер, қаржы, мәдениет және ақпарат, жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктерінің өкілдері болды. Комиссия отырысының күн тәртібіне сәйкес келесі мәселелер қаралды:
1.2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекіту туралы;
2. 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы;
3. 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауда сайлаушылар тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру туралы;
4. Қазақстан Республикасы сайлау заңнамасындағы жаңашылдықтар туралы;
5. 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға саяси партияларды ұсыну тәртібі және жіберу туралы;
6. 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды өткізу кезеңіндегі шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары, шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қызметінің кейбір мәселелері туралы;
7. 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлау науқаны кезеңінде сайлау комиссияларының мүшелерін және сайлау процесінің басқа да қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру туралы.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров комиссия отырысын ашып, бүгінгі отырыс Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жағдайында өтетін Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына дайындықтың басталғанын білдіретінін атап өтті.
«Бұл - Орталық сайлау комиссиясы мен барлық сайлау комиссиялары үшін үлкен жауапкершілік. Біздің міндетіміз – сайлауды заң талаптарына қатаң сәйкестікте, ашық, жария әрі жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізіп, сайлау процесіне қатысушылардың барлығына тең жағдай жасау», - деді ол.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман баяндама жасады. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының талаптарына сәйкес әзірленген Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізудің негізгі іс-шараларының Күнтізбелік жоспарымен таныстырды.
Баяндамашы сайлау науқанының негізгі кезеңдерін, оның ішінде партиялық тізімдерді ұсыну мен тіркеу тәртібін, сайлауалды үгіт жүргізу мерзімдерін, сондай-ақ Күнтізбелік жоспарда көзделген өзге де негізгі іс-шараларды түсіндірді.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын әзірлеу мен өткізудің негізгі іс-шараларының күнтізбелік жоспарын бекітті. Аталған құжат сайлау науқанының кезеңдері мен соған байланысты сайлау рәсімдерін айқындайтын негізгі құжат болып табылады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов «Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауы бойынша сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы» қаулымен таныстырды.
Баяндамада «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 12-бабының 6) тармақшасына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы сайлау құжаттарының нысандарын белгілейтіні атап өтілді.
Қаулы жобасымен сайлау науқанының әртүрлі кезеңдерінде қолданылатын сайлау құжаттарының 21 нысанын бекіту көзделген. Қаулы қабылданғаннан кейін бекітілген нысандар Орталық сайлау комиссиясының ресми интернет-ресурсында орналастырылады.
Отырыстың күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Азамат Айманакумов сайлаушылардың өзекті әрі нақты тізімдерін қалыптастыру сайлау процесінің негізгі ұйымдастырушылық элементтерінің бірі болып табылатынын және оның «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына және Сайлаушылар тізімдерін қалыптастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылатынын хабарлады.
2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Сайлаушылар тізіліміне тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркелген 12 561 644 азамат енгізілген. Сайлауды өткізу үшін 10 427 сайлау учаскесі, оның ішінде 64 мемлекеттегі 82 шетелдік сайлау учаскесі жұмыс істейтін болады.
Баяндамада сайлаушылар тізімдерін қалыптастыру және ұсыну мерзімдеріне ерекше назар аударылды. Жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімдерін учаскелік сайлау комиссияларына 2026 жылғы 2 тамызға дейін ұсынады. Ал сайлаушылардың танысуы үшін тізімдер 2026 жылғы 7 тамыздан бастап қолжетімді болады.
Сонымен қатар, Комиссия мүшелеріне есептен шығару куәліктері бойынша дауыс беру тәртібі туралы ақпарат ұсынылды. Есептен шығару куәліктерін беру 2026 жылғы 7 тамызда басталып, 22 тамыз күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де аяқталатыны атап өтілді.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясы «2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауында сайлаушылар тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру туралы» қаулы қабылдады.
