19.11.2022 14:00 |
![]() |
Ортсайлаукомда шетелдік БАҚ өкілдері үшін брифинг өтті
19 қарашада Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясында 2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу бойынша шетелдік БАҚ өкілдері үшін брифинг өтті.
ҚР СІМ-мен бірлесіп ұйымдастырылған брифингке 37 елден, оның ішінде Орталық Азия, Еуропа, Солтүстік Америка, Солтүстік Африка және т. б. елдерден 46 журналист қатысты.
ҚР ОСК хатшысы Мұхтар Ерман шетелдік БАҚ өкілдерін сайлау науқанының негізгі кезеңдерінің қорытындыларымен, елдегі сайлаушылар мен сайлау учаскелерінің санымен, сайлауға аккредиттелген халықаралық байқаушылармен, сайлау учаскелеріндегі дауыс беру ерекшеліктерімен, электоралдық оқытумен және т. б. таныстырды.
Ортсайлауком Төрағасының орынбасары Константин Петров дауыс беру күні учаскелердегі шетелдік БАҚ өкілдерінің қызметін реттейтін "ҚР сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының нормаларына тоқталды.
Өз кезегінде шетелдік БАҚ өкілдері Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын ұйымдастыру және өткізу жөніндегі Ортсайлаукомның мүшелеріне, атап айтқанда, қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізу тәртібі, сайлау алдындағы үгіт кезеңін өткізу қорытындылары, сайлау алдындағы пікірсайыстар мен пікірталастар өткізу, байқаушылардың, БАҚ-тың және сайлау процесіне басқа да қатысушылардың сайлау учаскелеріндегі құқықтары мен міндеттері туралы сұрақтар қойды.
Кездесу соңында Ортсайлауком мүшелері дауыс беруді өткізу рәсімдерінің барынша ашықтығын және демократиялығын қамтамасыз ететінін атап өтті.