Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының студенттері арасында сайлау құқығы мен сайлау процесі мәселелері бойынша викторина өткізу туралы
ЕРЕЖЕ



1. Жалпы ережелер


1.1. Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарының студенттері арасында сайлау құқығы мен сайлау процесі мәселелері бойынша викторина Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Парламентаралық Ассамблеясына қатысушы мемлекеттер азаматтарының демократияны, парламентаризмді дамыту және сайлау құқықтарын сақтау мониторингінің халықаралық институты (бұдан әрі – ТМД ПАА ДДМХИ) мен Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы (бұдан әрі – ҚР ОСК) өткізеді.

1.2. Викторина болашақ сайлаушылардың құқықтық мәдениетін арттыру, оларда сайлау құқықтары мен референдумға қатысу құқықтарын саналы іске асыру үшін қажетті білімдерін, машықтары мен дағдыларын қалыптастыру мақсатында өткізіледі.

1.3. Викторинаға Қазақстанның жоғары оқу орындарының, бітірушілерді қоспағанда, барлық курс студенттері қатыса алады.

1.4. Викторина екі кезеңде ұйымдастырылады. Бірінші кезең сайлау құқығы және сайлау процесі мәселелері бойынша қатысушының білім деңгейін анықтау үшін интерактивті форматта өткізіледі. Екінші кезең бірінші кезеңнің қорытындылары бойынша ең көп балл санын жинаған он студент арасында бейнеконференция режимінде өткізіледі және үміткерлердің пікірсайыстар өткізу дағдыларын анықтауға бағытталады.

1.5. Викторинаға қатысумен байланысты шығыстарды қатысушылар өз қаражаты есебінен жүзеге асырады.

1.6. Викторинаға қатысу, оның өткізілу барысы мен нәтижелері туралы ақпарат Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы ресми сайтының арнайы бетінде (http://www.iacis.ru), ҚР ОСК мен серіктес жоғары оқу орнының интернет-ресурстарында орналастырылады.

1.7. Викторинаны дайындау мен өткізуді ұйымдастырушылық-техникалық, әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз етуді ТМД ПАА ДДМХИ мен ҚР ОСК жүзеге асырады.

1.8. Викторинаны өткізу үшін Ұлттық ұйымдастыру комитеті, Ұлттық қазылар алқасы, Халықаралық ұйымдастыру комитеті құрылады.

1.9. ҚР ОСК, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің (бұдан әрі – ҚР БҒМ), ғылыми-білім беру және сарапшылар қоғамдастығының өкілдерінен тұратын Ұлттық ұйымдастыру комитеті викторинаның мазмұнын айқындайды және серіктес жоғары оқу орнының базасында алаңды ұйымдастырады.

1.10. Сайлау құқығы саласындағы сарапшылардан, ҚР ОСК, ҚР БҒМ, ғылыми-білім беру қауымдастығы мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен тұратын Ұлттық қазылар алқасы викторина жеңімпаздарын айқындайды.

1.11. ТМД ПАА ДДМХИ қызметкерлері мен сарапшыларынан тұратын халықаралық ұйымдастыру комитеті:

жеңімпаздар дипломдарының және викторинаға қатысушылар сертификаттарының нысандарын бекітеді;

викторинаның қорытындыларын бекітеді.


2. Викторинаны өткізу


2.1. Викторина 2019 жылғы 1-25 мамыр аралығында серіктес жоғары оқу орнының базасында өтеді.

2.2. Ұлттық қазылар алқасы викторинаның жеңімпаздарын айқындайды және 2019 жылғы 30 мамырдан кешіктірмей, жеңімпаздардың тізімін Халықаралық ұйымдастыру комитетіне жібереді.


3. Викторина жеңімпаздары мен жүлдегерлерін айқындау


3.1. Викторинаның соңғы қорытындылары туралы шешімді Халықаралық ұйымдастыру комитеті 2019 жылғы 31 мамырға дейінгі мерзімде қабылдайды және ТМД ПАА ДДМХИ сайтындағы викторина бетінде жарияланады (http://www.iacis.ru).

3.2. Викторинаның жеңімпаздары болып танылған және дипломдармен марапаттауға ұсынылған қатысушылар 2019 жылдың қыркүйегінде ТМД ПАА ДДМХИ қаражаты есебінен ТМД ПАА ДДМХИ штаб-пәтерінде ұйымдастырылатын Демократия күніне арналған ғылыми пікірсайысқа қатысу үшін жіберіледі, викторинаның барлық қатысушылары сертификаттармен марапатталады.