«ҚР ОСК ИТО» РМК ҚҰРУ ТУРАЛЫ ҚАУЛЫ


«Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Инженерлiк-техникалық орталығы» республикалық мемлекеттiк кәсiпорнын құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 шілдедегі N 726 қаулысы

Қазақстан Республикасының " Мемлекеттiк кәсiпорын туралы " 1995 жылғы 19 маусымдағы және " Мемлекеттiк сатып алу туралы " 2002 жылғы 16 мамырдағы Заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

1. "Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Инженерлiк-техникалық орталығы" шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттiк кәсiпорны (бұдан әрi - Кәсiпорын) құрылсын.

2. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы (келiсiм бойынша) Кәсiпорынның мемлекеттiк басқару органы болып белгiленсiн.

3. Кәсiпорын қызметiнiң негiзгi мәнi электрондық сайлау жүйесi инфрақұрылымының объектiлерi торабын ұстау және дамыту саласында шаруашылық қызметтi жүзеге асыру болып белгiленсiн.

4. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы (келiсiм бойынша) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен:

1) кәсiпорынның жарғысын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетiне бекiтуге енгiзсiн;

2) кәсiпорынның әдiлет органдарында мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсiн;

3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

5. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы (келiсiм бойынша) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендiру комитетiмен бiрлесiп, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен 2005 жылға арналған республикалық бюджетте 003 "Инженерлiк-техникалық орталық құру" республикалық бюджеттiк бағдарламасы бойынша көзделген қаражат шегiнде Кәсiпорынның жарғылық капиталын қалыптастырсын.

6. Облыстардың, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының әкiмдерi құрылған Кәсiпорынға және оның аумақтық филиалдарына жабдықтар мен инженерлiк-техникалық персоналды орналастыруға қажеттi санда жалдау негiзiнде қызметтiк алаңдар берсiн.

7. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 05.08.2013 № 796 қаулысымен.

8. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі

«ҚР ОСК ИТО» РМК Жарғысы

Жалпы ережелер


«Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Инженерлік-техникалық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – Кәсіпорын) шаруашылық жүргiзу құқығындағы мемлекеттiк кәсiпорынның ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады.

Кәсіпорын «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Инженерлік-техникалық орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 13 шілдедегі № 726 қаулысына сәйкес құрылды.

Кәсiпорынның құрылтайшысы Қазақстан Республикасының Үкiметi болып табылады.

Кәсiпорын мүлкіне қатысты республикалық меншiк құқығы субъектiсінің құқығын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттiк мүлiк және жекешелендіру комитеті (бұдан әрi - мемлекеттiк мүлiк жөніндегі уәкiлеттi орган) жүзеге асырады.

Кәсіпорынды басқаруды жүзеге асыратын орган Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы (бұдан әрі – тиісті саланың уәкілетті органы) болып табылады.
Кәсіпорынның атауы:

мемлекеттік тілде:

толық - «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Инженерлік-техникалық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;

қысқа - «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Инженерлік-техникалық орталығы» РМК;

орыс тілінде:

толық – Республиканское государственное предприятие на праве хозяйственного ведения «Инженерно-технический центр Центральной избирательной комиссии Республики Казахстан»;

қысқа – РГП «Инженерно-технический центр Центральной избирательной комиссии Республики Казахстан».

Кәсіпорынның орналасқан жері: 010000, Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы, Сарыарқа ауданы, Бейбітшілік көшесі, 4.

Кәсіпорынның заңды мәртебесі


Кәсiпорын мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап құрылған болып саналады және заңды тұлға құқығын алады.

Кәсіпорынның заңнамаға сәйкес дербес теңгерімі, банктерде шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және Кәсіпорынның атауы бар бланкілері, мөрі бар.

Кәсiпорын, Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, заңды тұлғаларды құра алмайды, сондай-ақ басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды.
Кәсiпорын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес филиалдар және өкiлдiктер құра алады.

Егер Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде өзгеше көзделмесе, Кәсіпорынмен жасалатын және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес міндетті мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге жататын азаматтық-құқықтық мәмілелер тіркелген кезден бастап жасалған болып есептеледі.

