ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау туралы

Мәжілістің тоқсан сегіз депутатын сайлау партиялық тізімдер бойынша жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің тоғыз депутатын қазақстан халқы ассамблеясы сайлайды. 

Қазақстан республикасы конституциясының 33-бабының 2- және 2-тармақтарына, 51-бабының 4-тармағына және «қазақстан республикасындағы сайлау туралы» қазақстан республикасының конституциялық заңына (бұдан әрі – сайлау туралы заң) сәйкес қазақстан республикасының азаматы болып табылатын және оның аумағында соңғы он жыл тұрақты тұрған, жасы жиырма беске толған адам парламент мәжiлiсінің депутаты бола алады.

Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар қатыспайды.

Сотталғандығы заңда белгіленген тәртіппен өтелмеген немесе алып тасталмаған адам парламент мәжілісінің депутаттығына кандидат бола алмайды (сайлау туралы заңның 4-б.). 
Партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәжiлiс депутаттығына кандидаттар ұсыну құқығы - белгiленген тәртiппен тiркелген саяси партияларға, ал қазақстан халқы ассамблеясы сайлайтын мәжiлiс депутаттығына кандидаттарға қатысты ассамблея кеңесіне тиесілі.

Саяси партиялар партиялық тізімдерді мемлекеттік тілдің әліпбиі ретімен жасайды. Партиялық тізімді саяси партияның өкілі саяси партияның жоғары органының партиялық тізімді ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірмемен бірге ортсайлаукомға ұсынады. Өкілдің өкілеттіктері тиісті құжаттармен расталуға тиіс.

Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайтын парламент мәжілісінің депутаттығына кандидаттар ұсынуды ассамблея кеңесі жүргізеді. Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің шешімі көпшілік дауыспен қабылданады және хаттамадан үзінді көшірмемен ресімделеді.

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну 2007 жылғы 22 маусымда басталып, 11 шілдеде аяқталады.

Қазақстан халқы ассамблеясы сайлайтын мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну 2007 жылғы 4 тамызда басталып, 9 тамызда аяқталады.

Саяси партиялар ұсынған партиялық тізімдер мен қазақстан халқы ассамблеясы ұсынған кандидаттарды тіркеуді ортсайлауком жүргізеді.

Партиялық тізімдерді тіркеу 2007 жылғы 22 маусымда басталып, 17 шілдеде аяқталады.

Қазақстан халқы ассамблеясы ұсынған кандидаттарды тіркеу 2007 жылғы 9 тамызда басталып, 14 тамызда аяқталады.