22.04.2019 |
![]() |
2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентiнiң кезектен тыс сайлауында сайлаушылар тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру туралы
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 12-бабының 1) және 2) тармақшаларына, 24, 25, 26, 26-1-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері:
1) жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерекқордың негізінде сайлаушылардың тізімдерін жасауды қамтамасыз етсін;
2) сайлаушылар тізімдеріне енгізу, соның ішінде уақытша тіркелген азаматтарды енгізу тәртібі бойынша өңірде іске асырылатын сервистер (Call-орталықтары, цифрлық сервистер, интернет-ресурстар) жөнінде азаматтарды ақпараттандыруды ұйымдастырсын;
3) азамат болатын жері бойынша тиісті сайлаушылар тізіміне енгізу жөнінде өтініш жасаған кезде шаралар қабылдасын және қолданыстағы заңнамаға сәйкес тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен алып тастауды ұйымдастырсын;
4) дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын әрбір сайлау учаскесі бойынша сайлаушылар тізімдерін акт бойынша беруді қамтамасыз етсін.
2. Аумақтық сайлау комиссиялары:
1) сайлаушылар тізімдерінің сайлау учаскелеріне белгіленген мерзімде берілуін бақылауды қамтамасыз етсін;
2) жергілікті атқарушы органдардан сайлаушылардың тізімдері алынған күннен бастап екі күн мерзім ішінде оларды Орталық сайлау комиссиясына тапсырсын;
3) учаскелік сайлау комиссиясының шешімі бойынша сайлаушылар тізіміне өзгерістер енгізілген жағдайда бір күн мерзім ішінде бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын ақпараттандырсын.
3. Учаскелік сайлау комиссиялары:
1) дауыс беретiн күнге он бес күн қалғанда тиісті учаскелік сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылардың танысуы үшін сайлаушылар тізімдерін берсін;
2) азаматтар сайлаушылар тізімдеріне енгізу, олардан шығару не сайлаушылар тізімдеріне түзетулер жасау қажеттігі туралы өтініш берген жағдайда өтінішті келіп түскен күні қарасын және шешім қабылдасын;
3) сайлаушылар тізіміне өзгерістер енгізілген жағдайда бұл туралы жоғары тұрған сайлау комиссиясын дереу ақпараттандырсын.
4. Осы қаулы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялансын.
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
Төрағасы Б. Имашев
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
хатшысы С. Мұстафина
Нұр-Сұлтан қаласы,
2019 жылғы 22 сәуір
№ 15/242