16.03.2017 |
Баспасөз релизі
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Ж. Сүлейменнің Ақтау қаласында Маңғыстау және Ақтау аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесуі туралы
2017 жылғы 15 наурызда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Ж. Сүлейменнің Ақтау қаласында Маңғыстау және Ақтау аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесуі өтті.
Кездесу «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру жөніндегі іс-шаралар кешені туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 13 наурыздағы №437 Жарлығын сайлау комиссияларының мүшелерімен талқылау мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесу барысында ҚР ОСК мүшесі Л.Ж.Сүлеймен Ортсайлауком «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» және «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңдарға өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныстар дайындауда екенін айтты.
Маңғыстау және Ақтау аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары Е.Күмісқали және Т.Сатыбалдымен сайлау заңнамасына өзгерістерді қажет ететін: учаскелік сайлау комиссияларының құрамы, сайлаушылардың тізімдерімен жұмыс, сайлаушылардың сайлау барысында комиссиялардың қызметіне сенімін арттыру шаралары туралы мәселелерді көтерді.
Сондай-ақ кездесу шеңберінде 2017 жылға жоспарланған алдағы Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауға және ауылдық округтер, аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың әкімдерін сайлауды дайындау және өткізу жөніндегі мәселелер талқыланды.