26.04.2019 |
2019 жылғы 26 сәуірде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында лингвистикалық комиссияның отырысы өтті
2019 жылғы 26 сәуірде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында «Ақ жол Қазақстан демократиялық партиясының» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Дания Мәдиқызы Еспаеваның мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау бойынша лингвистикалық комиссияның отырысы өтті.
Лингвистикалық емтихан барлық үш кезең бойынша өтті: тақырып бойынша жазбаша тапсырма жазу, мәтін оқу және лингвистикалық комиссия берген тақырыпқа көпшілік алдында кемінде он бес минут сөз сөйлеу. Емтихан тапсырылғаннан кейін лингвистикалық комиссия талқылау өткізіп, қорытындылады. Отырысқа Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззәт Жаңылысқызы Сүлеймен қатысты.
Бұқаралық ақпарат құралдары емтиханның басталуын және қорытынды нәтижелері шыққаннан кейін бірден байқауға мүмкіндік алды. Отырыстың қорытындысын лингвистикалық комиссия мүшесі, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым Академиясының академигі, профессор Сейіт Асқарұлы Қасқабасов баяндады.
Жазбаша жұмыс «Ұлы Даланың жеті қыры» тақырыбында болды. Жазбаша жұмыс мазмұны, стилі, емлесі, тыныс белгілері бойынша бағаланды. Үміткер жазбаша жұмысын жазуға берілген уақытты толыққанды пайдаланды. Тұңғыш Президент – Елбасы мақаласы жайындағы жазбаша жұмыс сауатты жазылып, тақырыбы терең ашылып, негізгі ережелері сипатталды. Комиссия мүшелері оның жұмысын жоғары бағалады
Үміткер екінші тапсырмада жазушы Мұқағали Мақатаевтың «Аманат» өлең жинағынан үзінді оқып шықты. Үміткер мәтінді мәнерлеп, мағынасын түсініп және комиссия мүшелеріне оны жеткізе етіп оқып берді.
Президенттікке үміткер үшінші тапсырма бойынша «Қоғам және демократия» тақырыбы бойынша өз ойын 15 минутта ауызша айтып берді. Үміткер қазақстандық қоғамының демократиялық дамуы және партиялық жүйені одан әрі дамыту жолдары туралы өте жақсы айтып берді.
Емтихан қорытындысы бойынша лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне үміткер Дания Мәдиқызы Еспаеваның мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі туралы ашық дауыспен шешім қабылдады.