Жергілікті атқарушы органдарға сайлаушылар тізімдерінің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету, келіп түскен өтініштер негізінде оларға өзгерістерді уақытылы енгізу, азаматтарды сайлаушылар тізіміне енгізу тәртібі туралы кеңінен ақпараттандыру, сондай-ақ азаматтардың сайлаушылар тізіміне енгізілгені туралы деректерді тексеруге арналған колл-орталықтардың, цифрлық сервистер мен интернет-ресурстардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ отырыс барысында Орталық сайлау комиссиясының сайлаушыларға арналған ресми үндеуі жария етілді. Құжатта сайлаушылар тізіміне енгізу, өз деректерін тексеру және дауыс беру құқығын жүзеге асыру мәселелері бойынша өзекті түсіндірмелер беріліп, азаматтар Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауына белсенді қатысуға шақырылады.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына енгізілген негізгі өзгерістер мен толықтыруларды қарауға арналды.
Сайлау заңнамасындағы негізгі жаңалықтар туралы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова баяндама жасады.
Оның айтуынша, жаңа Конституцияның ережелерін іске асыру және сайлау заңнамасын жетілдіру мақсатында ағымдағы жылдың 11 маусымында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Өзгерістер азаматтардың конституциялық құқықтарын іске асыруға және сайлау процесін жетілдіруге бағытталған.
Жекелеген түзетулер Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауын өткізуге қатысты нормаларды айқындайды. Сонымен қатар сайлау құқығының негізгі қағидаттары мен сайлауды ұйымдастыру тетіктері сақталған.
Құрылтай бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды сайлау жүйесі негізінде сайланатын 145 депутаттан тұрады. Депутаттардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.
Әсел Жанәбілова саяси партиялардың сайлауға қатысуына қатысты өзгерістерге де ерекше тоқталды. Атап айтқанда, өтпелі ережелермен Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауында сайлау жарнасын төлеу тәртібі белгіленген.
2023 жылғы Парламент депутаттарының сайлауында сайлаушылардың 5 және одан да көп пайыз дауысын алған саяси партиялар сайлау жарнасын төлеуден босатылады. 3-тен 5 пайызға дейін дауыс алған партиялар белгіленген жарнаның 50 пайызын, ал 1-ден 3 пайызға дейін дауыс жинаған партиялар 70 пайызын төлейді.
Сонымен қатар, саяси партияларға өздерінің интернет-ресурстарында және онлайн-платформалардағы аккаунттарында сайлауалды үгіт жүргізу құқығы берілді.
Ағымдағы сайлау науқаны үшін арнайы дайындалмаған үгіт материалдарын пайдалануға, сондай-ақ дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді суретке және бейнежазба түсіруге, оның бейнесін таратуға тыйым салынатыны атап өтілді.
ОСК мүшесінің айтуынша, сайлау заңнамасының негізгі қағидаттарының бірі сақталады: саяси партиялардың сайлау алдындағы үгітін қаржыландыру тек сайлау қорлары арқылы. Сонымен қатар, саяси партиялардың сайлау қорларының шекті мөлшері ұлғайтылды.
Үздіксіз жұмыс істейтін өндірістері бар ұйымдарда және жұмыспен вахталық әдіспен ұйымдастырылатын орындарда сайлау учаскелерін құру мүмкіндіктері заңнамалық жаңалықтармен кеңейтілді. Бұл жұмыскерлердің сайлауға қатысу жөніндегі конституциялық құқықтарын толық іске асыруға мүмкіндік береді.
Бұдан кейін сайлау процесіне қатысушыларға сайлау алдындағы үгіт жүргізуді, бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларды пайдаланушылардың қызметін, сондай-ақ қоғамдық пікірге сауал салуды реттейтін заңнаманың негізгі талаптары туралы ақпарат ұсынылды.
«Сайлау алдындағы үгіттің заңмен нақты белгіленген мерзімдері бар. Ол партиялық тізімдерді тіркеу аяқталғаннан кейін, 23 шілде күні сағат 18:00-ден кейін басталып, 22 тамыз күні сағат 00:00-де аяқталады. Саяси партияны жақтап немесе оған қарсы дауыс беруге түрткі болатын кез келген үндеулерге тек осы кезеңде ғана жол беріледі. Белгіленген мерзім басталғанға дейін, сондай-ақ тыныштық күні мен дауыс беру күні үгіт жүргізуге заңмен тыйым салынған», – деп атап өтті Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік.
