| 01.07.2026 |
|
2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы
Құрылтайының депутаттарын сайлауда сайлаушылар тізімдерімен
жұмысты ұйымдастыру туралы
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 12-бабының 1) және 2) тармақшаларына, 14-бабының 4-1) тармақшасына, 18-бабының 4) тармақшасына, 24, 25, 26, 26-1-баптарына сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Жергілікті атқарушы органдарға:
1) «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, «Сайлаушылардың дауыс беруге арналған тізімдерін қалыптастыру, сондай-ақ оларды сайлау комиссияларына ұсыну қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 23 тамыздағы №11/197 қаулысына сәйкес сайлаушылар тізімдерін қалыптастыруды қамтамасыз ету;
2) сайлаушылар тізімдерінің толықтығы мен дұрыстығы үшін азаматтарды сайлаушылар тізіміне, оның ішінде заңнамада белгіленген тәртіппен азаматтардың жазбаша өтініштері негізінде енгізу тәртібі туралы, сондай-ақ өңірде іске асырылатын ақпараттық сервистер туралы кеңінен ақпараттандыруды қамтамасыз ету;
3) азаматтарға олардың сайлаушылар тiзiмiне енгiзiлгені туралы ақпарат беру және сайлаушылар тiзiмдерiне енгiзiлгенін тексеру жөнiндегi ақпараттық сервистердің (колл-орталықтардың, цифрлық сервистердің, интернет-ресурстардың) жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
4) қолданыстағы заңнамаға сәйкес және азаматтардың сайлауға дейінгі отыз күннен кешіктірілмей келіп түскен жазбаша өтініштерінің негізінде оларды болатын жері бойынша тиісті сайлаушылар тізіміне енгізуді қамтамасыз ету және тіркелген жері бойынша сайлаушылар тізімінен алып тастауды ұйымдастыру;
5) қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматтардың сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтініштерін қарау мониторингін қамтамасыз ету;
6) әрбiр сайлау учаскесi бойынша сайлаушылардың тiзiмдерiн дауыс беру басталардан жиырма күн бұрын тиiстi сайлау комиссияларына белгiленген тәртiппен беруді қамтамасыз ету ұсынылсын.
2. Аумақтық сайлау комиссиялары:
1) белгіленген тәртіппен жергiлiктi атқарушы органдардан дауыс беру үшiн сайлаушылардың жаңартылған тiзiмдерiнің акт бойынша уақтылы алынуын бақылауды қамтамасыз етсін;
2) сайлаушылар тізімдерін жергілікті атқарушы органдардан алған күннен бастап екікүндік мерзімде оларды электрондық түрде Орталық сайлау комиссиясына берсін;
3) учаскелiк комиссиялардың сайлаушылар тiзiмдерiн танысу үшiн белгiленген тәртiппен уақтылы ұсынуын бақылауды қамтамасыз етсін;
4) учаскелiк сайлау комиссиясының шешiмi бойынша сайлаушылар тiзiмiне өзгерiстер енгiзiлген жағдайда, бұл туралы бiркүндік мерзімде жоғары тұрған сайлау комиссиясын ақпараттандырсын.
3. Учаскелік сайлау комиссиялары:
1) дауыс беру күнінен он бес күн бұрын сайлаушыларға тиісті учаскелік сайлау комиссияларының үй-жайларында сайлаушылар тізіміндегі өзі туралы деректермен танысу мүмкіндігін ұсынсын;
2) сайлаушылар тiзiмдерiне енгiзу, олардан шығару не сайлаушылар тiзiмдерiне түзетулер енгiзу қажеттiгi туралы өтiнiштер сайлау комиссиясына өтініштің келiп түскен күнi қаралсын;
3) сайлаушылар тiзiмiне өзгерiстер енгiзiлген жағдайда бұл туралы жоғары тұрған сайлау комиссиясына дереу хабарласын.
4. Осы қаулы Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсында орналастырылсын және астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне, аумақтық сайлау комиссияларына орындау үшін жіберілсін.
|
Төраға |
Н. Әбдіров |
|
Хатшы |
Ш.Өтемісов |
Астана қаласы
2026 жылғы 1 шілде
№ 26/43
- Абай облысы
- Ақмола облысы
- Ақтөбе облысы
- Алматы облысы
- Атырау облысы
- Батыс Қазақстан облысы
- Жамбыл облысы
- Жетісу облысы
- Қарағанды облысы
- Қостанай облысы
- Қызылорда облысы
- Маңғыстау облысы
- Павлодар облысы
- Солтүстік Қазақстан облысы
- Түркістан облысы
- Ұлытау облысы
- Шығыс Қазақстан облысы
