| 01.12.2005 |
|
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
2005 жылғы 1желтоқсандағы
№ 50/101 қаулысымен бекітілген
Орталық сайлау комиссиясының
2005 жылғы 1желтоқсандағы
№ 50/101 қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы (бұдан әрі - ОСК) ЕҚЫҰ/ДИАҚБ Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын байқау жөніндегі Миссиясының (бұдан әрі - СБМ) № 2 аралық есебімен таныса отырып, тұтастай алғанда оның объективті сипатын атап көрсетеді.
Аралық есептің кейбір қағидалары бойынша ОСК басқа мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, Миссиямен пікір алмасуды жалғастыруға ниетті.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы өзінің әріптестік қатынастарды одан әрі дамыту жолында екенін растай отырып:
- шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар байқаушыларының, шетелдік БАҚ өкілдерінің жанындағы аудармашылар мәртебесін реттейтін;
- электрондық дауыс беру қолданылатын сайлау учаскелерінде дауыстарды санау кезінде қатысуға құқығы бар адамдарға олардың өтініші бойынша үш хаттаманың: электрондық жүйе бойынша, қағаз бюллетеньдермен дауыс беру нәтижелері туралы және жиынтық хаттаманың көшірмелерін беруді учаскелік сайлау комиссияларына міндеттейтін;
- бюллетеньдерге арналған конверттерді дайындау және қолдану туралы қаулының күші жойылды деп танитын және т.б. бірқатар қаулыларды жедел түрде қабылдады.
ОСК сайлау науқаны уақытының ішінде сегіз аталмыш «жұмыс тәртібіндегі отырыстарды» өткізді, оларда тек бір-біріне ұқсас мәселелер – шетелдік мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың саны екі-үштен онға дейінгі және одан аса адамдарды құрайтын байқаушыларын тіркеу қарастырылды. Демек, бұл отырыстар, біздің көзқарасымыз бойынша, байқаушылар үшін де, журналистер үшін де ешқандай тосын жаңалық сипатында немесе өзге сипатта өткен жоқ, сол себепті есепте атап өтпесе де болар еді. Осы «жұмыс тәртібіндегі отырыстарда» жабық түрде еш мәселе қаралған жоқ.
Есепте көрсетілгендей, ОСК қаулыларының көпшілігі ғана емес, барлық қаулылары оның веб-сайтында жарияланады.
ҚР ОСК-нің 2005 жылғы 11 қазандағы Үндеуі – бұл сайлау науқанын Қазақстан Республикасы заңдарының шеңберінде өткізуге бағытталған жария және өте маңызды акт.
Үндеу, ең алдымен, ОСК тіркеген бес кандидатқа арналған. Сондықтан ОСК оларға және сайлау процесіне қатысушылардың барлығына арналған акт бойынша Үндеуге деген өз көзқарасын білдірмеген екі кандидаттан өз ұстанымын жеке айқындауын (тек олардың штабтарының өкілдері бас тартқан болатын) сұрауға құқылы деп пайымдаймыз. Сонымен бірге ОСК еш жағдайда оларды оң немесе теріс жауап беруге итермелеген жоқ және итермелеуі де мүмкін емес. ОСК Төрағасы мен Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Ж. Тұяқбай толық өркениетті нысанда бір-бірімен хат алысып, екеуі де алынған жауаптарға қанағаттанды.
Осы жағдайда ОСК тарапынан бейтараптық қағидатының бұзылуын байқамадық.
ENEMO-ны тіркеуден бас тарту туралы қорытынды да аса нақты емес, өйткені іс жүзінде осы ұйымның өкілдері, оның ішінде ENEMO Миссиясының басшысы С. Ткаченко НДИ құрамында ОСК-да тіркелді.
«Сайлау және демократия» (Elections & Democracy) ұйымы Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымы болып табылады және Сайлау туралы заңның 20-1-бабының 4-тармағына сәйкес сайлауды байқауды тіркеусіз жүзеге асыруға құқылы. СІМ 16 қарашада осы ұйым туралы осындай жауап берді және СБМ-нің оның тіркеле алмағаны туралы тұжырымы негізсіз.
Келіп түскен шағымдарға байланысты ОСК 9 қарашада әкімдерге, сайлау комиссияларына кандидаттардың үгіттік материалдарын жарнамаға арналған орындарда (билбордтарда) орналастыру мәселесін жедел қарап, жәрдемдесуді ұсынған болатын. Есепте «осы ұсынымның әсері болғанына көзіміз жеткен жоқ» деп тиісті ақпараттың жоқтығынан жазылған сияқты. Заң әкімдер мен сайлау органдарына кандидаттар үшін билбордтар бөлумен айналысуды міндеттемегенімен, ОСК-да хаттың әсері болғаны туралы ақпарат (Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Маңғыстау, Алматы, Павлодар облыстары әкімдіктерінің ақпараттары) бар.
ОСК СБМ-ның «ел өңірлерінде, атап айтқанда Ақтөбеде үгіттік материалдарды тарату немесе сайлаушыға үндеу тастауға талпыну кезінде оппозиция атынан ұсынылған кандидат белсенділерінің ұсталуы туралы ақпаратқа байланысты ерекше алаңдаушылық» білдіруі ішінара негізсіз деп пайымдайды.
Есепте сондай-ақ «СБМ үгіт материалдарын тасымалдаған автокөлікті тонау және өртеу оқиғалары туралы хабардар» екені айтылған.