Сонымен қатар, сайлау алдындағы үгіт кезеңі басталғанға дейін саяси партияның қызметі туралы ақпараттық деректер сайлаушыларды белгілі бір саяси партияны жақтап немесе оған қарсы дауыс беруге үгіттеу белгілерін қамтымаса, сайлау алдындағы үгіт болып саналмайды.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларды пайдаланушылардың міндеттеріне де ерекше назар аударылды. Үгіт материалдарын орналастыру үшін олар сайлауалды үгіт басталғанға дейін кемінде бес күн бұрын оларды орналастыру ақысының мөлшері мен шарттары туралы мәліметтерді жариялап, Орталық сайлау комиссиясына ұсынуға міндетті. Осы талап орындалмайынша үгіт материалдарын жариялауға жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес азаматтар мен қоғамдық бірлестіктер қаржыландыруды талап етпейтін сайлау алдындағы үгіт жүргізуге құқылы.
Ал бұқаралық ақпарат құралдары, жеке және заңды тұлғалар саяси партияларға сайлау алдындағы үгіт жүргізу бойынша қызметтерді ақылы негізде көрсеткен жағдайда, мұндай қызметтер тек саяси партияның жазбаша келісімімен және сайлау қорларының қаражаты есебінен ғана төленуге тиіс.
Сонымен қатар, ОСК мүшесі сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауал салуға және оның нәтижелерін жариялауға Конституциялық заңның талаптарына сәйкес келетін заңды тұлғалар ғана құқылы екенін атап өтті.
Күн тәртібіндегі бесінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов партиялық тізімдерді ұсыну тәртібі ашықтық пен партияішілік демократия қағидаттарына негізделгенін атап өтті.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң барлық саяси партияларға сайлауға қатысу үшін тең мүмкіндіктер береді. Заң талаптарына сәйкес келетін әрбір саяси партия өз партиялық тізімін ұсынуға құқылы. Бұл ретте ұсыну мен тіркеу рәсімі нақты регламенттелген: партияның жоғары органы шешім қабылдаған сәттен бастап құжаттарды Орталық сайлау комиссиясының тексеруіне дейінгі барлық кезеңдер заңмен айқындалған. Мұндай тәсіл сайлау рәсімдерінің ашықтығын және заңнаманың біркелкі қолданылуын қамтамасыз етеді», – деді Шавхат Өтемісов.
Баяндамада Құрылтай депутаттығына кандидаттарға қойылатын талаптар мен шектеулерге де ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған, заңда белгіленген тәртіппен алынбаған немесе өтелмеген соттылығы бар, сондай-ақ сот сыбайлас жемқорлық қылмысын немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшін кінәлі деп таныған адам кандидат бола алмайды.
Отырыс барысында партиялық тізімдерді тіркеу тәртібі және оларды қалыптастыруға қойылатын талаптар да түсіндірілді. Заңнамаға сәйкес, партиялық тізімге енгізілген әйелдердің, жастардың, мүгедектігі бар адамдардың жиынтық саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс.
Сөзін қорытындылай келе, Шавхат Өтемісов заңнамада көзделген барлық рәсімдер саяси партиялардың сайлауға тең жағдайда қатысуын қамтамасыз етуге, сайлау процесінің ашықтығын нығайтуға және заңдылық пен жариялылықтың конституциялық қағидаттарын сақтауға бағытталғанын атап өтті.
Күн тәртібіндегі алтыншы мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман сөз сөйледі.
Халықаралық байқаушылардың қызметі үшін құқықтық және ұйымдастырушылық жағдай жасау мақсатында ол «2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасының Құрылтайы депутаттарының сайлауы кезеңінде шет мемлекеттердің, халықаралық ұйымдардың байқаушылары мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қызметінің кейбір мәселелері туралы» қаулыны таныстырды.
Құжатта шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдарға шақырулар жіберу, халықаралық байқаушыларды аккредиттеу және оларға белгіленген үлгідегі куәліктер беру тәртібі айқындалған.
Қаулыда сондай-ақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің аккредитациясы болған жағдайда шетелдік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің байқауды жүзеге асыру мүмкіндігі көзделген. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының заңнамасы немесе халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған нормалары бұзылған жағдайда аккредитацияны кері қайтарып алу тәртібі де реттелген.
