12.04.2019 |
![]() |
2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Президенттікке кандидаттардың заңнама талаптарына сәйкестігін тексеруді ұйымдастыру туралы
Қазақстан Республикасы Конституциясы 33-бабының 2 және 3-тармақтарына, 41-бабының 2-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 12-бабының 1), 2) және 7) тармақшаларына, 54-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Мемлекеттік органдар Президенттікке кандидаттың заңнама талаптарына сәйкестігін тексеру үшін:
1) Ішкі істер министрлігі Президенттікке кандидаттың тумысынан Қазақстан Республикасы азаматы болып табылатынын; Президенттікке кандидаттың Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұрғанын анықтау бөлігінде;
2) Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті Президенттікке кандидаттың бас бостандығынан айыру орнында болғанын анықтау; заңмен белгіленген тәртіпте өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар-жоқ екенін; сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін заңмен белгіленген тәртіпте соттың кінәлі деп танығаны; белсенді сайлау құқығына ие екені бөлігінде;
3) Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі Президенттікке кандидатта мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесінің болуы бөлігінде;
4) Әділет министрлігі республикалық қоғамдық бірлестіктің заңда белгіленген тәртіппен тіркелгенін анықтау бөлігінде қажетті құжаттарды Орталық сайлау комиссиясынан сұрау түскен күннен бастап күнтізбелік екі күн ішінде ұсынсын.
2. Орталық сайлау комиссиясы аппаратының басшысы осы қаулының 1-тармағында көрсетілген мемлекеттік органдарға сұрауларды республикалық қоғамдық бірлестіктің жоғары органының Президенттікке кандидатты ұсыну туралы отырыс хаттамасынан үзінде көшірме түскен кезден бастап кандидаттың дауысқа түсуге келісімі туралы өтінішімен және кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжатпен бірге дереу жіберуді қамтамасыз етсін.
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
Төрағасы Б. Имашев
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
хатшысы С. Мұстафина
Нұр-Сұлтан қаласы,
2019 жылғы 12 сәуір
№ 11/234