12.10.2022 |
АҚПАРАТТЫҚ ХАБАР
2022 жылы 12 қазанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында кандидат Жұматай Әлиұлы Әлиевтің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау бойынша Лингвистикалық комиссияның отырысы өтті.
Лингвистикалық емтихан үш кезеңде өткізілді: жазба жұмысын орындау, қазақ әдебиеті классиктерінің шығармасынан үзінді оқу және кандидат таңдаған тақырып бойынша көпшілік алдында сөз сөйлеу.
Емтихан аяқталған соң, комиссия кандидаттың жауабын талқылап, қорытындысын шығарды.
Отырыстың қорытындысын Лингвистикалық комиссияның төрағасы, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Құрманжанұлы Ахметов баяндады.
Кандидат «Түркістан – ер түріктің бесігі» тақырыбына жазба жұмысын орындады. Жұмыс мазмұны, стилі, емлесі, тыныс белгілері бойынша бағаланды. Екінші тапсырма бойынша Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді оқыды. Үшінші тапсырма бойынша «Адал еңбек – игілік көзі» тақырыбына шаршытоп алдында сөз сөйледі.
Емтихан қорытындысы бойынша Лингвистикалық комиссияның екі мүшесі қалыс қала отырып, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жұматай Әлиұлы Әлиевтің мемлекеттік тілді меңгергендігі туралы көпшілік дауыспен шешім қабылдады.