| 02.12.2005 |
|
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
2005 жылғы 1 желтоқсандағы № 51/106
қаулысымен бекітілген
Орталық сайлау комиссиясының
2005 жылғы 1 желтоқсандағы № 51/106
қаулысымен бекітілген
Қазақстан Республикасының сайлау органдарына өте маңызды және жауапты міндет - 2005 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің кезекті сайлауын әзірлеуді және өткізуді ұйымдастыру жүктелген.
Конституция, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заң, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлау құқықтарын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» 2005 жылғы 9 қыркүйектегі Жарлығы барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен сайлау комиссияларының міндеттерін сайлау науқанының барлық кезеңіне айқындады.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2005 жылғы 11 қазандағы Үндеуі, біздің басқа да үндеулеріміз бен мәлімдемелеріміз сайлау процесінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттардың барлығы үшін тең жағдайлар жасауға, сайлау құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін күшейтуге бағытталған.
Қазақстанда еркін, бәсекелі және әділ сайлаудың жалпыға танымал халықаралық стандарттарына барынша жақындатылған заңнамалық және практикалық тетіктердің жүйесі қалыптасқан және даму үстінде. Барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының табысты қызметі үшін қажетті ұйымдастыру, қаржылық және материалдық-техникалық жағдайлар жасалды.
Сайлау науқаны басталғаннан бері сайлау іс-шараларын жүргізу барысында сайлау комиссияларының мүшелері өздерінің біліктілігін, өз міндеттерін атқаруға деген адал көзқарасын растауда.
Сайлау науқаны басты және шешуші кезең - дауыс беру және оның қорытындыларын шығару күніне жақындап қалды.
Сайлау комиссиялары мүшелерінің сайлау күнгі және сайлаушылардың дауыстарын санау кезеңіндегі нақты, бірлескен, тек Заңға негізделген іс-қимылдарын қамтамасыз ету мәселесі қазір ерекше өзекті сипатқа ие болып отыр.
Орталық сайлау комиссиясы учаскелік сайлау комиссияларының төрағаларына дауыс беру күні қарсаңында комиссия мүшелерімен дауыс беру және дауыстарды санау рәсімін жүргізу жөнінде қосымша тренингтер өткізуді және нұсқаулық беруді, орын алуы мүмкін барлық жағдайларды қарастыруды, сайлау комиссиясының іс-қимылдарын талқылауды, туындауы мүмкін проблемаларды шешу жолдары мен тәсілдерін қарауды ұсынып отыр. Бұл ретте сайлау комиссиясының барлық шешімдері мен іс-қимылдарының негізі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның қағидалары болуға тиіс.
Сайлау комиссиялары Заңның және «Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы сайлауына дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін дайындау туралы» Орталық сайлау комиссиясы қаулысының талаптарын ұстана отырып, дауыс беру күні есептен шығару куәліктерінің көмегімен дауыс беруге қатысты сайлау рәсімдерінің сақталуына ерекше көңіл бөлуге тиіс.
Орталық сайлау комиссиясының 2005 жылғы 28 қарашадағы № 48/99 қаулысымен «2005 жылғы 4 желтоқсанға хабарланған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында дауыс беру кезінде сайлау бюллетеньдеріне арналған конверттерді пайдалану және дайындау туралы» Орталық сайлау комиссиясының 2005 жылғы 18 қарашадағы № 45/89 қаулысының күші жойылды деп танылды. Бюллетеньдерге арналған конверттер дауыс беру кезінде пайдаланылмайтын болды.
Дауыстарды санау нәтижелері туралы хаттаманың көшірмесі сайлау учаскесiнің үй-жайында жалпыжұрттың танысуы үшiн арнайы белгіленген орынға iлiнедi және үй-жайда екi күн бойы ілулі тұрады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес дауыстарды санау кезiнде қатысқан адамның тiлегі бойынша оған комиссия төрағасы мен хатшысының қолдары қойылып, тиiстi сайлау комиссиясының мөрiмен расталған хаттаманың көшiрмесi беріледi.
2005 жылғы 4 желтоқсанда 1447 сайлау учаскесінде дауыс беру сайлаушының таңдауы бойынша қағаз және электрондық сайлау бюллетеньдерін пайдалана отырып, жүзеге асырылатын болады. Оларда үш хаттама жасалатын болады: біріншісі - электрондық бюллетеньмен дауыс беру нәтижелері бойынша, екіншісі – қағаз бюллетеньдермен дауыс беру нәтижелері бойынша, үшіншісі – жиынтық хаттама.
