27.04.2019 |
АҚПАРАТТЫҚ ХАБАР
2019 жылғы 27 сәуірде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес «Ұлт тағдыры» бірлескен ұлттық-патриоттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Әміржан Сәғидрахманұлы Қосановтың мынадай құжаттарын ұсынды:
1. ««Ұлт тағдыры» бірлескен ұлттық-патриоттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігі жоғары органының Қазақстан Республикасының Президенттікке кандидат ұсыну жөніндегі отырысының хаттамасынан үзінді;
2. Әміржан Сәғидрахманұлы Қосановтың Қазақстан Республикасының Президенттiгіне кандидат болып дауысқа түсуге келiсiм бергені туралы өтiнiші;
3. Өмірбаяндық деректері;
4. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасын енгiзгенiн куәландыратын құжат;
5. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
6. Жоғарғы оқу орнындағы білімі туралы дипломдарының көшірмелері;
7. Мемлекеттік қызметте жұмыс тәжірибесінің бар екенін растайтын құжаттар.
Мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын лингвистикалық комиссиясының отырысы 2019 жылғы 29 сәуірге тағайындалды.