07.06.2019 16:40 |
![]() |
Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттар жүргізген сайлауалды үгіт қорытындылары, сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығы туралы
2019 жылғы 7 маусымда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, оған саяси партиялардың, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ, ТМД және ТүркПА миссияларының өкілдері қатысты.
Отырыста екі мәселе қаралды: Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттар жүргізген сайлауалды үгіт қорытындылары туралы. Сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындығы туралы.
Сайлауалды үгіт жүргізу қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Нұргүл Өсербайқызы Мәуберлинова «Кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау алдындағы үгіт іс-шаралары туралы ақпарат тарату қорытындылары туралы» баяндамасымен сөз сөйледі.
Өз баяндамасында ол электораттық науқанды жариялау бойынша 802 бұқаралық ақпарат құралдары қамтылғанын хабарлады. Мониторинг нәтижелері бойынша бүгінгі күні БАҚ-тың барлық түрлері бойынша 16 мыңнан астам ақпараттық материалдар шықты.
Министрлік ОСКмен бірлесіп сайлауға дайындық және оны өткізу барысы туралы сайлаушыларды хабардар ету бойынша үлкен жұмыс жүргізді. БАҚ-та сайлауға қатысудың ұйымдастырушылық, құқықтық, рәсімдік аспектілерін халыққа түсіндіруге арналған бес мыңға жуық материал жарияланды. Сондай-ақ республикалық және өңірлік телеарналарда 13 бейнероликтің ротациясы қамтамасыз етілді.
Кандидаттардың қызметін жария етуге және БАҚ-қа тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге келетін болсақ, мониторинг деректері бойынша заң талаптары республикалық деңгейде толық көлемде орындалды. Республикалық телеарналар бойынша кандидаттарды жария ету тең жағдайда өтті. Орташа алғанда, әрбір кандидаттың үлесі 14,3%-ды, республикалық баспа басылымдары бойынша 13,5% – дан 17% - ға дейін, интернет-ресурстарда 13% - дан 17% - ға дейін құрады.
«Сайлау алдындағы үгіт кезеңінде заңдылықты қамтамасыз ету мәселесі бойынша прокуратураның қабылдаған шаралары» туралы Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Болат Бекназарұлы Дембаев сөз сөйледі.Оның баяндамасына сәйкес сайлауалды үгіт жүргізу кезінде тек қана жекелеген бұзушылықтар анықталды.
Көптеген бұзушылықтар қоғамдық пікірге сауалнама жүргізумен байланысты. Осыған байланысты прокуратура 3 азаматқа және 4 заңды тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғады.
Тағы бір бұзушылық Президенттікке кандидаттардың бірінің үгіт материалын қасақана бүлдіру фактісіне қатысты. Аталған факт бойынша Астана қаласының тұрғынына сот айыппұл салды.
Сайлау учаскелерінің дауыс беру күніне дайындық мәселесі бойынша (бюллетеньдерді жеткізуге, учаскелерде ақпараттық және әдістемелік материалдардың болуына қатысты) бейнеконференция байланысы режимінде аумақтық сайлау комиссияларының өкілдері баяндады.