06.06.2019 11:30 |
![]() |
Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Берік Имашев Нұр-Сұлтан қаласында Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің делегация басшысы – ТМЫК Бас хатшысының орынбасары Гизмат Гозаловпен кездесті
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Берік Мәжитұлы Имашев 2019 жылғы 6 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің делегация басшысы – ТМЫК Бас хатшысының орынбасары Гизмат Гозаловпен кездесті.
ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасы бойынша 2009 жылғы 3 қазанда Нахчыван қаласында (Әзірбайжан Республикасы) Түркітілдес мемлекеттер басшыларының IX Саммитінде Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесін құру туралы келісіміне (ТМЫК немесе Түркі кеңесі) қол қойылған болатын. Қазіргі таңда Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия ТМЫК мүшелері болып табылады. Венгрия байқаушы ел болып табылады.
ОСК Төрағасы кездесуде ТМЫК делегациясын 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын даярлау процесімен таныстырды.
Өз кезегінде, Гизмат Гозалов ТМЫК делегациясын таныстырып, ТМЫК байқаушыларының Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы жұмыстарының басталғанын, сондай-ақ ағымдағы жылдың 10 маусымында ТМЫК сайлауды байқау қорытындылары бойынша баспасөз-конференциясын өткізетіні туралы хабарлады.
Кездесу соңында екі тарап бір-біріне өз жұмыстарында өзара табысқа жетуді тіледі.