| 17.03.2026 |
|
Республикалық референдум қорытындысы бойынша
ҚР ОРК отырысы өтті
2026 жылғы 17 наурызда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық референдум комиссиясының республикалық референдумды қорытындылауға арналған отырысы өтті.
Бейнеконференция режимінде өткен отырысқа облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық комиссияларының төрағалары мен мүшелері қатысты. Сонымен қатар отырыстың сурдоаудармамен қамтамасыз етілген тікелей трансляциясы комиссияның интернет-ресурсы және YouTube платформасы арқылы жүргізілді.
Отырысты ашқан Нұрлан Әбдіров «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 21, 31-баптарында айқындалған өкілеттіктерге сәйкес Орталық комиссия тұтастай республика бойынша референдумның қорытындыларын шығарып, бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында хабар жариялайтынын мәлімдеді.
Өз кезегінде облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық комиссиялары тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша референдумның қорытындыларын шығарды. Барлық аумақтық комиссиялар дауыс беру қорытындылары туралы хаттамалардың түпнұсқаларын Орталық референдум комиссиясына жеткізді.
Осылайша, ұсынылған хаттамалардың негізінде бүкілхалықтық дауыс берудің қорытындылары айқындалды.
Референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны 12 482 613 адамды құрады. Дауыс беруге 9 127 192 азамат қатысып, бұл референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жалпы санының 73,12 пайызын құрады.
Олардың ішінде 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау туралы мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны 7 954 667 адамды құрап, бұл дауыс беруге қатысқан азаматтардың жалпы санының 87,15 пайызын құрады. Сонымен қатар, референдумға қойылған мәселені қабылдамаған азаматтардың саны 898 099 адам болды.
Жауаптардың екі нұсқасы да таңдалған, яғни жарамды деп танылған, бірақ дауыстарды санау кезінде есепке алынбайтын бюллетеньдердің саны 127 мың 868-ді құрады. Сонымен қатар, белгіленбеген үлгідегі, сондай-ақ дауыс бергендердің ерік білдіруін айқындау мүмкін емес және жарамсыз деп танылған бюллетеньдердің саны 146 мың 558-ді құрады.
Республикалық референдум туралы заңнаманың нормаларына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбi дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткiзiлген деп саналады.
Республикалық референдумға шығарылған мәселе, атап айтқанда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдау бойынша шешім, егер оны жақтап облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі.
Референдумның қорытындысы бойынша барлық өңірде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын азаматтардың көпшілігі қолдады.
Сондықтан Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылданды деп танылады.
Референдумның қорытындылары Орталық референдум комиссиясының отырысында шығарылып, хаттамамен ресiмделедi және қаулымен бекiтіледi.
Республикалық референдум туралы заңнаманың нормаларына сәйкес референдумның қорытындылары туралы Орталық референдум комиссиясының ресми хабары дауыс беру өткiзiлген күннен бастап жетi күн мерзiмнен кешiктiрiлмей бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Осыған орай, ОРК Төрағасы комиссияның аппаратына осы хабарды бүгінгі күнмен бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды тапсырды.
Нұрлан Әбдіров халықаралық байқаушылардың бағалауы бойынша референдум Қазақстан Республикасының ұлттық заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес өткізілгендігін атап өтті. Сонымен қатар байқаушылар жаңа Конституция жобасын ашық әрі кең талқылау, азаматтардың ұсынылған реформаларға деген жоғары қызығушылығы және ерік білдіру процесіне сенімі туралы ерекше атап өтті.
Дауыс беру күні сайлау учаскелерінде 256 аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдардың 45 мыңнан астам, сондай-ақ Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарының 1 817 өкілі байқау жүргізді.
Сонымен қатар, бұрын атап өткендей, референдум барысын халықаралық байқауды 38 шет мемлекетінен және 11 халықаралық ұйымнан 359 халықаралық байқаушы, сондай-ақ шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 206 өкілі жүргізді.
Жалпы алғанда референдумға қатысу үшін азаматтардың еркін ерік білдіруін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдардың электоралдық құқықтарын іске асыру үшін заңнамада көзделген барлық жағдайлар жасалды.
Республикалық референдумда ерекше жағдайларды қажет ететін мүгедектігі бар 46 624 астам адам (көру, есту және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар) дауыс беруге қатысты.
Сонымен қатар 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс берген азаматтардың белсенділігі жоғары болғаны атап өтілді. Олардың саны 137 093 адамды құрады.
Референдумды дайындау мен өткізуге 247 аумақтық және 10 388 учаскелік комиссиялары жұмылдырылды.
Отырысты қорытындылай келе ОРК Төрағасы барлық деңгейдегі 70 мыңнан астам комиссия мүшелері өздеріне жүктелген күрделі тапсырманы адал орындағанын атап өтті.
Ол республикалық референдумды ұйымдастыру және өткізуге көмек көрсеткені үшін орталық мемлекеттік органдарға, оның ішінде сыртқы істер, ішкі істер, жасанды интеллект және цифрлық даму, мәдениет және ақпарат министрліктеріне алғыс білдірді.
Азаматтардың дауыс беруіне тең және қолайлы жағдайлар жасағаны үшін жергілікті атқарушы органдардың жұмысы ерекше атап өтілді.
Сонымен қатар, Төраға халықаралық байқаушыларға, аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер мен ұйымдарға, отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне электоралды науқанының жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.










