25.04.2019 |
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың талаптарға сәйкестігін анықтау туралы қаулыны қабылдады
2019 жылғы 25 сәуірде Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзіне Конституцияда және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында қойылған талаптарға сәйкестігін анықтау туралы қаулыны қабылдады.
2019 жылғы 23 сәуірде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 54-бабының 2 тармағына және 55-бабына сәйкес «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігі Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсынуына байланысты оның тиісті құжаттарын Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына ұсынды:
1. «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігінің жоғарғы органы отырысының Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы хаттамасынан үзінді көшірме;
2. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат;
3. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өмірбаяндық деректері, жеке басын куәландыратын құжаттың, жоғары оқу орнындағы білімі туралы дипломдарыныңкөшірмелері, мемлекеттік қызметте немесе мемлекеттік сайланбалы лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі туралы мәліметтер қоса берілген, оның Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде дауыс беруге түсуге келісім бергені туралы өтініші.
2019 жылғы 23 сәуірде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы болып өтті.
Лингвистикалық емтихан барлық белгіленген кезеңдер бойынша өткізілді.
Өткізілген емтиханның нәтижелері бойынша лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың мемлекеттік тілді еркін меңгергені жөнінде шешім қабылдады (отырыстың а.ж. 23 сәуірдегі №2 хаттамасы).
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Конституцияда және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруде жәрдемдесуі үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салды және тиісті мәліметтер алды.
Орталық сайлау комиссиясы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев:
1) Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінің мәліметтері негізінде тумысынан Республика азаматы болып табылатындығын,Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулысының негізінде соңғы он бес жыл ішінде Қазақстанда тұратынын анықтады. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің «Қазақстан Республикасы Конституциясының 41-бабының 2-тармағын ресми түсіндіру туралы» 2019 жылғы 25 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысына сай Қазақстанда соңғы он бес жыл тұратындығы бөлігінде Конституцияның 41-бабының 2-тармағына сәйкес;
2) жоғары білімі бар екенін;
3) Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнің мәліметтері негізінде:
- сотталғандығы жоқтығын;
- сот сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін жауапқа тартпағанын;
- белсенді сайлау құқығына ие екендігін;
4) Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметтері негізінде мемлекеттік қызметте, сондай-ақ сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі бар екендігін анықтады.
Осы қаулының 1-тармағында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзіне Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында қойылған талаптарға сәйкес келетіні анықталған.
Қаулының 2-тармағында облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Қазақстан Республикасы астанасының сайлау комиссияларына Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдап қол жинауға арналған қол қою парақтарын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа беру тапсырылған.
Қол жинауды Президенттікке кандидаттың сенім білдірген адамдары жүзеге асырады және ол қол қою парақтарымен ресімделетінін атап өту қажет.
Орталық сайлау комиссиясында өткен кеңейтілген отырыстың қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен брифинг болып өтті, онда ҚР ОСК мүшелері БАҚ барлық сұрақтарына жауап берді.