Кәсіпорын қызметінің мәні және мақсаттары


Кәсiпорын қызметінің мәні электрондық сайлау жүйесінің инфрақұрылымы объектілерінің желісін күтіп-ұстау және дамыту саласында шаруашылық қызметті жүзеге асыру болып табылады.

Кәсiпорын қызметінің мақсаты сайлауды дайындау және өткізу саласында автоматтандырылған ақпараттық жүйелерді әзірлеу, ендіру, техникалық сүйемелдеу, олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету және ақпараттық-есептеу қызметін көрсету болып табылады.

Қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін Кәсіпорын мынадай қызмет түрлерін орындайды:

1) тиісті саланың уәкілетті органына электрондық сайлау жүйесін құру, сүйемелдеу, автоматтандырылған ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуі бойынша тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді ұсыну және сайлауды дайындау мен өткізу саласындағы ақпараттық-техникалық қамтамасыз ету;

2) электрондық сайлау жүйесінің инфрақұрылымы объектілерінің желісін күтіп-ұстау және дамыту мақсатында мемлекеттік ақпараттық жүйелер, мемлекеттік ақпараттық ресурстар және мемлекеттік органдардың ақпараттық дерекқорын жасау жөнінде жұмыстар орындау мен қызметтер көрсетуге қатысу;

3) электрондық сайлау жүйесін дамыту, тиісті саланың уәкілетті органының Веб-порталын жасау және сүйемелдеу бойынша инженерлік-ізденушілік, ғылыми-зерттеулік, сарапшылық, жобалау-конструкторлық жұмыстарға қатысу;

4) электрондық сайлау жүйесінің желісін пайдалана отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес телекоммуникациялық қызметтер көрсету;

5) электрондық сайлау жүйесінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық жүйелерді және өзге ақпараттық өнімдерді жобалау, тарату және пайдалану;

6) электрондық сайлау жүйесінің инфрақұрылымы саласындағы ғылыми-әдістемелік, нормативтік-техникалық құжаттаманы, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге қатысу;

7) электрондық сайлау жүйесін күтіп-ұстау және дамыту жөніндегі стандарттардың жобаларын әзірлеуге қатысу;

8) телекоммуникациялық жабдықы, есептеу техникасын және электрондық сайлау жүйесінің инфрақұрылымы объектілерінің желісін жеткізу, монтажтау және оларға қызмет көрсету;

9) электрондық сайлау жүйесі саласында оқыту және консалтинг;

9-1) тиісті саланың уәкілетті органының тапсырмасы бойынша сайлау практикасын зерделеу жөнінде жұмыстарды, соның ішінде саяси партия өкілдерімен және сайлау процесінің басқа қатысушыларымен сайлауды ұйымдастыру және өткізу, сайлау туралы заңнаманы түсіндіру және жетілдіру жөнінде семинарларды, дөңгелек үстелдерді, конференцияларды ұйымдастыруға және өткізуге қатысады;

10) халықаралық ұйымдармен электрондық сайлау жүйесінің инфра-құрылымы саласында заңнамамен белгіленген тәртіппен іс-қимыл жасауды және ынтымақтаса жұмыс істеу;

11) аумақтық сайлау комиссияларының ұйымдастырушылық қызметіне жәрдемдесу және оның сайлау қызметінде ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін, интернет-ресурсты құруды, дамытуды, енгізуді, сүйемелдеуді, оларға әкімшілік жүргізуді, пайдалануды және жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету, сондай-ақ материалдық-техникалық қамтамасыз ету.

Кәсіпорын осы Жарғыда бекітілген, өзінің қызметінің мәні мен мақсатына сай келмейтін қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ мәмілелерді жасауға құқылы емес.

Кәсіпорынның Қазақстан Республикасының заңдарында немесе құрылтай құжаттарында белгілі бір шек қойылған қызмет мақсаттарына қайшы не оның директорының жарғылық құзыретін бұза отырып, жасаған мәмілесі тиісті саланың уәкілетті органының немесе мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның не прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.

Кәсіпорынның жарғыдан тыс қызметті жүзеге асыруына бағытталған директордың іс-әрекеті еңбек міндеттерін бұзу болып табылады әрі тәртіптік және материалдық жауаптылық шараларын қолдануға әкеп соғады.

