01.02.2022 09:46 |
![]() |
2022 жылғы 1 ақпанда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті
2022 жылғы 1 ақпанда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтіп, келесі қаулылар қабылданды:
1. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Е.Ж. Қошановты тіркеу туралы
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 12, 45, 46-баптарына, 97-1-бабының 5, 6-тармақтарына, 98-бабына сәйкес және «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігінің Саяси кеңесі Бюросының 2022 жылғы 31 қаңтардағы № 002PQ қаулысынан үзінді көшірмеге сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы қаулы етті:
1) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутатының бос мандаты «Nur Otan» партиясы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Ерлан Жақанұлы Қошановқа берілсін.
2) Ерлан Жақанұлы Қошанов Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып тіркелсін.
3) Ерлан Жақанұлы Қошановқа белгіленген үлгідегі тиісті куәлік пен омырауға тағатын белгі тапсырылсын.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабына, «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 24-бабы 3 және 8-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы қаулы етті:
1) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулиннің өтініш беруіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкелетін негіз туындады деп белгіленсін.
2) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Н.З. Нығматулиннің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы ұсыным Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілсін.