ҚР сайлау жүйесі

Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі


Қазақстан Республикасының 1995 жылғы Конституциясы мемлекеттік билікті ұйымдастырудың негізгі қағидаты ретінде ерікті сайлауды, ал егемендікке ие әрі мемлекеттік биліктің бірден-бір көзі – халық екенін анықтады. Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет.

Демократиялық сайлау – бұл бәсекелі, мерзімді және өкілдік сайлау, оның процесінде кең еркіндікке ие азаматтар билік құрылымдарына өздерінің өкілдерін балама негізде сайлайды. Бәсекелі сайлау сайлауға түрлі партиялардың және кандидаттардың қатысуына кепілдік береді. Олардың барлығы сөз, жиналыс, қозғалыс бостандығын, олардың саяси көзқарастарының естілуі үшін және олар сайлаушыларға балама кандидаттарды ұсына алуы үшін қажеттінің барлығын пайдалана алады. Қазақстан Республикасының заңнамасы сайлаудың мерзімділігін, билік органдарында елдің әр түрлі әлеуметтік топтарының өкілдігін қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабы Қазақстан Республикасының он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысу құқығына кепілдік береді. Сайлауға сот iс-әрекетке қабілетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ.

Қазақстан беделді халықаралық ұйымдардың белсенді мүшесі бола отырып, өзі қабылдаған ерікті және бәсекелі сайлау өткізу жөніндегі барлық міндеттемелерді ұстанады. Мемлекет басшысын, Қазақстан Республикасы Парламенті мен мәслихаттарының депутаттарын, сондай-ақ аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлау біздің елімізде ұлттық заңнамаға және Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясына (1948 ж.), Халықаралық азаматтық және саяси құқықтар туралы пактіге (1966 ж.), ЕҚЫҰ Копенгаген кеңесінің құжатына (1990 ж.) енгізілген демократиялық сайлаудың жалпыға бірдей танымал принциптеріне сәйкес ашықтық және жариялылық жағдайларында өтеді.

Сайлау және сайлану құқығы 1995 жылғы қыркүйекте қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда реттелген.

Сайлау және сайлану құқығы 1995 жылғы қыркүйекте қабылданған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда реттелген.

Конституцияның және осы Заңның ережелеріне сәйкес Қазақстан Республикасының Президентін, Парламенті Мәжілісінің, мәслихаттарының депутаттарын, сондай-ақ аудандарының, облыстық маңызы бар қалаларының, аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдарының, кенттерінің, ауылдық округтерінің әкімдерін сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жағдайында өткізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті жеті жыл мерзімге сайланады. Республика Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын қырық жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген әрі Қазақстанда соңғы он бес жыл тұратын , жоғары білімі және мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесі бар Республика азаматы сайлана алады.

Қазақстан Республикасының Парламенті елдің жоғары өкілді органы болып табылады және тұрақты негізде жұмыс істейтін екі Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады. Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жыл тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады.

Сенатты елу депутат құрайды. Сенаттың қырық депутаты әр облыстан, республикалық маңызы бар қалалардан және республика астанасынан екі адамнан сайланады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбір үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Сенат депутаттарын сайлау жанама сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Сенаттың он депутатын Республика Президенті тағайындайды, оның бесеуі – Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша.

Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады.

Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімі-алты жыл.

Мәжіліс аралас сайлау жүйесі бойынша сайланатын тоқсан сегіз депутаттан тұрады. Алпыс тоғыз депутат саяси партиялардан партиялық тізімдер бойынша бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша сайланады. Жиырма тоғызы – бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша.

Жиырма бес жасқа толған адам Мәжіліс депутаты бола алады.

Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – бес жыл.

Мәслихаттарды халық жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды.

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады: бірыңғай аумақтық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша депутаттардың жартысы, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша – екінші жартысы сайланады.

Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар мәслихаттарының депутаттары бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады.

Жиырма жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады.

Қазақстан Республикасы аудандарының, облыстық маңызы бар қалаларының, аудандық маңызы бар қалаларының, ауылдарының, кенттерінің, ауылдық округтерінің әкімдерін Қазақстан Республикасы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының және Ммемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына сай жиырма бес жастан кіші емес Қазақстан Республикасының азаматтары арасынан жасырын дауыс беру кезінде жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы төрт жылға қызметке сайлайды.