31.08.2017 |
Ортсайлауком хатшысы С. Мұстафина Румыниядағы ДСОҚ Бас Ассамблеясының отырысына қатысты
Ортсайлауком хатшысы Сабила Мұстафина 2017 жылғы 31 тамызда Бухарест қаласында (Румыния) Дүниежүзілік сайлау органдары қауымдастығы (ДСОҚ) Бас Ассамблеясының үшінші отырысының жұмысына қатысты.
Қазақстан Республикасы Ортсайлауком ДСОҚ құрылған 2013 жылдан бері оның мүшесі болып табылады. ДСОҚ мақсаты ашық және нақты сайлауды ұйымдастыру мен өткізу тәжірибесіндегі ақпарат пен тәжірибе алмасуда халықаралық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ сайлау органдарын демократиялық сайлау өткізудің ұйымдастыру-құқықтық негіздерін, кәсіби құрамдас бөлігін нығайту мен дамытуға қолдау көрсету болып табылады.
ДСОҚ Бас Ассамблеясының отырысы барысында ДСОҚ жаңа Төрағасы, Төраға орынбасары, Атқару комитетінің жаңа мүшелері сайланды, Бас хатшы қайта сайланды, ДСОҚ Жарғысына өзгерістер енгізілді және
2018 жылға арналған Қауымдастық жоспарлары талқыланды.
Сондай-ақ 2017 жылдың 1 және 2 қыркүйегінде «Сайлау бюллетеньдерін санау және дауыстарды санаудағы жауапкершілік: Сайлау процестерінің ашықтығын арттыру үшін технологияларды пайдалану» тақырыбында халықаралық конференция болады, онда сайлау процесінде ақпараттық технологияларды қолдану және сайлау науқанын жария етудегі БАҚ рөлі мәселелері талқыланады.