Орталық сайлау комиссиясы дауыстарды санау рәсімінің ашықтығы мен жариялылығын барынша қамтамасыз ету және байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін дауыс беру қағаз және электрондық бюллетеньдерді пайдалану арқылы жүзеге асырылатын сайлау учаскелерінде дауыстарды санау нәтижелері туралы хабардар ету мақсатында учаскелік сайлау комиссияларына дауыстарды санау аяқталғаннан кейін жиынтық хаттамамен бір уақытта Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауында қағаз және электрондық бюллетеньдермен дауыс беру кезіндегі дауыстарды санау нәтижелері туралы хаттамалардың көшірмелерін ілуді міндеттеді.
Учаскелік және аумақтық сайлау комиссиялары шетелдік және жергілікті байқаушылармен жұмысты ең жоғары деңгейде ұйымдастыруға тиіс. Бұл ретте шетелдік байқаушылардың Қазақстанға біздің еліміздің шақыруы бойынша келіп отырғанын есте ұстағанымыз жөн. Олар – елімізде қолданылатын заңнаманың және ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның Сайлауды байқау жөніндегі басшылығына енгізілген Сайлау процесін байқаушылардың мінез-құлық кодексі нормаларының шеңберінде бізбен өзара іс-қимыл жасайтын біздің әріптестеріміз.
Сайлау комиссияларының мүшелері өз қызметін жүзеге асыру кезінде сайлау процесіне қатысушылардың барлығына, оның ішінде жергілікті және шетелдік байқаушыларға қатысты сыпайылық пен ұстамдылық танытуға, оларға заңда көзделген жағдайларды жасауға және сонымен бір уақытта сайлау процесіне қатысушылардан Қазақстан Республикасының заңнамасы нормаларының бұлжытпай сақталуын талап етуге тиіс.
Сайлау комиссиялары өз іс-қимылдарында, шешімдер қабылдауда толығымен тәуелсіз және дербес. Сайлау комиссияларының мүшелері мемлекеттің қорғауында және олардың құқықтық жағдайы Қазақстан Республикасының Конституциясы мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заң актілерінде айқындалған.
Орталық сайлау комиссиясы барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелерінен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның сайлау комиссиясы мүшесінің мәртебесін айқындайтын 19-бабының қағидаларын бұлжытпай сақтауды талап етеді.
Сайлау учаскесінде заңға сәйкес құқығы бар адамдардан басқа бөгде адамдардың болуына жол беруге болмайды. Сайлау комиссиялары сайлау учаскелерінен тыс болып жатқан оқиғаларға, атап айтқанда «Exit Poll» сайлаушылармен сауалнама жүргізетін адамдардың қызметіне алаңдамауға тиіс.
Барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелері өкілдері болып табылатын саяси партиялардың не қоғамдық бірлестіктердің шешімдерімен байланысты емес екенін және олардың мүдделерін қорғауға құқығы жоқ екенін естерінде ұстағаны жөн.
Кейбір адамдардың, ұйымдардың сайлау процесінің қалыпты барысын қалай да бұзуға, тіпті сайлауға дейін «билік құрылымдарының, сайлау комиссияларының сайлау өтетін күні сайлау заңнамасын көптеп бұзатыны туралы» мәлімдеуге, сайлауды заңсыз деп тануды ұсынуға тырысып-бағуы туралы жарияланымдардың БАҚ-та жиілеп кетуі Орталық сайлау комиссиясының ерекше алаңдаушылығын тудыруда.
Орталық сайлау комиссиясына «тәуелсіз» деген аты ғана, ал іс жүзінде «ақылы негіздегі» байқаушылар жиынтығы туралы; қоғамдағы жағдайды тұрақсыздандыруды көздейтін күштер тарапынан белсенділердің даярлануы туралы азаматтар мен қоғамдық бірлестіктерден шағымдар, мемлекеттік органдардан ақпараттар келіп түсуде. Орталық сайлау комиссиясына типографиялық тәсілмен жасалған және сайлау заңнамасын бұза отырып басылған, байқаушының тегін, сайлау учаскесінің нөмірі мен орналасқан жерін жазып, сайлау учаскесінің төрағасынан қол қоюды талап ету ғана қалған актілердің бланкілері келіп түсуде. Келіп түскен деректерге сүйенсек, осындай бірнеше мыңдаған бланкілер жасалған.
Шығыс Қазақстан облысынан шығу деректері көрсетілмеген, сайлау учаскелерінің мекен-жайлары бұрмаланған, яғни сайлауды болдырмауға бағытталған, электрондық дауыс беруден бас тартуға шақыратын үндеухаттардың таратылғаны туралы ақпарат келіп түсті.
Осы және басқа да фактілер жақын арада Оппозициялық қозғалыстың орталық кеңесінің бір мүшесінің жасанды түрде жинақталған сайлау заңнамасын бұзушылықтардың негізінде, алдын-ала белгіленген тақырып бойынша дайындалып жатқан заңсыз наразылық акциялары туралы жасаған мәлімдемесінің негізді екенінің нанымды дәлелдемелері болып табылады.
Орталық сайлау комиссиясы барлық сайлау комиссияларының мүшелерінің кез келген қиындықтарға қарамастан, сайлау науқанының келе жатқан ең жауапты күндері мен сағаттарында өз біліктілігін, ұстамдылығын, сайлау заңнамасын білетінін таныта отырып, өз борышын абыроймен атқаратынына сенімін білдіреді.
Осының нәтижесінде ғана біз, Орталық сайлау комиссиясынан бастап учаскелік сайлау комиссияларына дейінгі барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелері, Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 4 желтоқсандағы сайлауын еркін, ашық және әділ өткізуді қамтамасыз етеміз.
Орталық сайлау комиссиясы кандидаттарды, олардың сенім білдірген адамдарын, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарды қолдау жөніндегі штабтардың өкілдерін қолданыстағы заңнаманың нормаларын сақтауға, бір-біріне құрметпен және әдеппен қарауға шақырады.
Еркін және әділ сайлау өткізу - біздің ортақ міндетіміз бен мақсатымыз.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңы 27-бабының 2-тармағына сай сайлау алдындағы үгіт сайлау болатын күннің алдындағы жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта, яғни 2005 жылғы 3 желтоқсанда ноль сағатта аяқталады.
Орталық сайлау комиссиясы сайлау күні және оның алдындағы күні, яғни 2005 жылғы 3 және 4 желтоқсан күндері кез келген сайлау алдындағы үгітке тыйым салынатынын естеріңізге салады. Сайлау комиссияларының үй-жайлары мен дауыс беру үй-жайларынан тысқары жерде бұдан бұрын ілінген үгіттік баспа материалдары сол орындарында сақтала алады.
Бұқаралық ақпарат құралдарында қоғамдық пікірге сұрау салу нәтижелерін, сайлау нәтижелерінің болжамын, сайлауға байланысты өзге де зерттеулерді дауыс берілетін күн алдындағы бес күн ішінде және дауыс берілетін күні (яғни 2005 жылғы 29 қарашадан бастап 5 желтоқсан күнгі ноль сағатқа дейін) жариялауға жол берілмейді.
Сайлау күні дауыс берілетін үй-жайда немесе дауыс беру пунктінде қоғамдық пікірге сұрау салуға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасы сенімді нығайту жөніндегі шара түрінде Қазақстан Республикасының Президентін сайлауға шет мемлекеттердің, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының, халықаралық ұйымдардың байқаушыларын, шетелдік журналистерді шақырды; қазақстандық байқаушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін қажетті жағдайлар мен мүмкіндіктерді жасады.
Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасы байқаушылардың, кандидаттардың сенім білдірген адамдарының және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сайлау процесінің барлық кезеңдеріндегі қызметінің тәртібін, құқықтары мен міндеттерін нақты реттеген.
Байқаушының мәртебесі барлық сайлау рәсімдеріне олардың барысына араласпай, қатысуға, сайлау науқанына қатысты ақпаратты сұратуға және алуға, сайлау комиссияларының отырыстарына қатысуға, сайлау учаскелеріндегі дауыс беру және дауыстарды санау барысын байқауға, фото- және бейнетүсіру жүргізуге, сайлау комиссиясының дауыс беру қорытындылары туралы хаттамасымен танысуға және оның расталған көшірмелерін алуға, сайлау заңнамасының бұзылу фактілерін жазып алуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасы барлық сайлауды байқауды жүзеге асырушы адамдар бұлжытпай орындауға тиіс бірқатар міндеттерді белгілейді. Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын байқауға қатысу үшін байқаушылар жеке басы мен өкілеттіктерін куәландыратын құжаттарын өздерімен алып жүруге; сайлау процесіне араласпауға; сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін іс-әрекеттерді қолданбауға; сайлау учаскесінде мінез-құлық ережелерін сақтауға; өз ескертулерін құжатталған, дұрыс және тексеруге болатын фактілермен негіздеуге тиіс. Байқаушылар объективті және бейтарап болуға тиіс.