Кәсіпорынды басқару


Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган:

1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша Кәсіпорынның құрылтайшысы болады;

2) Қазақстан Республикасының атынан Кәсіпорынға қатысты республикалық меншік құқығы субъектісінің құқықтарын жүзеге асырады;

3) тиісті саланың уәкілетті органының ұсынымы бойынша Кәсіпорын қызметінің мәні мен мақсаттарын, сондай-ақ осы қызметті жүзеге асыратын Кәсіпорын түрін айқындайды және Кәсіпорынның Жарғысын, оған өзгерістер мен толықтыруларды бекітеді;

4) Кәсіпорынға берілген немесе ол өз шаруашылық қызметінің нәтижесінде сатып алған мүлікті тиісті саланың уәкілетті органының келісімі бойынша алып қоюды немесе қайта бөлуді жүзеге асырады;

5) Кәсіпорын мүлкінің нысаналы және тиімді пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады;

6) Кәсіпорынның мемлекеттік мүліктің нысаналы пайдаланылуын бақылау нәтижелері бойынша анықталған, артық, пайдаланбайтын не мақсатына сай пайдаланбаған мүлкін, бақылауды жүзеге асырған кезден бастап алты ай өткен соң тиісті саланың уәкілетті органының келісімінсіз алып қоюды жүзеге асырады;

7) Кәсіпорынға алып қойылған мүлікті күтіп-ұстау және оны кейіннен теңгерімнен шығара отырып, өзге тұлғаға бергенге дейін сақталуын қамтамасыз ету мерзімін белгілейді;

8) тиісті саланың уәкілетті органына Кәсіпорынды қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асыруға келісім береді;

9) Кәсіпорынға бекітілген мүлікті (ол өндірген өнімді сатуды қоспағанда) оның иеліктен шығаруына немесе оған өзгеше тәсілмен билік етуіне, филиалдар мен өкілдіктер құруына, сондай-ақ дебиторлық берешекті беруіне және есептен шығаруына келісім береді;

10) Кәсіпорынға бекітілген мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беруге талдау жүргізеді;

11) Кәсіпорынның жұмыс істеуі мен оны басқару тиімділігіне мониторинг ұйымдастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;

12) Қазақстан Республикасының заңнамасымен оның құзыретіне жатқызылған өзге де мәселелерді шешеді.

Тиісті саланың уәкілетті органы:

1) Кәсіпорын қызметінің басым бағыттарын және бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстарының (көрсететін қызметтерінің) міндетті көлемін айқындайды;

2) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға Кәсіпорын қызметінің мәні мен мақсатын айқындау бойынша, сондай-ақ осындай қызметті жүзеге асыратын Кәсіпорынның түрін айқындау бойынша ұсыныстар енгізеді;

3) Кәсіпорынның даму жоспарларын және оларды орындау жөніндегі есептерін қарайды, келіседі және бекітеді;

4) Кәсіпорын мүлкінің сақталуын және Кәсіпорынның даму жоспарларының орындалуын талдауды және бақылауды жүзеге асырады;

5) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға Кәсіпорынға берілген немесе ол өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде сатып алған мүлікті алып қоюға немесе қайта бөлуге келісімін береді;

6) Кәсіпорынды басқаруды жүзеге асырады;

7) Кәсіпорынның жылдық қаржылық есептілігін бекітеді;

8) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша Кәсіпорынды қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;

9) Кәсіпорынның таза табыстың бір бөлігін республикалық бюджетке толық және уақытылы аударуын бақылауды жүзеге асырады;

10) Кәсіпорын директорының ұсынымы бойынша оның орынбасарларын және бас бухгалтерді қызметке тағайынды және қызметтен босатады;

11) жыл сайын Кәсіпорынның еңбекақы төлеу қорының мөлшерін белгілейді;

12) Кәсіпорын директорының, оның орынбасарларының, бас бухгалтерiнiң лауазымдық айлықақыларының мөлшерiн, оларға сыйлықақы және өзге де сыйақы беру жүйесiн белгілейді;

13) Кәсіпорын директорының ұсынымы бойынша Кәсіпорын филиалдары мен өкілдіктерінің директорларын қызметке тағайындауға және қызметтен босатуға келісім береді;

14) Қазақстан Республикасының заңнамасымен оның құзыретіне жатқызылған өзге де мәселелерді шешеді;

15) Кәсіпорыннан ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым объектілерін, интернет-ресурсты құру, дамыту, енгізу, сүйемелдеу, оларға әкімшілік жүргізу, пайдалану және жүйелік-техникалық қызмет көрсету және сайлау қызметін материалдық-техникалық қамтамасыз ету жөніндегі тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді сатып алады.