Аталған қаулының қабылдануы Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауында халықаралық байқау институтының қызметін бастауға құқықтық негіз қалыптастырады.
Күн тәртібіндегі соңғы мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов Қазақстан Республикасының Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық аясында электоралдық оқытуды ұйымдастыру туралы ақпарат берді.
Құрылтай депутаттарының сайлауын өткізу үшін Орталық сайлау комиссиясы электоралдық оқытудың көпдеңгейлі жүйесін іске қосады. Оқыту аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларының 71 мыңнан астам мүшесін қамтиды. Олар дауыс беруді жаңа Конституция мен жаңартылған сайлау заңнамасына сәйкес ұйымдастыруы тиіс.
«Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы мемлекеттік құрылыстың жаңа конституциялық моделінде өтеді. Сондықтан біздің басты міндетіміз - елдің барлық аумағында сайлау заңнамасының біркелкі қолданылуын қамтамасыз ету. Каскадтық оқыту моделі, бірыңғай әдіснама және сапаны көпдеңгейлі бақылау қысқа мерзімде сайлау комиссияларының 71 мыңнан астам мүшелерін даярлап, сайлау процесін ұйымдастырудың бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісов.
Оқыту үш кезеңнен тұратын каскадтық модель бойынша ұйымдастырылады. Бірінші кезеңде Орталық сайлау комиссиясы қашықтан оқыту форматында тұрақты кәсіби негізде өкілеттіктерін жүзеге асыратын аумақтық сайлау комиссияларының 821 мүшесін оқытады. Сонымен қатар, сайлау комиссияларының басшылары үшін сайлау заңнамасын қолдану және жекелеген сайлау рәсімдерін ұйымдастыру мәселелері бойынша онлайн-кеңес өткізіледі.
Екінші кезеңде даярланған мамандар 908 аумақтық сайлау комиссиясының мүшесін, сондай-ақ учаскелік сайлау комиссияларының 31 мыңнан астам төрағасын, төраға орынбасарын және хатшысын оқытады. Қорытынды кезеңде учаскелік комиссиялардың басшылық құрамы 38 мыңнан астам учаскелік сайлау комиссиясы мүшесін даярлайды. Мұндай тәсіл белгіленген мерзімде сайлау комиссияларының барлық деңгейін толық қамтып, даярлаудың бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта Орталық сайлау комиссиясы барлық өңірлер үшін негізгі әдістемелік стандарт болатын бірыңғай Оқу-әдістемелік кешенді әзірлеуде. Бұдан бөлек, дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиясының жұмысын ұйымдастыруға арналған оқыту фильмі дайындалады.
Комиссия мүшелерін оқытумен қатар орталық және өңірлік деңгейлерде саяси партиялардың, аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйымдардың, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған оқыту іс-шаралары өткізіледі. Оларға сайлауды дайындау мен өткізудің құқықтық негіздері, сондай-ақ оны ұйымдастырудың практикалық мәселелері түсіндіріледі.
Өңірлердегі оқытуды ұйымдастыруға мониторинг Орталық сайлау комиссиясының мүшелері мен аппарат қызметкерлерінің қатысуымен өткізілетін көшпелі семинар-кеңестер аясында жүзеге асырылады. Бағдарламаның ажырамас бөлігі - сайлау комиссиялары мүшелерінің барлық санаттары үшін қашықтан тестілеу өткізу. Бұл тестілеу заңнаманы білу деңгейін ғана емес, оны сайлау рәсімдерін өткізу барысында іс жүзінде қолдану дайындығын да бағалауға мүмкіндік береді. Тестілеуден сәтті өткен қатысушыларға электрондық сертификат беріледі.
Отырысты қорытындылай келе, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының үйлесімді, кәсіби әрі жауапты жұмысы сайлау науқанын сапалы ұйымдастырудың негізі екендігіне тоқталды. Ол сайлау процесіне қатысушылардың барлығы үшін сайлау заңнамасының талаптарын мүлтіксіз сақтау басты талап болып қала беретінін және Орталық сайлау комиссиясы сайлауды әзірлеу мен өткізудің барлық кезеңінде заңнаманың сақталуына тұрақты бақылау жүргізетінін атап өтті.
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы




