Қазақстан Республикасы
жоғары оқу орындарының студенттері арасында
«Әлем мемлекеттерінің сайлау жүйелері»
интернет-олимпиадасын өткізу туралы
ЕРЕЖЕ


1. Жалпы ережелер


1.1. «Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының студенттері арасында «Әлем мемлекеттерінің сайлау жүйелері» интернет-олимпиадасын Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы (бұдан әрі – ҚР ОСК) Демократияны, парламентаризмді дамыту және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Парламентаралық Ассамблеясына қатысушы мемлекеттер азаматтарының сайлау құқықтарын сақтау мониторингінің халықаралық институтымен (бұдан әрі – ТМД ПАА ДДМХИ) бірлесіп өткізеді.

1.2. Интернет-олимпиада жас сайлаушылардың құқықтық мәдениетін арттыру, оларды демократиялық сайлау процесінің негіздерімен таныстыру, оларда сайлау құқықтарын іске асыру үшін қажетті білімдерін, машықтары мен дағдыларын қалыптастыру мақсатында өткізіледі.

1.3. Интернет-олимпиаданы дайындау мен өткізуді ұйымдастыру-техникалық, әдістемелік және ақпараттық қамтамасыз етуді ҚР ОСК жүзеге асырады.

1.4. Интернет-олимпиаданың жұмыс органы ҚР ОСК аппаратының Электораттық оқытуды ұйымдастыру және талдау бөлімі болып табылады.

1.5. Интернет-олимпиадаға Қазақстанның жоғары оқу орындарының студенттері қатыса алады.

1.6. Интернет-олимпиада екі кезеңде ұйымдастырылады. Бірінші кезең қатысушының әлем елдерінің сайлау жүйелері саласындағы білім деңгейін айқындау үшін онлайн-форматта өткізіледі. Екінші кезең – «Үздік пікірсайысшы» байқауы – бірінші кезеңнің қорытындылары бойынша ең көп балл санын жинаған студенттер арасында интерактивті режимде өткізіледі және үміткерлердің пікірсайыс жүргізу дағдыларын анықтауға бағытталған.

1.7. Сарапшылық сүйемелдеу және интернет-олимпиаданың жеңімпазын айқындау үшін сайлау құқығы саласындағы сарапшылардан, ҚР ОСК, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, ғылыми-білім беру қоғамдастығы және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен тұратын Ұлттық қазылар алқасы құрылады.

1.8. Интернет-олимпиаданың Ұлттық қазылар алқасы келесі функцияларды жүзеге асырады:

- интернет-олимпиаданы өткізу кезінде бағалау жүйесін басшылыққа алады (1-қосымша);

- екінші кезеңге қатысу үшін бірінші кезеңнің қорытындылары бойынша ең көп балл санын жинаған студенттерді іріктеу туралы шешім қабылдайды;

- интернет-олимпиаданың екінші турына қатысатын студенттердің пікірсайыс жүргізу дағдыларын бағалауды жүзеге асырады;

- жеңімпаздарды айқындайды және оларға 1, 2 және 3 дәрежелі дипломдар береді;

- ұйымдастыруды, тапсырмалардың тақырыптары мен нысандарын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізеді;

- интернет-олимпиаданы сәтті өткізуге бағытталған өзге де функцияларды жүзеге асырады.

1.9. Интернет-олимпиаданың Ұлттық қазылар алқасы өз қызметінде алқалылық, кәсібилік, заңдылық, жариялылық, объективтілік және гуманизм принциптерін басшылыққа алады.

1.10. Интернет-олимпиаданы өткізудің жұмыс тілі ТМД ПАА жұмыс тілі – орыс тілі.

1.11. Интернет-олимпиадаға қатысу, оны өткізу барысы және нәтижелері туралы ақпарат ҚР ОСК, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясының (http://www.iacis.ru), Қазақстанның жоғары оқу орындары қауымдастығының және қатысушы жоғары оқу орындарының ресми сайттарында орналастырылады.

1.12. Интернет-олимпиаданың барлық қатысушылары сертификаттармен марапатталады.


2. Интернет-олимпиаданы өткізу


2.1. Интернет-олимпиада 2020 жылғы 1-30 қыркүйек аралығында өткізіледі.

2.2. Ұлттық қазылар алқасы интернет-олимпиаданың жеңімпаздарын айқындайды және 2020 жылдың 30 қыркүйегінен кешіктірмей, жеңімпаздардың тізімдерін Халықаралық ұйымдастыру комитетіне жібереді.


3. Интернет-олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін айқындау


3.1. Интернет-олимпиаданың соңғы қорытындылары туралы шешімді Халықаралық ұйымдастыру комитеті 2020 жылдың 30 қыркүйегіне дейінгі мерзімде қабылдайды және ТМД ПАА сайтында (http://www.iacis.ru) интернет-олимпиада бетінде жарияланады.

3.2. Интернет-олимпиаданың жеңімпазы болып танылған және дипломмен марапаттауға ұсынылған қатысушы 2020 жылғы желтоқсанда Санкт-Петербург қаласындағы ТМД ПАА штаб-пәтерінде ТМД ПАА ДДМХИ қаражаты есебінен ТМД ПАА-ның ДДМХИ ұйымдастырылатын ғылыми пікірсайыстарға қатысу үшін жіберіледі.




ҚР жоғары оқу орындары
студенттерінің арамында
«Әлем мемлекеттерінің сайлау жүйелері»
интернет-олимпиадасын өткізу туралы
ережеге 1-қосымша


Интернет-олимпиаданы өткізу кезіндегі
бағалау жүйесі


1. Интернет-олимпиаданың бірінші кезеңі барысында тест тапсырмаларының әрбір дұрыс жауабы үшін 1 балл есептеледі.

2. Екінші кезең бірінші кезеңнің қорытындылары бойынша ең көп балл санын жинаған он қатысушы арасында өткізіледі.

3. Үміткерлердің пікірсайыс жүргізу дағдыларын анықтау бойынша екінші кезең барысында Ұлттық қазылар алқасының мүшелері қойған ең жоғары балл санын жинаған қатысушы жеңімпаз болып табылады.

4. Егер интернет-олимпиаданың екінші кезеңі барысында бірнеше қатысушы бірдей жиынтық балл санын жинаған жағдайда, оларға жеңімпазды айқындау үшін қосымша тапсырма ұсынылады.