ОСК Бас Прокуратурадан және Ішкі істер министрлігінен осындай фактілер туралы ақпараттарды тұрақты сұратып отырады.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес келеді және кімнің тарапынан болмасын, заң бұзушылықтарға ден қою олардың қызметтік міндеті болып табылады.
Копенгаген Құжатының 5.3-тармағында «Үкімет пен мемлекеттік биліктің міндеті - конституцияны сақтау және заңға жанасатын түрде қызмет ету» деп көзделген.
Жекелеген кандидаттардың жақтаушылары «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабының 5-тармағын бұза отырып, шығу деректері көрсетілмеген, яғни кандидат қорының есебінен тыс заңсыз шығып жатқан және бір кандидаттың басқа кандидат алдында артықшылыққа ие болуына түрткі болатын үгіт материалдарын таратқаны үшін ұсталған.
Заң бұзушылық фактілері жауапқа тартылған адамдарға қорғаудың барлық мүмкіндіктерін бере отырып, жария сот талқылауы арқылы заңды тәртіппен анықталды.
Тергеу деректері мен жүргізуші айғақтары бойынша 26 қазан күні Алматы облысында көлік жүргізушісінің көлік басқаруды бақылауынан шығарып алуының және соның салдарынан аударылуының нәтижесінде кандидаттардың біреуінің үгіт материалдары тиелген «Газель» автокөлігі өртенді. Автокөлікті ешкім өртемеген.
Бас Прокуратура мен Ішкі істер министрлігі тиісті ақпаратты СБМ-ға ұсынып отырады, бірақ оларды СБМ барлық жағдайларда назарына ала бермейтін сияқты.
ОСК сайлау процесіне қатысы жоқ, З. Нұрқаділовтің қаза болу фактісі есепке ешбір негізсіз енгізілген деп есептейді.
СБМ жекелеген жағдайларда кейбір кандидаттар өкілдерінің кез келген, тіпті қиял-ғажайыпты мәлімдемелерін етене қабылдап, есепке еш дәлелсіз енгізуге дайын тұрады деп пайымдаймыз. Олай болса, есепке жақында болған, Арқалық қаласы ІІБ бастығы, подполковник А.Салықбаевтың оқ жарақаттарынан қайтыс болу фактісін неге енгізбеске? А.Салықбаевтың қазасы саяси кісі өлтіру деп белгілі бір өкілдердің мәлімдеме жасамағандығынан ғана ма?
Сайлауға деген осындай көзқарас, біздің пікірімізше, «байқаушылардың қорытындылары олардың жеке байқауларына немесе ашық және бұлтартпайтын фактілер мен дәлелдемелерге негізделуге тиіс» делінген ЕҚЫҰ/ДИАҚБ байқаушыларының Мінез-құлық кодексіне сәйкес келмейді.
СБМ-ның №2 есебінде, біздің негізделген дәлелдерімізге қарамастан (олар сондай-ақ ОСК Төрағасының 2005 жылғы 23 қарашадағы «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттеріндегі мақалаларында келтірілген), «ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның 2004 жылғы Парламент сайлауы бойынша қорытынды есебінде жасаған заңнама базасына қатысты немесе ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның 2004 жылғы Сайлау туралы Конституциялық заңға бағасында берген ұсынымдарының біреуі де орындалған жоқ» деп қайталай беріп, «ескі әуеніне басуды» жалғастыруы ОСК-нің ерекше аландаушылығын туғызып отыр. ОСК мұнымен келіспейді.
ОСК жоғарыда аталған ұсынымдар жөніндегі өз сын-пікірлері мен анықтамаларын, сондай-ақ беделді шетелдік ғалымдар мен мамандардың қорытындыларын ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ға бірнеше рет ұсынған болатын.
ОСК ЕҚЫҰ/ДИАҚБ ұсынымы бойынша Сайлау туралы заңнан 44-баптың 6-тармағын алып тастау туралы заң жобасын жедел әзірлеу бастамасын көтеріп, сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруға әзір екенін көрсетті. Осылайша, ОСК негізделген ұсынымға назар аударып, оны қабылдады.
ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің міндеттемелеріне негізделмеген ұсынымдарды ОСК қабылдауға міндетті емес.
БАҚ бөлімі бойынша ОСК мемлекеттің тиісті бір кандидатқа артықшылық беріп отырған жекеменшік теледидар арналары мен баспа басылымдарына ықпал етуге құқығы жоқ екенін атап көрсетеді.
ОСК сондай-ақ СБМ-ның «ақпаратты еркін тарату құқығының бұзылуына қатысты» аландаушылығы да бекер екенін атап көрсеткісі келеді.
Есепте «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 100-бабын бұзғаны үшін бірнеше газетке айыппұл салынғаны, ал жекелеген жағдайларда олардың таралымдарының жойылғаны» туралы дұрыс атап көрсетілген. Демек, СБМ жауапкершіліктің заң бұзушылықтан туындағанын мойындап отыр. Заңды барлығы – билік те, оппозиция да сақтауға тиіс. Сол газеттер әлі де басылып шығуда және еліміздің заңдарының талаптарын сақтаған жағдайда, журналистер мен баспагерлердің ақпаратты тарату бостандығын ешкім де шектей алмайды.
Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясының 29-бабының 1-тармағында «Әр адамның тұлға ретінде еркін және толық даму мүмкіндігін беретін қоғам алдында міндеттері бар» деп көрсетілген.
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясы
2005 жылғы «1» желтоқсан
Ағымдағы сайлау науқаны туралы ақпарат
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау 2026 жыл
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы
