25.06.2007 |
![]() |
Төртінші сайланатын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу туралы
"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 20-2 бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Төртінші сайланатын Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы мен мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы кезеңіне белгіленсін:
1) шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын (бұдан әрі - байқаушылар) аккредиттеуді Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы (бұдан әрі - Ортсайлауком) Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша жүргізеді;
2) бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің тұрақты немесе уақытша аккредиттеу туралы куәлігі болған кезде сайлауда байқауды жүзеге асыруға құқылы;
3) Ортсайлаукомның жанында аккредиттелген халықаралық байқаушы, сондай-ақ шетелдік бұқаралық ақпарат құралының өкілі бір аудармашыны оның жеке басын куәландыратын құжатын көрсеткен кезде өзімен бірге алып жүре алады.
2. Халықаралық байқаушының қоса беріліп отырған сауалнамасының мәтіні бекітілсін.
3. Байқаушыларды аккредиттеуді жүргізу 2007 жылғы 12 тамызда аяқталсын.
4. Осы қаулы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігіне, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының сайлау комиссияларына, Ортсайлаукомның өңірлер бойынша өкілдеріне жіберілсін.
5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Т.В. Охлопковаға жүктелсін.
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
Төрағасы
Қ. Тұрғанқұлов
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
Хатшысы
Б. Мелдешов
Астана қ. 2007 жылғы 25 маусым
№90/175