Заңды тұлға ретінде Кәсіпорын органы оның директоры болып табылады.

Директорды тағайындау және аттестаттау, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

Тиісті саланың уәкілетті органы Кәсіпорынның директорымен еңбек қатынастарын Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес еңбек шартын жасасу арқылы рәсімдейді.

Еңбек шартында Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінде белгіленген жағдайлардан басқа, Кәсіпорын директорының бюджетке таза табыстың белгіленген бөлігі уақытылы аударылмағаны үшін жауапкершілігі айқындалады.

Кәсіпорын директоры Кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметіне және мүлкінің сақталуына жеке жауапты болады.

Кәсіпорын директоры Кәсіпорында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекетті ұйымдастыруға жеке жауапты болады.

Директор дара басшылық қағидаттарында әрекет етеді және Кәсіпорын қызметінің барлық мәселелерін Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Жарғыда айқындалатын өз құзыретіне сәйкес дербес шешеді.

Директор:

1) Кәсіпорынның атынан сенімхатсыз әрекет етеді және оның мүдделерін барлық органдарда білдіреді;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасымен бекітілген шектерде Кәсіпорынның мүлкіне билік етеді;

3) шарттар жасасады және өзге де мәмілелер жасайды;

4) сенімхаттар береді;

5) банктік шоттар ашады;

6) Кәсіпорынның барлық қызметкерлері үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

7) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес Кәсіпорынның қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және олармен еңбек шарттарын бұзады, егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен және осы Жарғымен өзгеше көзделмесе, көтермелеу шараларын қолданады және оларды жазаға тартады;

8) белгіленген еңбекақы төлеу қоры шегінде еңбекақы төлеу нысанын, штаттық кестені, лауазымдық айлықақылардың мөлшерін, Кәсіпорынның қызметкерлеріне (өзінің орынбасарлары мен бас бухгалтерді қоспағанда) сыйлықақы және өзге де сыйақы беру жүйесін бекітеді;

9) өзінің орынбасарлары мен бас бухгалтерді қызметке тағайындау және қызметтен босату үшін тиісті саланың уәкілетті органына кандидатуралар ұсынады;

10) орынбасарлар мен Кәсіпорынның басқа да басшы қызметкерлерінің құзыретін белгілейді;

11) тиісті саланың уәкілетті органының келісімі бойынша Кәсіпорынның филиалдары мен өкілдіктерінің директорларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

12) Кәсіпорынның филиалдары мен өкілдіктері туралы ережелерді бекітеді;

13) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

Мемлекеттік кәсіпорын банкрот деп танылған немесе оңалту рәсімі қолданылған және уақытша не банкроттық немесе оңалтушы басқарушы тағайындалған жағдайларда, Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамалық актісінде белгіленген тәртіппен оны басқару бойынша барлық өкілеттіктер тиісінше уақытша не банкроттық немесе оңалтушы басқарушыға өтеді.

Кәсіпорынның мүлкі


Кәсіпорынның мүлкін, құны оның теңгерімінде көрсетілетін Кәсіпорынның активтері құрайды.

Кәсіпорынның мүлкі бөлінбейтін болып табылады және салымдар (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері, пайлар) бойынша, оның ішінде Кәсіпорын қызметкерлерінің арасында бөлінбейді.

Кәсіпорынның мүлкі:

1) оған меншік иесі берген мүлік;

2) өз қызметiнiң нәтижесінде сатып алынған мүлiк (ақшалай табыстарды қоса алғанда);

3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қаржы көздері есебінен қалыптастырылады.

Кәсіпорынның қарамағында тек оның жарғылық мақсаттарымен көзделген қызметін қамтамасыз ету үшін оған қажетті не осы қызметтің өнімі болып табылатын мүлік болуы мүмкін.

Шаруашылық жүргізу құқығын алу және тоқтату, егер осы Жарғыда өзгеше көзделмесе немесе аталған заттық құқықтың табиғатына қайшы келмесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде меншік құқығын және өзге де заттық құқықты алу мен тоқтату үшін көзделген талаптарда және тәртіппен жүзеге асырылады.

Шаруашылық жүргізудегі мүлікті пайдаланудың жемістері, өнімі мен кірістері, сондай-ақ Кәсіпорын шарттар немесе өзге де негіздер бойынша алған мүлік Қазақстан Республикасының заңнамасында меншік құқығын алу үшін белгіленген тәртіппен Кәсіпорынның шаруашылық жүргізуіне түседі.

Егер Қазақстан Республикасының заңнамасымен немесе меншік иесінің шешімімен өзгеше белгіленбесе, оған қатысты меншік иесі оны Кәсіпорынға бекіту туралы шешім қабылдаған мүлікке шаруашылық жүргізу құқығы Кәсіпорында мүлікті өз теңгеріміне бекіткен кезде туындайды.

Кәсіпорынның негізгі құралдарға жататын мүлікті сатып алу-сату, айырбастау, сыйға тарту шарттары негізінде иеліктен айыруға құқығы жоқ.

Кәсіпорынның мүлкіне шаруашылық жүргізу құқығы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 249-бабында көзделген меншік құқығын тоқтату негіздері бойынша және тәртіппен, сондай-ақ осы Жарғының 36-тармағында көзделген жағдайларда тоқтатылады.

Осы Жарғының 35-тармағында көзделген шаруашылық жүргізу құқығын тоқтатудың жалпы негіздерінен басқа, шаруашылық жүргізу құқығы Кәсіпорыннан мүлікті меншік иесінің шешімі бойынша заңды түрде алып қойылған жағдайда тоқтатылады.

Заңды түрде алып қою жағдайларына, атап айтқанда:

- шаруашылық жүргізу құқығындағы Кәсіпорынның жарғылық қызметінің мақсаттарына сай келмейтін мүлікті алып қою;

- артық, пайдаланылмайтын не мақсатқа сай пайдаланылмайтын мүлікті алып қою жатады.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы мүлікті алып қою туралы шешімде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган Кәсіпорынға оны өзге тұлғаға бергенге дейін күтіп-ұстау және сақталуын қамтамасыз ету мерзімдерін белгілейді.

Кәсіпорын мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның жазбаша келісімімен, тиісті саланың уәкілетті органының ұсынымы бойынша:

1) филиалдар, өкілдіктер құруға;

2) оған тиесілі акционерлік қоғамдардың акцияларына, сондай-ақ дебиторлық берешегіне билік етуге;

3) үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша кепілгерлік немесе кепілдік беруге;

4) қарыздар беруге құқылы.

Кәсіпорын оған шаруашылық жүргізу құқығында бекітілген, негізгі құралдарға жатпайтын жылжымалы мүлікке дербес билік етеді.

Егер Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі немесе меншік иесі (мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкiлетті орган) өзгеше белгілемесе, осы Жарғының 38 және 39-тармақтарында көрсетiлген мүлiкпен жасалған мәмiлелерден алынған ақшаны Кәсіпорын дербес пайдаланады.

Кәсіпорынның қызметін қаржыландыру


Кәсіпорынның қызметі өз табысы және Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында айқындалған тәртіппен алынған бюджет қаражаты есебінен даму жоспарына сәйкес қаржыландырылады.

Кәсіпорынның даму жоспарын әзірлеу және бекіту тәртібін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

Кәсіпорынның таза табысының бір бөлігін аудару нормативін мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

Белгіленген нормативтер бойынша Кәсіпорынның таза табысының бір бөлігі Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде белгіленген тәртіппен республикалық бюджет есебіне жатқызылуға тиіс.

Кәсіпорын таза табысының бір бөлігін республикалық бюджетке аударуды корпоративтік табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей жүргізеді.

Кәсіпорын өзі өндіретін өнімді дербес сатады.

Кәсіпорын өндiретін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағалары Кәсiпорынның оларды өндiруге жұмсаған шығындарын толық өтеуді, оның қызметінің шығынды болмауын және өз табыстары есебiнен қаржыландырылуын қамтамасыз етуге тиiс.

Бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстардың (көрсетілетін қызметтердің) көлемі шеңберінде өндiрілетін тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) бағаларын тиісті саланың уәкілетті органымен келісім бойынша Кәсіпорын белгiлейдi.

Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынған, Жарғыда көзделмеген қызметтi жүзеге асырудан Кәсіпорын алған табыстар, сондай-ақ бюджеттен қаржыландыру есебінен құралған, сатылатын тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) белгіленген бағаларын көтеру нәтижесiнде алынған табыстар Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен бюджетке алып қоюға жатады. Мүлікті бухгалтерлік есеп қағидалары бойынша тиісті түрде көрсетпей пайдалану фактілері анықталған жағдайда, ол да алып қоюға жатады.

Кәсіпорынның жарғылық капиталы


Кәсіпорынның жарғылық капиталының мөлшері 9 710 000 (тоғыз миллион жеті жүз он мың) теңге құрайды.

Жарғылық капиталды құрылтайшы Кәсіпорынның мемлекеттік тіркелуі кезіне толық қалыптастырды.

Кәсіпорынның есепке алуы мен есептілігі


Кәсіпорынның бухгалтерлік есебін жүргізу және қаржылық есептілігін жасау Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасына сәйкес және қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына сай тиісті саланың уәкілетті органының келісімі бойынша Кәсіпорынның директоры бекітетін есеп саясатына сәйкес жүзеге асырылады.

Кәсіпорынның жылдық қаржылық есеп беруі бухгалтерлік теңгерімді, табыстар мен шығындар туралы есепті, ақшалай қаражат қозғалысы туралы есепті, капиталындағы өзгерістер туралы есепті, түсіндірме жазбаны қамтиды.

Кәсіпорынның жауапкершілігі


Кәсіпорын өз міндеттемелері бойынша өзіне тиесілі барлық мүлікпен жауап береді.

Еңбек ұжымымен өзара қатынас


Кәсіпорынның әкімшілігі мен еңбек ұжымы арасындағы өзара қатынас Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне және ұжымдық шартқа сәйкес айқындалады.

Кәсіпорынның жұмыс тәртібі ішкі еңбек тәртібі қағидаларына сәйкес белгіленеді және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.

Кәсiпорын қызметкерлерiне еңбекақы төлеу


Кәсіпорынның еңбекақы төлеу қорының мөлшерін жыл сайын тиісті саланың уәкілетті органы белгілейді.

Еңбекақы төлеу нысандарын, штат кестесiн, лауазымдық айлықақылар мөлшерiн, сыйлықақы және өзге сыйақы беру жүйесiн белгiленген еңбекке ақы төлеу қорының шегiнде Кәсiпорын дербес айқындайды.

Кәсiпорын директорының, оның орынбасарларының, бас бухгалтерiнiң лауазымдық айлықақыларының мөлшерiн, оларға сыйлықақы және өзге де сыйақы беру жүйесiн тиісті саланың уәкілетті органы белгiлейдi.

Кәсіпорынды қайта ұйымдастыру және тарату


Кәсіпорынды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жүргізіледі.

Кәсіпорын Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген басқа да негіздер бойынша таратылуы мүмкін.

Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, Кәсіпорынды қайта ұйымдастыруды және таратуды мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісімі бойынша тиісті саланың уәкілетті органы жүзеге асырады.

Кредиторлар талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған, таратылған Кәсіпорынның мүлкін мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган қайта бөледі.

Кредиторлар талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған, таратылған Кәсіпорынның ақшасы, Кәсіпорынның мүлкін сату нәтижесінде алынған қаражатты қоса алғанда, республикалық бюджеттің кірісі есебіне жатқызылады.

Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі


Кәсіпорынның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар тиісті саланың уәкілетті органының ұсынымы бойынша мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның бұйрығымен енгізіледі.