08.09.2005 |
![]() |
Қазақстан Республикасы Президентінің
2005 жылғы кезекті сайлауына байланысты
Қазақстан Республикасының Президенттігіне
кандидаттардың сенім білдірілген адамдарын
тіркеу туралы
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңы 12-бабының 1), 5) және 8) тармақшаларына, 13-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына, 14-бабының 2) тармақшасына, 31-бабына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Аумақтық сайлау комиссиялары Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың (бұдан әрі - кандидаттар) сенім білдірілген адамдарын кандидаттар ұсынған тізімдердің негізінде тіркеуді және оларға Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2005 жылғы 23 тамыздағы № 11/23 қаулысымен белгіленген нысандар бойынша куәліктер беруді қамтамасыз ететін болып белгіленсін.
2. Облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары төмен тұрған аумақтық сайлау комиссиялары ұсынған мәліметтердің негізінде кандидаттардың тіркелген сенім білдірілген адамдарының тізімдерін қалыптастырады және оларды Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына әрбір кандидат бойынша жеке жібереді.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының аппараты кандидаттардың тіркелген сенім білдірілген адамдарының есебін жүргізеді.
3. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының аппараты (О.С. Мұқанов) кандидаттардың сенім білдірілген адамдарының куәліктерін уақтылы дайындауды, облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларына жіберуді қамтамасыз етсін.
4. Осы қаулы облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссияларына жіберілсін.
5. Облыстық, Астана және Алматы қалалық сайлау комиссиялары осы қаулыны төмен тұрған аумақтық сайлау комиссияларының назарына жеткізсін.
6. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Төрағасының Орынбасары Қ.Т. Тұрғанқұловқа жүктелсін.
7. Осы қаулы жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
Төрағасы О. Жұмабеков
Астана к., 8 қыркүйек 2005 ж.
№ 13/28