15.05.2019 16:20 |
![]() |
Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін дайындау, беру және есепке алу туралы
2019 жылғы 15 мамырда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті, оған бірқатар саяси партиялар мен ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссияларының өкілдері қатысты. Отырыста мынадай мәселе қаралды:
Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін дайындау, беру және есепке алу туралы.
Төраға орынбасары Константин Викторович Петров өз баяндамасында заңнамада дауыс беру күні тұрғылықты жері бойынша келуге мүмкіндігі жоқ болғанымен, дауыс беруге мүмкіндігі бар екендігі көзделгенін хабарлады.
Жалпы жұрттың танысуы үшін сайлаушылар тiзiмдерiн ұсыну мен сайлау күні арасындағы кезеңде сайлаушы өзінің болу орнын ауыстырған кезде учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушыға дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін табыс етедi.
Ағымдағы кезектен тыс сайлау кезінде ОСК дайындалған, учаскелерге жіберілген, пайдаланылған және пайдаланылмаған есептен шығару куәліктерінің санын есепке алу және бақылау бойынша іс-шараларды қабылдады.
Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін беру және есепке алу қағидаларына енгізілген түзетулерге сәйкес өңір бойынша АСК сайлаушы азаматтарының бірыңғай электрондық тізіліміне сәйкес сайлаушылардың жалпы санының 1 %-нан аспайтын есептен шығару куәліктерін дайындауды қамтамасыз етеді, ол туралы бір күн ішінде Орталық сайлау комиссиясына хабарлайды.
Сонымен бірге АСК қосымша қажеттілік туындаған жағдайда ОСК келісімімен жазбаша түрде себептерін көрсете отырып, дауыс беру басталғанға кемінде үш күн қалғанда қосымша есептен шығару куәліктерін дайындау туралы шешім қабылдайды.
Бұл ретте облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссиялары есептен шығару куәліктерін дауыс беру күніне кемінде жиырма күн бұрын (20 мамыр) төмен тұрған аумақтық сайлау комиссияларына бөледі және жібереді, ал төмен тұрған аумақтық сайлау комиссиялары есептен шығару куәліктерін дауыс беру күніне кемінде он алты күн бұрын (24 мамыр) учаскелік сайлау комиссияларына бөледі және жібереді.
Есептен шығару куәліктерін беру жоғарыда көрсетілген қағидаларға сай нысан бойынша қабылдау-беру актісімен ресімделеді, оған жоғары тұрған және төмен тұрған сайлау комиссияларының төрағасы және хатшысы қолдарын қояды, кейіннен олардың мөрлерімен расталады.
Учаскелік сайлау комиссиясы есептен шығару куәліктерін беруді сайлаушының тіркелген орны бойынша жүзеге асырады. Бұл ретте сайлаушылар тізімінде тиісті белгі қойылады.
Бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға есептен шығару куәлігі табыс етілмейді.
Есептен шығару куәлігі сайлаушыға оның есептен шығару куәлігін алу жөніндегі өтініші негізінде (не оның өкіліне сенімхат бойынша) оның жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі бойынша беріледі.
Учаскелiк сайлау комиссиясына келіп түскен өтініш бойынша есептен шығару куәлігін толтыруды комиссияның төрағасы немесе мүшесі сайлаушының қалауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілінде жүргізеді.
Есептен шығару куәліктерін беру дауыс берілетін күннің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде тоқтатылады.
Дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретін күнi сайлаушыны оның келген орны бойынша сайлау учаскесiндегi сайлаушылар тiзiміне енгізедi.
Учаскелік сайлау комиссияларында пайдаланылмаған есептен шығару куәліктерін тиісті учаскелік сайлау комиссиясы дауыс берілетін күннің алдындағы күні сағат 18-ден кейін жоюға тиіс және дауыс берудің қорытындылары шығарылған соң жоғары тұрған сайлау комиссиясына береді.
Аудандық, қалалық, қаладағы аудандық сайлау комиссиялары тиісті жоғары тұрған сайлау комиссияларына пайдаланылмаған есептен шығару куәліктерін жою туралы актілерді қоса тіркей отырып, есептен шығару куәліктерінің пайдаланылғаны туралы есеп береді.
Бұдан басқа, УСК дауыс беру нәтижелері туралы және АСК дауыстарды санау нәтижелері туралы хаттамаларында мыналар:
1) есептен шығару куәліктерінің негізінде дауыс берген сайлаушылардың саны;
2) учаскелік сайлау комиссиясы актілер бойынша алған есептен шығару куәліктерінің саны;
3) УСК дауыс берілетін күннің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18.00-ге дейін берген есептен шығару куәліктерінің саны;
4) дауыс берілетін күннің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18-ден кейін пайдаланылмаған және акт бойынша жойылған есептен шығару куәліктерінің саны көрсетіледі.
Осыған байланысты, Орталық сайлау комиссиясының иелігінде бүкіл республика бойынша дайындалған, учаскелерге жіберілген, берілген, жойылған есептен шығару куәліктері туралы мәліметтер болады.
Бұл шаралар сайлаушыларға өздерінің сайлау жөніндегі конституциялық құқықтарын жүзеге асыруда қосымша қолайлық жасауға мүмкіндік береді, сондай-ақ дауыс беру құқығына арналған есептен шығару куәліктерін жасауды, оларды беруін және есепке алуын бақылауын қамтамасыз етеді.