23.09.2022 |
![]() |
2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған
Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында
Президенттікке кандидаттардың заңнама талаптарына
сәйкестігін тексеруді ұйымдастыру туралы
Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабының 2 және 3-тармақтарына, 41-бабының 2-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 10-бабының 5 тармағына, 12-бабының 1), 2) және 7) тармақшаларына, 54-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясынан сұрау келіп түскен күннен бастап екі күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру үшін қажетті құжаттарды ұсынсын:
1) Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі - Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатынын; Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың Қазақстан Республикасында соңғы он бес жыл бойы тұратынын анықтау бөлігінде;
2) Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті - Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттың бас бостандығынан айыру орнында болғанын; заңмен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар-жоқ екенін; сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін заңмен белгіленген тәртіпте соттың кінәлі деп танығанын; белсенді сайлау құқығына ие екенін анықтау бөлігінде;
3) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі - Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатта мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесінің болуы бөлігінде;
4) Қазақстан Республикасын Әділет министрлігі - Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты ұсынған республикалық қоғамдық бірлестіктің мемлекеттік тіркелгенін анықтау бөлігінде.
2. Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының аппараты осы қаулының 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдарға сұрауларды республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органы отырысының Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме келіп түскен кезден бастап кандидаттың дауысқа түсуге келісімі туралы өтінішімен және кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжатпен бірге дереу жіберуді қамтамасыз етсін.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы |
Н. Әбдіров |
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының хатшысы |
М. Ерман |
Астана қаласы,
2022 жылғы 23 қыркүйек
№ 67/546