2005 жылғы 23 қарашада Орталық сайлау комиссиясы шетелдік байқаушылардың жұмысында оларға аудармашылардың ілесіп жүруіне байланысты орын алған проблемаларды жою мақсатында осы мәселелерді шешетін қаулы қабылдады.
Орталық сайлау комиссиясы байқаушылардың сайлауға дейінгі уақытта және сайлау күні Қазақстан Республикасының Президентін сайлаудың ашықтығы мен әділдігіне ықпал ететін болады және ЕҚЫҰ Адамзаттық өлшем жөніндегі Конференциясының Копенгаген кеңесінің 1990 жылғы 29 маусымдағы құжатында атап көрсетілгендей, Қазақстан үшін «сайлау процесінің беделділігін арттырады» деп үміттенеді.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабы біздің еліміздің азаматтарының тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет ісін басқаруға қатысуға, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар екенін айқындады.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген құқығын толық шамада іске асыруына мүмкіндік береді, еркін, әділ және ашық сайлау өткізу үшін барлық мүмкіндіктерді көздейді.
2005 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан Республикасының азаматтары еліміздің Президенті мәртебесіне ие болып, жуырдағы жеті жылға біздің мемлекетіміздің Басшысы, оның Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын лауазымды адамы, халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституциясының мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны мен кепілі болатын адамның атын атау үшін сайлау учаскелеріне келеді.
Сайлау күні «Сайлау» жүйесіне енгізілген сайлау учаскесінде сайлаушыға дауыс беру тәсілін таңдау мүмкіндігі берілетін болады. Егер сайлаушы дәстүрлі, қағаз бюллетеньмен дауыс беру тәсілін таңдаса, ол комиссия мүшелеріне жеке куәлігін көрсете отырып, бюллетень алуы қажет.
Дауыс берушiлер сайлау бюллетеньдерiн жасырын дауыс беруге арналған кабинада толтырады. Оларды толтыру кезiнде дауыс берушiден басқа кiмнiң болса да кiрiп тұруына тыйым салынады. Бюллетеньдердi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушы өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға құқылы, оның аты-жөнi дауыс бергеннен кейiн сайлаушылардың тiзiмiне тiркелiп, тұсына сайлаушының бюллетень алғандығы жөнiнде қолы қойылады. Мыналар ондай адам болуға тиiс емес:
1) сайлау комиссиясының мүшесi;
2) жергiлiктi өкiлдi немесе атқарушы органның лауазымды адамы;
3) кандидаттың сенiм бiлдiрген адамы;
4) бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлi-журналист;
5) тиiстi сайлау комиссиясында тiркелген байқаушы.
Сайлаушы өзi дауыс беретiн кандидат тегiнiң оң жағындағы бос шаршының iшiне кез келген белгi соғады.
Дауыс беруге арналған кабинада сайлаушы өзі таңдаған кандидат тегiнiң тұсына белгі соға отырып, бюллетеньді толтырады. Бюллетеньге қарындашпен белгi қоюға, сондай-ақ оған қандай да болсын түзету енгiзуге жол берiлмейдi. Толтырылмаған бюллетеньдер мен бірнеше кандидаттар белгіленген бюллетеньдер жарамсыз болып саналатынын есте ұстағандарыңыз жөн. Толтырылған бюллетеньдердi сайлаушы дауыс беруге арналған жәшiкке салады.
Егер сайлаушы электрондық сайлау бюллетенінің көмегімен дауыс беруді шешсе, онда ол сайлау күні өз сайлау учаскесінде жеке куәлігін көрсетіп, сайлаушының электрондық карточкасын алады. Дауыс беруге арналған кабинада сайлаушы карточканы дауыс беруге арналған терминалға салады, тілді және жақтап дауыс бергісі келетін кандидатты таңдайды. Мұны тиісті жазу орналасқан экран тұсын жеңіл басу арқылы жасауға болады. Одан кейін өз таңдауын растау қажет.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы барлық сайлаушыларды азаматтық белсенділік пен еліміздің бүгіні мен болашағы үшін жауапкершілік танытып, сайлау учаскелеріне келуге және өз таңдауын жасауға шақырады.
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясы
2005 жылғы 1 желтоқсан
Ағымдағы сайлау науқаны туралы ақпарат
Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау 2026 жыл
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы
