22.12.2020 |
Байқаушыларға арналған оқыту семинары
2020 жылдың 22 желтоқсанында «ҮЕҰ Академиясы» білім беру жобасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясымен бірлесіп Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқау негіздерін түсіндіру бойынша семинар өткізді.
Семинарда ҚР ОСК мүшелері және қоғамдық ұйымдардың басшылары дәріс оқыды.
Семинардың модераторы ҚР АҚДМ Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Қожахмет Мадияр Дүйсенбайұлы ұлттық байқау субъектілері белсенділігінің өсуін және сайлау процесіне қатысушылардың құқықтық мәдениет деңгейін арттыру қажеттілігін ескере отырып, оқыту және түсіндіру жұмыстарының өзектілігін атап өтті.
Бірінші спикер – ҚР ОСК мүшесі Ерлан Сламханұлы Дауылбаев «Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлауды пропорционалды жүйе бойынша ұйымдастыру мен өткізудің құқықтық негіздері» баяндамасымен сөз сөйлеп, жергілікті өкілетті органдардың депутаттарын сайлаудың пропорционалды жүйесімен байланысты ағымдағы сайлау науқанын өткізудің ерекшеліктеріне тоқталды.
Келесі спикер «Eurasian Expert Council» ҚБ президенті Чингиз Серікұлы Лепсібаев, электораттық байқау бойынша түрлі жобалардың ұйымдастырушысы ретінде, «Сайлауды қоғамдық байқауды реттейтін халықаралық құжаттар туралы» баяндамасында осындай оқыту семинарларын өткізудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, әлемнің көптеген елдерінде тәуелсіз байқауға негізделетін халықаралық стандарттар, қағидаттар мен әдістемелер, Қазақстан Республикасы ратификациялаған негізгі халықаралық құжаттар туралы және халықаралық ұйымдардың құрамында, атап айтқанда ЕҚЫҰ, сайлауға байқау жүргізу тәжірибесі туралы айтып берді.
ҚР ОСК мүшесі Серік Сламжанұлы Сыдықов «Қазақстан Республикасындағы сайлауды байқаудың құқықтық негіздері» баяндамасында «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген байқаушылардың өкілеттіктерін іске асыру мәселелерін толық түсіндірді.
Сайлау процесіне жекелеген қатысушылардың сайлау рәсімдерінде көрініс табатын құқықтық хабарсыздығы сайлау процесі субъектілерінің құқықтары мен міндеттеріне қатысты нормалар жиынтығын қосымша түсіндіруді талап етеді. Спикер Ортсайлаукомның а. ж. 4 желтоқсандағы №44/371 қаулысына толық тоқталды.
Серік Сыдықов қоғамдық бірлестіктерден және коммерциялық емес ұйымдардан сайлауды байқаушыларды жіберу мәселесіне және байқау функцияларының азаматтардың саяси құқықтары мен бостандықтарын іске асыруға және қорғауға қатысты олардың жарғылық мақсатына сәйкестігіне назар аударып, жарғыға өзгерістер енгізу хабарлама сипатына ие екенін атап өтті. Байқаушылардың сайлау учаскесінен бейнекөрсетілімді жүзеге асыру туралы аталған мәселені реттейтін құқықтық нормалардың жиынтығын түсіндірді. Ортсайлауком қабылдаған қаулы фото -, дыбыс - және бейнежазбаны жүзеге асыруға тыйым салмайды, сайлаушылардың дербес деректерін қорғауды ескере отырып жүргізілуге тиіс екенін ескертеді.
«Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Бану Ғаниқызы Нұрғазиева қазіргі кезде өңірлерде 10 мыңнан астам байқаушыдан тұратын пул құрылғанын, байқаушы күнделігінің және заңнамадан үзінділер бар буклеттердің дайындалғаны туралы айтып берді.
«Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басқармасының төрайымы Айгүл Сағадибекқызы Соловьева сайлауды байқау саласындағы халықаралық міндеттемелер мен стандарттарды сақтауға бағдар ретіндегі бейтарап және адал байқау хартиясын дайындау бастамасы туралы хабарлады.
Семинар соңында баяндамашылар сұрақтарға толық жауап берді.
Тақырыпқа деген үлкен қоғамдық қызығушылықты ескере отырып (бес жүзге жуық өтініш), ZOOM платформасында өткізілген онлайн-семинар «ҮЕҰ академиясы: сайлауды байқау негіздерін түсіндіру бойынша семинар» YouTube каналында қатар көрсетілді.
https://www.youtube.com/watch?v=oDhMB-MxEDo&feature=youtu.be
Қазақстан Республикасы
Орталық сайлау комиссиясының
Баспасөз қызметі
тел. 75-21-03, 75-23-69
a.khusainova@election.gov.kz
v.zheksembekova@election.gov.kz
https://t.me/electionelection